Орталық Азия елдерінде "экстремистік" деп танылған ағымдар қалай ауыздықталды? Өзбекстан мысалы негізінде

13822
Adyrna.kz Telegram
culture.ru
culture.ru

Қазіргі таңда көптің қорқынышына айналған экстремизммен әлемнің әрбір елі күресіп әлек. Орталық Азияда діни-экстремистік күштер әлі күнге дейін кең етек алғанын жоққа шығара алмаймыз.

Олар қаншама жыл Орта Азияда исламдық діни мемлекеттер құруды жақтап, зайырлы режимдерді қабылдай алмады және зорлық-зомбылық пен террорды пайдалана отырып, қолданыстағы мемлекеттік жүйені құлатуға тырысты.

Дәл сол сияқты 1996 жылы Талибандар билікті басып алған уақытта Орталық Азиядағы қауіпсіздік жағдайы одан әрі қиындай түсті.  "Талибандар солтүстікке қарай бет алуы мүмкін" деген қауесет Орталық Азия елдерін көпке дейін үрейлендіріп келді. Алайда осы жағдайларды "әл-Каида", Өзбекстанның Исламдық қозғалысы, "Хизб ут-Тахрир" және Шығыс Түркістанның Исламдық қозғалысы сияқты көптеген аймақтық және жаһандық террористік ұйымдар тиімді пайдалануды көздеп, Ауғанстаннан пана іздеді . Ауғанстан жоғарыда аталған үш күштің орталығына айналды.

 

“Іштен шыққан жау жаман” деп бекер айтпайды. Мәселен, Тәжікстанның тәуелсіздігі үшін бес жылға созылған азаматтық соғыста  ондаған мың адам қаза тауып, жараланды. 2005 жылғы мамырда Андижандағы (Өзбекстан) тәртіпсіздіктер кезінде кем дегенде 169 адам ажал құшты. 2010 жылдың сәуірінде демонстранттар мемлекеттік телеарнаны, Парламентті және үкіметтік ғимараттарды басып алып, президент сарайын тонап, өртеп жіберген Бішкектегі (Қырғызстан) тәртіпсіздіктер кезінде 65 адам өліп, 400-ден астам адам жараланды. 2010 жылғы маусымда Ош қаласындағы (Қырғызстан) тәртіпсіздіктер мен этносаралық қақтығыстар кезінде кем дегенде 124 адам қаза тауып, 1500 азамат жарақат алды. Өзбекстанның мәліметінше, 500-ден астам этникалық өзбектер мен 100 000-нан астам босқындардың өлгені анықталды. 2011 жылғы желтоқсанда Қазақстандағы Жаңаөзендегі тәртіпсіздіктер нәтижесінде 70-тен астам адам қаза тауып, жүздеген адам жараланды. 2022 жылғы қаңтардағы Алматыдағы тәртіпсіздіктер туралы әлі де түрлі сот процестері жүргізіліп келеді. Бұл қайғылы жағдайда 225 адам қаза тауып, 4300-ден астам адам жарақат алды. Бұл оқиғалардың барлығында зорлық-зомбылық, тәртіпсіздіктер, ұрлық-қарлық, тонау, өртеу, қирату сияқты қатігездіктердің болғаны белгілі. Ал осының барлығы өз кезегінде ұлттық қауіпсіздікке, әлеуметтік тұрақтылыққа және адамдардың әл-ауқатына үлкен зиян келтірді, тіпті мемлекеттік билікке қауіп төндірді.

Тәуелсіздік алғаннан бері Орталық Азияның барлық елдері діни экстремизм қаупіне тап болды және олардың әрқайсысы онымен өзінше күресті.

Тәуелсіздік алғаннан кейін барлық дерлік мұсылман республикаларында дінге бетбұрыс жасалып, жаңа ұйымдар пайда болды. Әсіресе   исламдық дәстүрлерін, сондай-ақ патриархалдық өмір салты сақталған  Өзбекстанның аймақтарында бұл процесс қарқынды жүрді. Мұның бәрі Таяу шығыстағы, Оңтүстік Азиядағы экстремистік орталықтардан миссионерлердің жаппай ағылып келуіне себеп болды. Көп ұзамай бұл мемлекет діни білім іздеген жастарға толды. Ең бастысы, оқуға байланысты барлық қаржылық шығындарды қабылдаушы тарап көтерді.

Алайда көп ұзамай шетелде моральдық тұрғыдан жетілмеген өзбек ұлтының жастары өздері қалаған дұрыс ілімді игермегені белгілі болды. Пәкістандағы, Сауд Арабиясындағы, Египеттегі, БАӘ-дегі, Кувейттегі және басқа да көптеген елдердегі діни семинарлардың түлектері Отандарына мүлде басқаша көзқараспен оралды. Дәлірек айтқанда, Өзбекстан исламды радикалдандыру қаупімен бетпе-бет келді. Процестің қосымша катализаторы - аймақтағы діннің тұрақсыздығы мен саясаттану ошақтарына Тәжікстан мен Ауғанстанның ықпалы болды. 1992 жылдың мамыр айында Ресеймен бірге Өзбекстан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымын (ҰҚШҰ) құруға бастамашы болды. Негізгі мотив - Ауғанстандағы қауіптің алдын алу.

