Директор қашып кеткен. Алматыда мектеп күзетшісі оқушы қызды зорламақ болғаны айтылды

5217
Adyrna.kz Telegram
Фото: видеодан алынды
Фото: видеодан алынды

Алматыдағы мектептің бірінде 62 жастағы күзетші оқушы қызды зорламақ болған. Бұл туралы Астана телеарнасы мәлімдеді, деп хабарлайдя “Адырна” ұлттық порталы. 

Ақпарат бойынша, білім ордасына кіребергенде күзетші қызды күшпен ұстап, озбырлық көрсеткен. Ал мектеп әкімшілігі бұл істі жылы жауып қойғысы келген көрінеді. Ата-аналар жиналған бетте директор сыртқы есіктен қашып кетті дейді.

Оқиға Алматы қаласы Алатау ауданы Қарасу шағынауданында орналасқан №160 орта мектепте болған. Желіде оқиға туралы айтқан әйелдің видеосы тарады.

Бұл қалай болды? Мұғалім оқушы қызға қоңырау шалып, оған бір зат беретінін айтады. Алайда қызды күтпестен затты күзетке қалдырып кетеді. Қыз оқу орнына келгенде мас күзетші бар екен. Бізде оның кішкентай қызға тиісіп, өзіне қарай тартып, сүйіп жатқан видеосы бар. Құдайға шүкір, қыз одан қашып құтылады, — дейді ата-аналардың бірі.

Қалалық білім басқармасы бұл фактіге қатысты шұғыл шаралар қабылданғанын мәлім етті.

№160 орта мектепте қауіпсіздік қызметін көрсететін «Алтын әлем групп» компаниясына мектеп әкімшілігі тиісті хаттама толтырды. Сонымен қатар, аталған серіктестікке келісім-шартты бұзу туралы шағым мен хабарлама жолданды. Қазіргі уақытта күзетшінің үстінен қылмыстық іс қозғалды, күдікті 15 тәулікке қамауға алынды, - деп атап өтті білім басқармасының баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, Алматы қалалық Полиция департаменті Алатау аудандық полиция басқармасында ҚР Қылмыстық кодексінің 124-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатқанын хабарлады. Сараптама тағайындалды. Жағдай анықталуда.

Пікірлер