Зайырлы қоғамдағы дін нормаларының мәселелері

10090
Adyrna.kz Telegram
фото: БРИКС
фото: БРИКС

Зайырлы қоғамдағы дін мәселесін публикалық тезге сала талдау және мемлекет саясатының бір бөлшегі есебінде тану, санау соңғы жылдары белең алып отыр.

Баршамызға белгілі, Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабы, 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» деген жолдар бар. Демек, азаматтардың өзі қалаған дінге сенуі конституциялық құқықтарына қайшы келмейді. Алайда зайырлы қоғам нормаларын алға тарта отырып, діни догманы қоғамдық санаға таңу қаншалықты дұрыс?

Зайырлы мемлекеттегі дін нормалары қалай болуы қажет?

Зайырлы мемлекет ұғымының түп-тамыры діни құқық тұрғысынан адамсүйгіштік құқығын басшылыққа алуда жатыр. Адам және адамның өмірінің құндылығы ғасырлар тереңінен зайырлы және құқықтық мемлекет құруға деген талпынысты туындатты. Зайырлы мемлекет – діни наным-сенімді адам болмысына тән қажеттіліктердің бірі ретінде қарастырып, құқықтық нормаларды басшылыққа алады. Зайырлы мемлекетте діни құқық емес, адамның дінге деген құқығы әлеуметтік заңдылықтар шеңберінде қарастырылады. Қазір біз осы ерекшеліктерді мемлекеттік саясаттың бір бөлігі ретінде зерделеп, зайырлы мемлекеттің даму жолын ұлттық идея негізінде құруымыз қажет.

Зайырлы мемлекетте азаматтық құқық пен заң алдындағы теңдік маңызға ие. Өйткені, бүгінгі таңда елімізде теріс пиғылды діни топтардың (әсіресе ислами теріс пиғылды топтар) теократиялық немесе клерикалды мемлекет құруға деген талпынысы зайырлылықпен тығыз байланыстағы құқықтық мәселелеріне, адамсүйгіштікке нұқсан келтіруі мүмкін.

Ашығын айту қажет, бүгінгі таңда еліміздің ішінде діни үгіт-насихат жұмыстарын екпіндете жүргізіп жатқан әртүрлі діни бағыттағы ұйымдар мен көптеген теріс пиғылды заңсыз миссионерлердің істері – халқымыздың, ұлтымыздың келешек болмысына, ата дініміздің бекіп өркендеуіне деген алаңдатушылығын туғызып отыр. Зайырлы мемлекеттегі дін нормалары озық, толерантты, ашық қоғамның жандануына қарама-қайшы келмеуі тиіс. Шындап келгенде, зайырлылық нормалары – құлшылық пен сенім бостандығы немесе мемлекет пен діннің өзара ажыратылуы ғана емес. Зайырлылықтың негізгі мақсаты жеке тұлғаны діндердің және иделогиялардың қысымынан құтқару. Ашық азаматтық қоғам өкілдерін адасудан сақтау және қоғамдық сананың салауаты үшін теріс пиғылды діни ағымдардың насихатына шектеу қою.

Зайырлы қоғам – құқықтық қатынастарды, адам мен адам өмірін, ой-санасының еркіндігін басшылыққа алатын құрылыс. Мұндай саяси құрылымда дін мәселесі әрбір азаматтың жеке басына қатысты құндылық есебінде танылады. Ал діни догманы мемлекеттік, қоғамдық институттар есебінен талап ету, мекемелерде міндеттеу тек біржақты қоғамдық ахуалды бағалауды алға тартқанмен тең. Зайырлы қоғамда діни сенім мемлекет саясатының негізгі буыны бола алмайды, толеранттылық пен адам құқықтары мемлекеттің қоғамдық-cаяси санатта дамуын жетілдіріп отырады.

Дастан Қастай

Пікірлер