Достар дауы қашан бітеді? Жақияновтың Алма Тоқтасынованың үстінен берген арызы бойынша сот хикаясы

1704
Adyrna.kz Telegram

3 қараша Алматы қаласы Медеу аудандық сотында Ғалымжан Жақияновтың Төлен Тоқтасыновтың жұбайы Алма Тоқтасыноваға қатысты талап арызы бойынша қорытынды сот процесі өткен болатын. Ғалымжан Жақиянов берген арызында «Алма Тоқтасынова өзінің ФБ-парақшасында жазған постарында мен тұралы жалған ақпарат таратты және менің ар-намысымды таптады» деп көрсетті. Нәтижесінде Алма Тоқтасынова жеңіске жеткенін хабарладық. Оған тағылған барлық айып алынып тасталды. Ал екі айға созылған сот процесі қалай болды? Неден басталды?

Айта кетейік, Төлен Тоқтасынов пен Ғалымжан Жақиянов ертеден бері жақсы араласқан белгілі тұлғалар. 2000 жылдардың басында оппозияциядан орын тауып, халықтың сөзін сөйлеген жандар. Екеуі 30 жыл дос болып, бірге жүріп, біраз жыл жұмыс істеген. Екеуі компания басқарып, кейін Тоқтасынов өз үлесін Жақияновқа сатқан. Ал Жақиянов келісілген ақшаның біраз бөлігін төлегеннен кейін, досын «алдады» деп, арыз жазған. Біз бұған дейін де екі дос арасындағы «даудың» қалай басталғанын жаздық.

Ал Төлен Тоқтасыновтың жұбайы Алма Тоқтасыновадан Павлодар облысының экс-әкімі Ғалымжан Жақиянов  “ар-намысымды таптады” деген желеумен арыз жазып, бірнеше миллион ақша өндіріп алмақ болған. Алма Тоқтасынованың айтуынша, сот алды арызында 10 миллионнан асады.

ТОҚТАСЫНОВТАРДЫҢ КҮРЕСІ

  Алғашқы сот отырысы 7 қыркүйек күні Алматы қаласы Медеу аудандық сотында өтті. Бұл процесс Ғ.Жақияновтың отбасы Тоқтасыновтарға берген тағы бір бөлек арызы бойынша болып еді. Арыз беруші Ғалымжан Жақиянов сот отырысына келмеді. Кейінгі болған сот отырысында да мүлде төбе көрсетпеді. Жақиянов және оның қорғаушылары соттың жабық өткенін қалағанымен, Тоқтасыновтар өтініші бойынша сот барысы ашық түрде баспасөздің, қоғам белсенділерінің қатысуымен өтті. Екі тарап тындалды.

Ал 19 қыркүйек күні өткен сотта Жақиянов тарап “Адырна” ұлттық порталы мен сотқа қатысқан БАҚ өкілдеріне шағым түсірді. Жақияновтың өкілдері судья Ақпаевтан «бұқаралық ақпарат құралдарына ақпаратты бұрмалаудың және тараптардың бірінің мүддесін лоббилеудің алдын алу туралы түсінік беруді» сұрады. Шағым “Адырна” ұлттық порталына және Жақияновтың келмеуіне баса назар аударған басқа да бұқаралық ақпарат құралдарына жіберілген.

Дегенмен, сот “жауапкердің редакциялық саясатын журналистер өздері анықтайды” деген уәжбен келісе отырып, өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.

«ҚАЙТАЛАНҒАН СЦЕНАРИЙ»

  Алма Тоқтасыноваға қатысты процесске қайталанатын болсақ, 23 қазан өткен кезекті сот процесіне белгілі журналист Гүлжан Ерғалиева куәгер болып қатысты. Ол сот барысында 10 жыл бұрынғы Жақияновпен болған сотты еске алды. Алма Тоқтасынованың айтуынша, Ерғалиева мен Жақияновтың арасындағы даудың бүгінгі сотқа ұқсастығы көп.

«Ерғалиева мен Жақияновтың 10 жыл бұрынғы айтысы мені таң қалдырды. Баяғы әдістер, баяғы бұзылған уәделер... қайталанған сценарий ме?», деп жазған болатын Алма Тоқтасынова фейсбук парақшасына.

