Ақтөбеде жаңа туған сәбиін шайханаға тастап кеткен ана іздестіріліп жатыр

1420
Adyrna.kz Telegram

Ақтөбеде әйел жаңа туған баласын кафеде қалдырып кеткен. Анасы үш апталық сәбиді шайхана қызметкеріне бірнеше минутқа қарай тұрыңыз деп қалдырып, қайта оралмаған, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Оқиға 29 қыркүйек күні орталық базар аумағындағы шайханада болған.

«Оқиға орнына келген ювеналды полиция қызметкерлері сағат 10:00-де 44 жастағы шайхана қызметкеріне анасы үш апталық қызын қалдырғанын анықтады. Ол танысымнан ақша алып келемін деген сылтаумен әйелге бірнеше минут баласына қарай тұруын өтінген. Кешке дейін күткеннен кейін әйел полицияға қоңырау шалған», –  деді полиция қызметкерлері.

Аталған оқиғадан соң, баланы бөлімге жеткізіп, жедел жәрдем бригадасын шақырған.

Дәрігерлердің айтуынша, сәбидің жағдайы тұрақты. Полиция инспекторы баланың жөргегін ауыстырып, сүт қоспасымен тамақтандырып, сәбилер үйіне жеткізген. Қазіргі уақытта баланы тастап кеткен әйелді іздестіру бойынша жедел іс-шаралар жүргізіліп жатыр.

 «Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер