Әлия Назарбаева «РОП операторының» соңғы бенефициары – депутат

1372
Adyrna.kz Telegram

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Атырауда «Аманат» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл республикалық кеңесінің көшпелі отырысында куәгерлердің РОП операторының соңғы бенефициары ретінде Әлия Назарбаеваны көрсеткенін айтты, - деп хабарлайды "Адырна" тілшісі партияның сайтына сілтеме жасап.

Саиров партия кеңесінің құрамында белгілі заңгерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, парламент депутаттары бар екенін баса айтты. Оның айтуынша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесі өз жұмысы барысында өңірлердің проблемаларына ғана емес, қоғамда кеңінен талқыланып жатқан резонанс тудыратын мәселелерге де назар аударады. Осы орайда кеңес төрағасы «РОП операторына» қатысты мәселеге назар аударды.

"Әділетті Қазақстан шындыққа және заңды қатаң сақтауға негізделген. Барлығы заңға сәйкес болуы керек. Баршамызға белгілі, жақында "РОП операторы" деп аталатын ұйымның бірқатар басшылары қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сот процесінде көптеген куәгерлер сыбайлас жемқорлық арқылы табылған қаражаттың түпкілікті пайда алушысы Әлия Назарбаева екенін көрсетті. Бірақ сот та, Бас прокуратура өкілдері де процесс барысында бұл азаматтардың уәжіне назар аудармады», - деді депутат.

Сондай-ақ ол бұл мәселе кеңестің бақылауында болатынын, Бас прокуратураға тиісті хат жолданатынын баса айтты.

Пікірлер