Айта кетейік, Гүлжан Ерғалиева бұрынғы оппозициялық саясаткер Ғалымжан Жақияновтың әйелінің үстінен арыз түсірген болатын. Себебі, сақтауға берген 1 миллион доллар қарыз ақшасын қайтармаған. Ерғалиеваның айтуынша, сол кезде түрлі сылтаумен ақшаны бермеуге тырысқан көрінеді. Ол кезде де Жақиянов әулеті сот процесіне қатыспаған.

Сотта Гүлжан Ерғалиевадан бөлек, кәсіпкер, қоғам белсендісі Ахметбек Нұрсила да куәгерлік етті. Ол Тоқтасынов пен Жақиянов арасындағы достық туралы айта кетіп, Тоқтасыновқа тағылған айып «жалған» екенін қоса кетті.

Келесі сот отырысы 26 қазан күні болды. Онда екі тарап толықтай тыңдалды. Жақиянов «намысымды таптады» деген Тоқтасынова жазған посттарын дәлел ретінде әкелді.

«Мен шындықты жаздым және Жақиянов пен Сисенбаевтың авторлығын жоққа шығаруға тырысқан хаттарына сілтеме жасадым. Ол әлеуметтік желілердегі мақалаларға, соның ішінде Гүлжан Ерғалиеваның Facebook-те жарияланған мақалаларына, БАҚ деректеріне, соның ішінде моңғол деректеріне және т.б. Заңды шешімнің қабылдануында соттың офлайн режимде, баспасөздің назарында болуы үлкен рөл атқарды. Барлығы ашық, көзге көрінетіндей. Біз шыншыл болдық. Ал Жақиянов сотқа қатысудан жалтарып жүр. Иә, оның сот процесіне қатыспауға құқығы бар, бірақ өзі ар-намысын қорғау туралы талап-арызды қозғаған қоғам қайраткері ретінде қатысуға міндетті еді», - деді Тоқтасынова. 

Сондай-ақ, Алма Тоқтасынова жақындары үшін күресуден таймайтынын жеткізді.

«Мен Жақияновты жамандағым келмейді - ол мені қызықтырмайды. Бірақ менің жазбаларым отбасымның, балаларымның әкесінің намысын қорғаудың бір түрі. Жолдасымның абыройы мен жақсы есімі – балаларымыздың болашағына салынған инвестиция. Ал мен лас адамдардың өздеріне ұқсамайтын дау-дамай, оның ішінде қаржылық дау-дамайға тап болмаған адамның адал атын балшықпен ластауына қарсымын», деді ол. 

Осылайша, белгілі саясаткер Төлен Тоқтасыновтың жұбайы Алма Тоқтасыноваға тағылған барлық айып алынып тасталып, жеңіске жетті.

ЖАҚИЯНОВТЫҢ ШАБУЫЛЫ БІТКЕН ЖОҚ

Еске салсақ, қаңтар айында Төлен Тоқтасыновтың «Адырнаның» ютуб арнасына берген сұхбатынан кейін, Жақиянов “Адырна” ұлттық порталының үстінен арыз тастаған болатын. Ол сотқа дейінгі шағым жолдап, кәсіпкер Төлен Тоқтасыновпен болған сұхбатты порталдың ютуб арнасынан алып тастауды, сонымен қатар 1 000 000 теңге моральдік шығын төлеуді талап етуде (бұл тағы айта кетсек бөлек Алатау аудандық сотында  болатын процесс).

Әзірге «Адырна» порталының ютуб арнасындағы сұхбатқа филологиялық сараптама жасалып жатқандықтан, сот барысы уақытша үзілісте. Шағым бір мезгілде Төлен Тоқтасыновқа және “Адырна” ұлттық порталына берілген. Үш тарап болып сотқа қатысады. Ал Алатау ауданындағы сот бейбіт келісімге келуге ұсыныс жасады. Төлен Тоқтасынов өз тарапынан мәселені бейбіт шешуге, қажет болса, Жақияновпен кез келген БАҚ-та бетпе-бет кездесуге дайын екенін айтты.

Айта кетейік, Төлен Тоқтасыновтың сұхбатынан кейін, “Адырна” ұлттық порталы Ғалымжан Жақияновқа алаң ұсынып, сұхбат беруін сұраған еді.  Дегенмен, Жақиянов жауап бермеді. Осы тұста, “Адырна” ұлттық порталы екі тарапқа да ашық екенін ескертеді. Ғалымжан Жақиянов мырзадан сұхбат алуға «Адырна» қашанда даяр. Тіпті, Төлен Тоқтасыновпен бірге ашық әңгімеге шақырады.

Дана Нұрмұханбет

Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер