Мәскеу түбіндегі Балашихада қолдан жасалған жарылғыш заттың көмегімен көлік жарылған. Салдарынан Ресей Қарулы күштері Бас штабы бас жедел басқармасы бастығының орынбасары генерал-майор Ярослав Москалик қаза тапты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Ресейлік Telegram арналарының хабарлауынша, көлік газ баллонының жабдығының қасына орнатылған қолдан жасалған жарылғыш заттың көмегімен жарылған және генерал подъезден шыққан кезде қашықтан іске қосылған. Жарылыс сәті видеоға түсіп қалған.
Жарылған Volkswagen Golf осы жылдың қаңтар айының соңынан бері кем дегенде үш рет қайта сатылған. Ресейдің Тергеу комитеті адам өлтіру және жарылғыш заттардың заңсыз айналымы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Ресейлік БАҚ-тың хабарлауынша, қайтыс болған генерал-лейтенант Москалик 2015 жылы «Нормандия форматы» аясында Украинамен келіссөздерге қатысқан. Сонымен қатар Сириядағы Ресей Қарулы күштерінің операциясына қатысты тақырыптарда баяндамашы болған.
Одан бөлек, Ресей Бас штабының қоғамдық тұлғасы ретінде Москалик бірнеше рет Таяу Шығыстағы жағдайға қатысты БАҚ-қа пікір білдірген. Мысалы, 2021 жылдың маусымында ол АҚШ-ты Сирия аумағында күрдтерге заңсыз мұнай өндіруге көмектесті деп айыптаған.
Сол уақытта ол Ресей Бас штабының өкілі ретінде Қазақстан астанасында өткен Сирия бойынша кезекті «Астана» келіссөздер раундына қатысқан.
Айта кетсек, ақпан айында Мәскеудегі элиталық тұрғын үй кешеніндегі жарылыс салдарынан «Арбат» батальонының негізін қалаушы Армен Саркисян қайтыс болған еді. Алдын ала мәлімет бойынша, ғимараттың кіреберісіне қолдан жасалған жарылғыш зат қойылған. Ол қашықтан басқарылып, Саргсян залда болған кезде жарылған.
Армен Саркисян Арменияда дүниеге келген, бірақ жас кезінде Горловкаға көшкен. 2022 жылдың қыркүйегінде ол Донбасс жабайы дивизиясының құрамында армян батальонын құру туралы хабарлаған болатын. 2023 жылдың жазында батальон Ресей Қорғаныс министрлігінің құрамына енген.
Бұған дейін Мәскеуде Рязаньский даңғылында қолдан жасалған жарылғыш зат жарылып, екі адам қаза тапқан еді. Құрбан болғандардың бірі - Ресей Қарулы Күштерінің радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс әскерлерінің бастығы генерал-лейтенант Игорь Кириллов болатын.