Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі мен съезд қорытындысы бойынша қабылданған Декларацияның маңыздылығы туралы

1442
Adyrna.kz Telegram

Дін — әрқашан адамзат өмірінде маңызды рөл атқарушы құбылыс. Егер біз діндер арасындағы диалогты айтатын болсақ, онда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезінің мәні әлдеқайда кең екенін байқаймыз. Себебі, нақ осы діндермен байланысты өркениеттердің, мәдениеттердің, халықтардың диалогы маңызды.
Дінді саяси құрал ретінде пайдалану - халықаралық зорлық-зомбылыққа негізделген діни экстремизм мен терроризмнің өршуіне себеп болып отырғанын және дәстүрлі локалды этникалық, діни құндылықтарға өз залалы мен зиянын тигізіп жатқанын білеміз.

Діни негіздегі қақтығыстар әлемнің саяси картасында әлі де жойылған жоқ. Кейде басқа динамикаға ие болып, ескі қақтығыстар жаңа географиялық алаңдарға көшіп, жаңа кейіп пен формаларға ие болып жатыр.

Ал бұл ретте Қазақстанның Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съездерін, халықаралық саясаттағы Астана процесі деген атауға ие болған Сирия мәселесі бойынша келіссөздердің ұйымдастырушысы ретіндегі әлеуеті мен тәжірибесі үлкен.

2022 жылы 14-15 қыркүйек күндері елордамызда Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің кезекті VII съезі өтті. Елімізде әр үш жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп отырған халықаралық жиынның осы жолғы тақырыбы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің пандемиядан кейінгі кезеңдегі адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы рөліне арналды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, «бұл форумды өткізуге Қазақстанның бастамашылық етуі бекер емес. Себебі қазақ жері ғасырлар бойы Батыс пен Шығыстың арасындағы көпір болып келеді. Осында, яғни Ұлы дала төрінде небір алып көшпелі империялар өмір сүрген. Діни ұстамдылық – олардың бәріне ортақ сипат.

Съездің өткізілуі – еліміз бен бүкіл әлемде диалог пен ынтымақтастықты нығайтуды көздейтін Қазақстан саясатының маңызды бағыты. Бұған дейінгі форумдарда қабылданған декларацияларда қандай идеялардың атын жамылғанына қарамастан радикализм, зорлық-зомбылық пен қақтығыстар әрдайым сынға алынды. Қазіргі күрделі жағдайда діни көшбасшылардың бір үстел басына отырып, кез келген қайшылықты еңсеретін ізгі амалдың үлгісін күллі әлемге көрсетуі аса маңызды».

Бірнеше мәселе анық көрсетілген декларацияда діннің негізгі миссиясына қатысты өте маңызды жайт анық айтылған.

«Біз, экстремизм, радикализм, терроризм және зорлық-зомбылық пен соғыстардың барлық басқа түрлері, қандай себептер мен мақсаттар болса да, шынайы дінге ешқандай қатысы жоқ және оларды түбегейлі қабылдамау керек деп санаймыз» делінген декларацияда. Бүгінгі таңда исломофобия мәселесі әлемде өткір тұрғаны белгілі.

Исламды жамылған жат ағымдар тарапынан жасалып жатқан түрлі қауіпті экстремистік, террорлық қимылдар, оқиғалар – шынайы ислам дініне күйе жағуда. Әсіресе, батыста исламофобия жағдайы өршіп тұр. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі мен Съезд қорытындысы бойынша қабылданған Декларацияның маңыздылығы сол, маңызды құжат діннің негізгі міндеттеріне әлем назарын аударып қана қоймай, дүние жүзін қантөгіссіз әлем құруға үндеп отыр.
Қазақ халқында «Бір күн ұрыс болған үйден қырық күн береке кетеді» деген мақал бар. Ешқандай адам өз отбасында ұрыс-керіс, қантөгіс болғанын қаламайды. Ендеше, әрбір мемлекет ортақ Отанымыз болған жер ғаламшарының бір бөлшегі емес пе?!
Жер бетіне бейбіт өмір орнату – күллі адамзаттың қажеттілігі. Бұл – ортақ келісім мен өзара түсінік аясында орындалатын іс. Кез-келген келіспеушілік жағдай келісіммен, даналыққа негізделген диалог негізінде шешілуі ләзім. Жер бетіндегі ұлттар мен ұлыстар бір мақсатқа ұйысқанда әлемде береке орнайды.

Жер бетіне бейбіт өмір сыйлау – адамзаттың өз қолында. Қазақ елінің бастамасымен өтіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алқалы жиыны адамзатты бірлік пен ынтымаққа шақыратын берекелі алаң болып келе жатқаны – соның айғағы.

Қазіргі замануи геосаясат пен саяси құбылыстар өзгермелі сәтте диалог алаңдарының көптігі мен беделі біз үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін маңызды.

Атырау облысы Дін істері
басқармасының басшысы
Қайролла Көшқалиев

Пікірлер