Мұның бәрі 130-дан астам ұлт өкілдері тұратын және 16 конфессия бар көпұлтты республика үшін елеулі қауіпке айналды. Сондықтан Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримов ТМД кеңістігінде діни экстремизмге қарсы іс-қимыл мәселелеріне аса мән берді. Ол экстремизмнің әртүрлі көріністеріне, соның ішінде оны қаржыландыру көздеріне әкімшілік-қылмыстық жауап берудің қатаң жүйесін қалыптастыратынын жеткізді. Саяси ислам идеологиясын қабылдаған және осы негізде конституцияға қарсы тәртіпті өзгертуге шақырған барлық партиялар мен қозғалыстардың қызметі қатаң және қысқа мерзімде тоқтатылды.

1990 жылдардың ортасына қарай Ташкент экстремистермен күресудің екінші кезеңіне кірісті. Яғни Египетте, Ливияда, Пәкістанда, Сауд Арабиясында, Түркияда, Біріккен Араб Әмірліктерінде, Кувейтте діни семинарларда оқыған Өзбекстанның барлық азаматтары елге мәжбүрлі түрде қайтарылды.  Республика билігі діни бостандықтарды бұзғаны үшін халықаралық құқық қорғау ұйымдары тарапынан сынға ұшырады. Бірақ Ислам Каримов табандылық танытты.

Келесі қадам ретінде Президент Өзбекстан мұсылмандары басқармасының  өкілеттігі мен қаржыландыру көзін арттыра түсті. Оның орнына дінді саясаттандырудың кез-келген әрекетін қатаң түрде тоқтатуды және өзбек халқы үшін дәстүрлі рухани құндылықтарды насихаттаумен айналысуды талап етті. Нәтижелерге жылдам қол жеткізді. Билік ресурсына сүйенетін молдалар республикадағы бірқатар күмәнді діни ұйымдардың, әсіресе осы тұрғыдан ең осал Ферғана алқабының лицензиясынан айырылуына және жабылуына ықпал етті.

Өзбекстан ең тиімді әдіс ретінде "Махалля" ұғымын пайдаланды. Терминнің мағынасы жергілікті өзін-өзі басқарудың прототипіне айналған “жергілікті учаскелер” дегенді білдіреді. Бұл жердегі ақсақалдар кеңесі мен оның басшысы қоғамдағы тәртіп үшін жауап береді. Яғни туындаған даулар мен тұрмыстық қақтығыстарды шешеді, ең бастысы күш құрылымдарымен тығыз жұмыс істейді. Әрбір махалланың өз мешіті, ішкі мәдени ортасы, сондай-ақ жатақхана ережелері бар. Барлығы бір-бірін білетін осындай махаллаларда
бейтаныс адамдарды, кез-келген жағымсыз немесе күдікті элементтерді табу оңайға соқты.Махалла арқылы ұлттық дәстүрлерді сақтау және тіпті дәріптеу арқылы Өзбекстан билігі діни жағдайды тағы бір бақылауға алды.

1990-жылдары Өзбекстан қоршаған әлемнен ішінара оқшауланып, полицияның маңызы жоғары қатаң тәртіпті мемлекет құрды. Бұған демократиялық реформаларды қысқарту, сөз бостандығын, митингілер мен шерулерді нақты жою, шекаралар мен кедендік бақылауды күшейту, көршілермен саяси және сауда байланыстарын шектеу, командалық-жоспарлы және сонымен бірге өзін-өзі қамтамасыз ететін экономика құру жатады. Азаматтардың шетелге көшуін бақылау бөлігінде Өзбекстан ұзақ уақыт бойы кеңес дәуіріндегі "Виза" жүйесін де сақтап келді.

Әрі қарай Өзбекстан үлкен мемлекеттермен осы қауіптің алдын алу үшін келісімшарттар жасады. 2000 жылы Ташкентте Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан арасында "терроризмге, саяси және діни экстремизмге, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жөніндегі бірлескен іс-қимыл туралы" келісімге қол қойылды.

Алайда билікке тәлібтердің келуі арқылы Ауғанстаннан төнген қауіп күшейе түсті. Оның шарықтау шегіне жеткен уақыты - 2004 жыл.

Оған дейін мынандай ірі оқиғалар орын алды:

-1999 жылдың ақпанында экстремистік күштер Өзбекстан президенті Ислам Каримовқа қастандық ұйымдастырды. Президенттік кортеждің жолында алты бомба жарылып, бірақ Президент аман қалды.

