Көшпендінің ұрпағы аттың атын білмейді

2103
Adyrna.kz Telegram

Бір жерде арғымақты «тұлпар» деп беріпті. Жер шарында жылқының 250-ден астам түрі бар екен. Соның ішіндегі ең асыл тұқымдысы 7 түрге бөлінеді – пырақ, дүлдүл, сүйгүлік, күлік, тұлпар, арғымақ, қазанат болып. Біз қазір кезінде қазақ даласының сәні болған осылардан түгел айырылып қалдық. Репрессия, кәмпескелеу, азаматтық соғыс кезінде осының бәрінің көзін құртып, қалғанын етке өткізіп жіберген.

Біздің қазіргі мініп жүргеніміздің бәрі жаман жабылар. «Жал-құйрығы қаба деп - жабыдан айғыр салмаңыз, Қалың малы арзан деп - жаманнан қатын алмаңыз. Жабыдан айғыр салсаңыз - жауға мінер ат тумас, Жаман қатын алсаңыз - топқа кірер ұл тумас» деген сөз бар. Қазір ат жарыстарда бәйгені бермей жүргендерді сәйгүлік, тұлпар деп көтермелеп айтып жүр. Құжатын қарасаңыз, «Әкесі дончак. Шешесі – ағылшын. Өзі тұлпар» деп жазып қояды. Қазақтар оны «шата» дейді.

Арғымақтар бізден басқа кейбір елдерде бар. Түрікпендердің Ақалтеке, Текежәуміт, әзірбайжандардың – Деливоз, Қарабақ детін арғымақтары бар. Ағылшындардың да атақты арғымағы, арабтардың да өз арабысы бар. Жылқының басқа асыл тұқымы еш жерде қалмаған. Бірақ осы жеті тұқымы да кезінде қазақта болыпты. Қазақ қана олардың әрқайсысына ат қойып, бөлектеп атаған. Жорыққа тұлпар мініп шыққан. Баланы жастайынан (ондай баланы Алғадай деп атаған) батырлыққа баулып, есейгенде оған алымды, адуынды тұлпар мінгізеді екен. Ол тұлпарды қаншама жылқының ішінен мыңдаған бас беріп жүріп таңдап алыпты. Сәйгүлік пен арғымақ шабысқа жақсы. Тұлпардың мойны аққудың мойны секілді иіліп тұрады екен. Арғымақтардың кеудесі үлкендеу болады. Арғымақты «қазмойын» дейді. Сәйгүліктердің тұрқы ұзын болып келеді. Қазанатқа көбіне бәйбішелер мініп жүрген екен. Күлік дегенінің шашасы болады. Семей жақта «күлік мінген Күшікбай» деген атақты батыр болған. Қызық болса, кейін жазамын..

Жолымбет Мәкіш

Пікірлер