Самбодан әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына екі медаль түсті

2237
Adyrna.kz Telegram
Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және Дене шынықтыру істері комитеті
Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және Дене шынықтыру істері комитеті

Армения астанасы Ереванда самбодан ересектер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатының алғашқы күні Қазақстан қоржынына екі медаль түсті, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Спортты дамыту дирекциясының мәліметінше, қазақстандық Маргарита Бажаева 50 келіге дейінгі салмақта финалға дейін сүрінбей жетті. М.Бажаева шешуші белдесуде өзбекстандық Гулсевар Ураковаға есе жіберді.

Маргарита былтыр да әлем біріншілігіне қатысып, 5-орын алған болатын.

Сондай-ақ Гүлдана Әлмұхамбетова 54 келіге дейінгі салмақта қола жүлде үшін бәсекеде өткен жылғы әлем чемпионы, Беларусь өкілі Алена Купаваны ұтып, үздік үштікке ілікті. Осылайша, алғашқы күнді Қазақстан құрамасы 1 күміс, 1 қола медальмен қорытындылады.

Айталық, самбодан әлем біріншілігіне 62 мемлекеттен 335 спортшы қатысып жатыр. Аталмыш турнир Ресей мен Украина елдері бір мезетте бастары қосылған санаулы жарыстың қатарына кірді. Дегенмен, сайыста қос елдің өкілдері қол алыспайды.

Сонымен бірге айтулы додаға Әзербайжан мен Түркия қатысудан бас тартты.
Чемпионат 12 қарашада аяқталады.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер