Ғылым саласы алға қарай адымдап барады

613
Adyrna.kz Telegram

Соңғы жылдары ғылым саласы тың серпіліс алғаны айтылып та, байқалып та жүр. Сағат сайын болмаса да, күн сайын қайсыбір өңірде бірдеңе ойлап тауыпты дегенді жиі еститін болдық. Мұның өзі алға ұмтылыстың белгісі болар. Әйтпесе, ілгерілеу жоқ жерде, кері кету болатыны анық қой. Енді сол соңғы жылдықта еліміздің ғылым саласы не бітіріпті тізбелеп көрелік.

Алғашқысы, қазақша ым-ишараны түсінетін жасанды интеллект. Бұған дейін ондайды естідіңіз бе? Әрине, жоқ. Бұл бірегей жүйе көрінеді. Мұны Л.Гумилев атындағы ЕҰУ жасанды интеллект технологиясы кафедрасының аға оқытушысы Нұрзада Амангелді ойлап тауыпты. Бұл жүйенің артықшылығы оның қазақ тілін тани алуында. Жасанды интеллект сөйлеуінде қиындықтары бар және есту қабілеті нашарлаған жандарға таптырмас көмекші бола алар еді. Жүйе ым-ишараны мәтінге түрлендіріп береді екен. Теңдесі жоқ жобаны жасаушы оның әлемде бірегейлігін дәлелдеп үлгеріпті. Ол бұл жүйе ерекше қажеттілігі бар жандардың қоғамдық орындарда еркін жүріп-тұруына, мекемелерге оңай кіруіне көмектеседі дейді.Нұрзада Амангелдінің жүйеге 9 мың сөз енгізбекниеті бар. Ал сол сөздерді әр адамның ым-ишарасында 100 рет жасап көрмек. Сонда жалпы 90 мың болады. Өнертапқыш алда ауқымды жұмыс күтіп тұрғанын айтады. Расында, мұндай жүйелер қоғамға қажет дүние. Статистикаға сүйенсек, елімізде 32 мыңға жуық адамның есту қабілетінде кінәрат бар. Бұл олардың өздері қатарлы адамдармен еңбек етіп, қарым-қатынас жасауына кедергі келтіреді. Сондықтан бұл жобаның маңыздылығы уақыт өткен сайын артып барады.

Ал екіншісін, Абай облысының мектеп оқушысы Бекнұр Айдарбек жасап шығыпты. Ол бұл еңбегін қой шаруашылығын дамытуға арнаған. Яғни, қойдың төлін жасанды көбейту, қой шаруашылығында заманауи жабдықтарды пайдалану, аз шығын, жоғары сапа арқылы жұмыс істеу т.б. Белгілісі, автоматтандырылған жүйе қойшылардың ауырын жеңіл ететіні анық. Жүйе қойдың жеп-шөбінен бастап, суына дейін өзі береді. Жүйені телефон арқылы басқаруға болады. Тек қойларыңыз 2 гектар қоршалған аумақта жайылуы тиіс. Бұл кейіпкеріміз де жобаның тиімділігін дәлелдеген. Кішкентай Бекнұр жүйе әкем мен атамның жұмысын біраз жеңілдетер еді деген ниетте.

Пікірлер