Тоқаев: Ресеймен толыққанды ынтымақтастық бағытын берік ұстанамыз

1910
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға ресми сапары барысында ҚазАқпараттың Берлиндегі меншікті тілшісіне эксклюзивті сұқбат берді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Ресеймен толыққанды ынтымақтастық бағытын берік ұстанатынын атап өтті.

«Бұл елмен бізді әлемдегі ең ұзын шекара біріктіреді. Баспасөз мәслихатында айтқанымдай, бізде әртүрлі салалардағы, соның ішінде сауда және гуманитарлық байланыстардағы ынтымақтастықтың ежелден қалыптасқан дәстүрі бар. Санкцияларға келетін болсақ, БҰҰ Бас Ассамблеясының жақында өткен сессиясында және басқа да сөйлеген сөзімде санкциялық текетірес жаһандық дағдарыстың шиеленісуі жағдайында эрозияға ұшыраған халықаралық қатынастарды жақсарту тұрғысынан мүлдем кері нәтиже беретінін атап өттім. Қазақстанда санкциялық шектеулерге жататын тауарлар жоқ. Қазақстан сондай-ақ Ресейге параллель деп аталатын импортқа қатыспайды»,—деді ол.

Президент дәстүрлі тауарлар саудасына да тоқталды.

«Дәстүрлі тауарлар саудасына келер болсақ, ол өсіп, өткен жылы Қазақстан – Ресей тауар айналымының көлемі 25 млрд долларға жетті.

Жақында Астанада «Иннопром» көрмесі сәтті өтті. Оған премьер-министр Михаил Мишустин бастаған ресейлік делегация келді. Бұл ретте Қазақстан санкциялық шектеулерді ескеруге мәжбүр және бұл мәселе бойынша тиісті халықаралық ұйымдармен байланыста.

Мүмкіндікті пайдалана отырып, мен дипломаттарды Ресей мен Украина арасындағы бейбітшілік туралы келіссөздер үшін өзара қолайлы негіз табуға назар аудартқым келеді. Бұл өте маңызды. Өйткені әлем адамзаттың көпшілігі үшін салдары апатты болатын және өлімге әкелетін қақтығыстың қауіпті нүктесіне жақындады»,—деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Пікірлер