Қарағандыда тағы апат. Шахтада қаза тапқандар саны өсіп барады

3057
Adyrna.kz Telegram
фото: zakon.kz
фото: zakon.kz

Қарағанды облысында Костенко атындағы шахтада жарылыс болып, 11 адам қаза тапты. Бірақ қайтыс болғандар саны өсе бастады, деп  хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ баспасөз қызметініңің мәліметінше, шахтада метан жарылуы мүмкін.

«Костенко атындағы шахтада апат болған кезде 252 адам болды, 205 кенші жер бетіне шығарылды. 7 кеншінің мәйіті табылды. Апат орнында PVASS құтқарушылары жұмысын жалғастыруда. Штаб құрылды. Кеніште Қарағанды ​​облысының әкімі, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бірінші орынбасары, Қарағанды ​​облысының прокуроры, арнайы құқық қорғау органдары бар», – делінген компания хабарламасында.

Көп ұзамай облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев құрбандар саны 11 болғанын хабарлады.

«Түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға 18 адам жеткізілді. 09:00-дегі ақпарат бойынша. Кеншілердің жақындары мен туыстарына қайғыра көңіл айтамын», – деп жазды аймақ басшысы.

Қазір оқиға орнында 40 құтқарушы, 10 бірлік техника мен 3 психолог жұмыс істеп жатыр.

Айта кетейік, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ға қарасты Костенко шахтасында болған оқиғаға байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі мен Қарағанды ​​облысы төтенше жағдайлар департаменті ақпараттық-психологиялық қолдау көрсету үшін сенім телефондары іске қосылды: (8-7172) 70-41-08, (8-7212) 51- 72-23.

Ақорданың хабарлауынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаев апаттан қаза болған кеншілердің жақындарына көңіл айтқан. Ақорданың жазуынша, Тоқаев үкіметке "АрселорМиттал Теміртаумен" инвестициялық әріптестікті тоқтатуды тапсырған. Ол оқиғаның мән-жайын анықтау үшін үкімет комиссиясы құрылған болатын.

Апатқа байланысты "Тау немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу" бабы (277-бап, 3-бөлік) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.

Костенко атындағы шахта, Қарағанды көмір бассейніндегі өзге шахталар тәрізді, "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына тиесілі. Компания сонымен бірге Теміртаудағы металлургия комбинаты мен қаладағы инфрақұрылым нысандарына иелік етеді. "АрселорМиттал Теміртау" арғы тегі үнді британдық миллиардер Лакшми Митталға қарайды.

Қазіргі ақпарат бойынша, қаза тапқандар саны 21-ге жетті, тағы 23 кеншіні іздеу жалғасуда. 252 кеншінің 208-і жер бетіне шығарылып, оның 18-і медициналық көмекке жүгінген.

Соңғы деректер бойынша Костенко атындағы шахтада сағат 16:00 жағдай бойынша 32 адамның денесі табылды, 14 кеншіні іздеу жалғасуда.

Еске салайық, 17 тамызда «АрселорМиттал Теміртау» көмір департаментіне қарасты «Қазақстан» шахтасында конвейер лентасы өртеніп, салдарынан бес кенші қаза тапқан болатын.

 «Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер