8 оқу корпусы, технопарк, 12 жатақхана бой көтермек. Тоқаев ҚазҰУ ректорын қабылдады

1171
Adyrna.kz Telegram
фото: Ақорданың баспасөз қызметі
фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевты қабылдады, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Ақордаға сілтеме жасап.

Президентке университеттегі маман даярлау ісінің, ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері туралы баяндалып, келесі жылы 90 жылдығын атап өтетін жоғары оқу орнының стратегиялық даму жоспары таныстырылды, - делінген хабарламада.

Жансейіт Түймебаевтың айтуынша, қазір университетте жалпы құны 8,1 миллиард теңге болатын 400 ғылыми жоба іске асырылып жатыр.

Президенттің мамыр айындағы ҚХР-ға ресми сапары аясында ҚазҰУ-да Қытайдың Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің филиалын ашу жөнінде келісімге қол қойылған болатын. 12 қазанда университет базасында аталған оқу орнының филиалы ашылды.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына 2024-2026 жылдары ҚазҰУ қалашығы құрылысының екінші кезеңі жүзеге асырылатыны жөнінде мәлімет берілді. Жаңа қалашықта 8 оқу корпусы, технопарк және 12 жатақхана бой көтермек. Жуық арада 3180 орындық 3 жатақхананың құрылысы басталады.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев білім сапасын жақсарту, еліміздің дамуына ғылымның қосатын үлесін арттыру және университет қалашығын жаңғырту жөнінде нақты тапсырмалар берді.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер