"Алашордадан" "Абай жолына" дейінгі өмір. Бүгін - Мұхтар Әуезовтің туған күні

4855
Adyrna.kz Telegram

Бүгін - қазақ халқының мәдени, әдеби даму тарихында жазушы, драмашы, публицист, зерттеуші, аудармашы әрі аса ірі қоғам қайраткері Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туған күні. Алғашқы пьесаның авторы Мұхтар Омарханұлының туғанына 126 жыл толды.

Қазақ әдебиетінің классигі, қоғам қайраткері Мұхтар Омарханұлы Әуезов бұрынғы Семей уезі, Шыңғыс болысындағы Қасқабұлақ деген жерде туған. Семей қаласында медреседе, онан соң бес кластық орыс мектебінде, ал 1915–1919 жж. мұғалімдер семинариясында білім алған. 1917 жылы семинарияда оқып жүрген кезінде халық аңызы бойынша «Еңлік–Кебек» пьесасын жазады. Бұл қазақ ұлттық драмасының қарлығашы еді. Осы пьесасы мен 1921 жылы жазылған «Қорғансыздың күні» атты алғашқы әңгімесі арқылы өзінің жазушылық ерекше дарынын айқын танытты.

1930 жылдың 17 қыркүйегінде Ташкентте М.Әуезов тұт­қынға алынады. М.Әуезовтің тұтқындалуы «Алашорда» мен ұлтшыл контрреволюциялық ұйым­ның құрамында болған және соған қа­тысқан қазақ ұлтшылдарының ісі» деп атал­ған №2 370 тергеу ісі бойынша жүзеге асы­рыл­ды. 1930 жылдың 2 шілдесі мен 1931 жылдың 23 қыркүйегі аралығында тұтқынға алынған 20 қайраткерді қамтыған бұл саяси науқан алашордашыларға қатысты жүргізілген екінші ауқымды шара еді.

М.Әуезовке «астыртын контрреволю­ция­лық ұйымның Ташкент филиалының бас­шы­сы» деген айып тағылады. Онымен бірге Таш­кент филиалының мүшелері ретінде Иса Қаш­қынбаев, Жұмахан Күдерин, Қошке Ке­меңгеров, Нашир Қожамқұлов, Мұстама Бұ­рал­­қиевтер де аталып, барлығы да тұтқын­далған болатын. 1930 жылдың 1 қазаны күні Алматы қа­ла­сында Қазақ Автономиясының құрыл­ға­ны­на 10 жыл толуына орай салтанатты жиын өтіп, БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің жауап­ты хатшысы Ф.Голощекин көлемді баян­да­ма жасайды. Партия және кеңес белсенділері ал­дында Ф.Голощекин тергеудегі ұлтшыл­дардың жауаптарына сілтеме жасай отырып, М.Әуезовті «Ә.Бөкейханов идеяларын жүзеге асырушы «алашшыл», «оңшыл», «ұлтшыл» деп айып­тайды.

Қазақстандағы Ерек­ше Мемлекеттік саяси басқарманың төтен­ше өкілеттігі жанындағы үштіктің мә­жілісі төмендегідей үкім шығарды: «№2370 іс бойынша: Әуезов Мұхтар – үш жыл концлагерьге қамалсын, уақыты 1930 жылдың 8 қаза­нынан бастап есептелсін. Ермеков пен Әуезовтің үкімі шартты деп есептелсін». Репрессиялық машина тоқтаусыз жұмыс істеп, таптық, ұлтшылдық, мемлекетшілдік, тәуел­сіздік туралы ой айтқан жандарды жазалау дер­ті мейлінше асқынып тұрған тұста салыс­тырмалы түрде мұндай жеңіл үкімнің шығуы шын мәнінде зор жеңіс болатын. Осы үкімнің арқасында 1932 жылдың 20 сәуірінде бір жыл жеті ай қамауда болған М.Әуезов бостандыққа шығады.

Мұхтар Омарханұлы 15 жыл бой «Абай жолы» атты өзінің 4 томдық даңқты тарихи романэпопеясын жазды. Мұның «Абай» аталған бірінші кітабы 1942 жылы, екіншісі 1947 жылы жарық көрді. Орыс тіліне аударылған. «Абай» романының екі кітабы 1949 жылы 1дәрежелі КСРО Мемлекеттік сыйлығын алды. Төрт кітаппен біткен эпопея 1959 жылы Лениндік сыйлыққа ие болды. «Абай жолы» 30 тілге аударылып, дүйім дүние оқырманынан өте жоғары баға алды. Әдеби еңбегі үшін жазушы 1957 жылы Ленин орденімен марапатталды. 1961 жылы 27 маусымда қайтыс болғаннан кейін, республика үкіметінің қаулысымен Қазақ КСР ҒА Әдебиет және өнер институтына, Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрына Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің есімі берілді.

Пікірлер