Компартия хатшысының құжаттары Президент архивіне тапсырылды

1403
Adyrna.kz Telegram
Сурет: egemen.kz
Сурет: egemen.kz

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың құжаттары мемлекеттік сақтауға берілді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Егемен Қазақстанға сілтеме жасап.

Қазақстанның саяси тарихы көрініс тапқан құжаттарды Дінмұхамед Ахметұлының мұра­гері, «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының жетекшісі Диар Қонаев тапсырды. Осылайша, Президент Архиві мен Диар Ахметов арасында құжаттарды сыйға тарту келісімшарты жасалды.

Президент Архивінің директоры Әлия Мұстафина Д.Қонаев­тың құжаттарын өткізу­ге шешім қабылдағаны үшін Диар Асқарұлына алғысын білдірді. Мемлекет қайраткерінің жеке құжаттарын қабылдап алған архив директоры құнды дүниенің ретке келтіріліп, жүйеленетінін жеткізді.

– Бұл – Қазақстан халқының ұлт­тық мерекесіне айналған Рес­пуб­лика күнімен тұспа-тұс келген үлкен тарихи оқиға. Дінмұхамед Ахметұлының баға жетпес мұрасы Президент Архивінің құнды құжаттар қатарына қосылады. Құжаттар архивке берілгеннен кейін ғылыми сараптама жасалып, оларға өңдеу жүргіземіз, сондай-ақ кеңейтілген ғылыми-анықтамалық аппарат көмегімен толыққанды тізімдемелер жасаймыз. Барлық құжатқа сипаттама беріліп, олар мемлекет­тік есепке алынады. Құжат­тар негізінде Президент Ар­хивін­де Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың жеке тектік қоры жасалады. Бұл қайраткердің өмір­баянын толық зерделеуге мүм­кіндік береді. Сондай-ақ ел тарихына жаңа деректер мен дәйектер қосылатынын білдіреді, – деді Әлия Мұстафина.

Диар Ахметов Архивке тап­сырылған фотоальбомдар мен хаттардың бір легі ғана екенін, алдағы уақыт­та Д.Қонаевтың жеке архивін­де сақталған өзге де құ­жат­тар, зерттеу жұмыстары мен суреттері Президент Архиві­не берілетінін айтты.

«Бұл құжаттар мен фотоальбомдарды осы уақытқа дейін көзімнің қарашығындай сақтадым. Прези­дент Архивіндегі құжаттарды сақтау­дың талаптары мен шарттарын көріп, ұнаттым. Сондықтан тарихи құжаттар қауіпсіз әрі сенімді жер­де болуға тиіс деп шештім. Архивке берген хаттар мен фотосуреттердің көпшілігі еш жерде жарияланба­ған. Бұл – құжаттардың бір бөлігі ғана, алдағы уақытта өзге құжаттарды да Президент Архивіне өткіземін», деді Диар Қонаев.

Президент Архивіне тап­сырылған отбасылық және жұмыс сапары барысында түсі­рілген 80-ге жуық фотоальбом, қолжазбалар мен хаттарда қызықты мәліметтер бар.

Пікірлер