- 1999 жылдың жазында және 2000 жылдың көктемінде бірнеше қарулы топтар Қырғызстан мен Өзбекстанға соққы беріп, Орталық Азия елдерін дүр сілкіндірді.

- 2004 жылы наурызда террористер Өзбекстандағы Ташкент пен Бұхарада жарылыстар ұйымдастырып, жиі шабуылдар жасап тұрды. Террористік, сепаратистік және экстремистік күштер Орталық Азия елдері үшін үлкен проблемаға айналды.

2016 жылы Өзбекстанда жоғарғы билік өзгерді. Шавкат Мирзиёев республиканың тізгінін өз қолына алды. Оның тұсынжа негізгі екпін репрессиялық-күштік аппаратқа жасалды. Әлемдегі және Орталық Азия өңіріндегі қиын жағдайды ескере отырып, 2017-2021 жылдары даму стратегиясына экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралар енгізілді: жаңа қорғаныс Доктринасы, "экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы", "Ішкі істер органдары туралы", "Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі туралы", "Ұлттық ұлан туралы" заңдарды күшейтті. Радикалды идеялардың ықпалына түскен адамдарға қатысты Қылмыстық кодекстің бірқатар баптарына түзетулер енгізді. Мәселен, егер 2016 жылға дейін террористік әрекетке байланысты істер бойынша судьялар ұзақ мерзімге (5 жылдан 15 жылға дейін) бас бостандығынан айыруды тағайындаған болса, бүгін де соттар шартты мерзімдермен немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айырумен шектеледі. Сондай-ақ, заңсыз діни ұйымдарға қатысқан қылмыстық іс қозғаушыларды сот залынан жоғарыда махалладағы аталған ақсақалдар кеңесінің шешімімен босатылады.

Экстремизм мен терроризм үшін айыпталған адамдарға кешірім жасау тәжірибесіне байланысты іс-шараларға да ерекше ден қойылды. Шавкат Мирзиёевтің бастамасы бойынша "қара тізімдер" қайта қаралды. 2017 жылдан бастап мұндай тізімдерден 20 мыңнан астам адам шығарылды. Экстремизм үшін жазасын өтеп жатқан 4 мыңнан астам адамға қатысты кешірім жасалды. Кешірім актісінің өзі адасқан адамдардың дұрыс жолға түсіп, жаңа өмір бастауына үлкен мүмкіндік берді.

Бүгін де құқық қорғау органдарының баспасөз қызметтері БАҚ және блогерлермен тығыз жұмыс істейді.

Тағы бір тәжірибедегі ерекше әдістердің бірі - Өзбекстанда Сирия, Ирак және Ауғанстандағы соғыс аймақтарында болған азаматтардың істерін тергеу жөніндегі арнайы комиссия жұмыс істейді. Жаңа тәртіпке сәйкес, ауыр қылмыс жасамаған және соғыс қимылдарына қатыспаған адамдар қудаланбауы және босатылуы мүмкін. Бұл Таяу Шығыс пен Ауғанстандағы қарулы қақтығыстар аймақтарынан Өзбекстан азаматтарын репатриациялау бойынша "Мехр" гуманитарлық акциясын іске асыруға мүмкіндік берді. 2017 жылдан бастап елге Өзбекстанның 500-ден астам азаматы, соның ішінде әйелдер мен балалар көп қайтарылды. Оларды қоғамға кіріктіру үшін білім беру, медициналық және әлеуметтік бағдарламалар, оның ішінде тұрғын үймен қамтамасыз ету және жұмысқа орналастыру сияқты жағдайлар жасалған.

Жастар арасында діни экстремизмнен алдын алу жөніндегі шаралар кешені (Жұмыспен қамтудың өсуі, діни сауаттылықтың жоғарылауы) 30 жасқа дейінгі адамдар арасында тіркелген террористік бағыттағы қылмыстар санының 2017 жылмен салыстырғанда 2020 жылы екі есеге төмендеуіне әкелді.

Бұл ретте мемлекеттік органдар Халықаралық Ислам академиясымен, Имам Бухари, Имам Термизи, Имам Матруди және басқалардың ғылыми-зерттеу орталықтарымен тығыз өзара іс-қимыл жасайды. Сонымен қатар, Өзбекстанның барлық дерлік аймақтарында дәстүрлі ислам негізінде жергілікті кадрлар дайындалатын "Фикх", "Калом", "Хадис", "Акида" және "Тассауф" қоғамдық ғылыми мектептері жұмыс істейді.

Осылайша Өзбекстан Тәуелсіздік алғаннан бастап діни экстремизмге қарсы тұруда күрделі әрі қиындыққа толы жолдан өтті. Либералды саяси жүйе мен нарықтық экономиканың дамуынан бұрын дінді саясаттандырудан туындайтын көптеген қауіп-қатерлерді азайтты.

 

Пікірлер