"Министр мектепке хиджабпен кіргізсін"

3404
Adyrna.kz Telegram

Ақтөбеде облыстық соттың алдына жиырмаға жуық азамат талап тілектерін айтып шықты. Олар президенттікке кандидат саясаткерлер мен үкімет басшысы Асқар МАМИН және Білім және ғылым министрі Күләш ШӘМШИДИНОВАҒА хиджаб мәселесін шешуді сұрады.

Жиналғандар қыздарымыздың басынан орамал шешкізген білім министрлігі  конституцияға қарсы шығарған бұйрықты өзгертсін дейді. Биыл Ақтөбе облысында  хиджабсыз мектепке барғысы келмеген сегіз оқушы жыл бойы сабаққа қатыспаған. Кейбір ата-аналар балаларын Ресейде қашықтықта оқытыпты.

- Біздің құқымыз неге аяқ асты болады? Қазір үкімет өзгерейін деп жатыр, президент сайланайын деп жатыр. Біздің де проблемамызды шешсін. Қазақстан тұрғындарының  75 пайызы мұсылман. Ол керек па, керек емес па, әйтеуір сондай қауым бар. Оны ешкім жоққа шығара амайды. Біздің құқығымыз да бар. Біз де ақысыз оқуға құқылымыз.  Бізге мектеп ашып берсін, -  дейді Гүлжан СӘБЕНОВА.

Гүлжан Сәбенова екінші сыныпты бітірмеген кішкентай қызы орамалын шешіп мектепке барса, үлкен қызы үйінде Ресейден қашықтықта оқып жатқанын айтады.

- Білім министрлігінің заңы деп мектеп кіргізбейді. Сол кезде көп балалардың ынтасын психологиялық тұрғыда сындырып тастады.  Балалардың көбісі сабақты беске оқитын балалар. Хиджабқа тиісіп жатыр. Балаларымызды мектепке кіргізулері керек. Бізге басқа ештеңе керек емес. Хиджабқа қатысты заңды шығарған Білім министрлігі ме, біз енді талапты министрге қоямыз, - дейді Мерғали ТІЛЕПИН. 

Облыстық білім басқарамасы мектеп формасына көнбей бір жыл бойы сабаққа қатыспаған  сегіз баланың барын растады. Сөздерінше бұл сегіз оқушының ата-аналарымен жыл бойы келссөз жүргізіп келген. Алайда райларынан қайтара алмапты.  Енді төрт тоқсан бойы мектепке келмеген балаларды сыныптан сыныпқа көшіруге мүмкіндік жоқ. Алайда жазғы демалыста оқып, сынақ тапсырымын дегендерге кешірім  бар  деп отыр.

- Бір жыл бойы сабаққа келмеген балаларды келесі сыныпқа көшіруге мүмкіндік жоқ. Біз заңды өзгерте алмаймыз. Екіншіден бала мемлекеттік стандартқа сай киіну тиіс. Сондықтан қазіргі таңда біз ата-аналармен жұмыс жасап жатырмыз. Оларды шақырып жатырмыз.  Балаларға кесір тигізбеу керек. Қай уақытта, тіпті жазғы айларда әкелеміз десе де біз дайынбыз. Балаларды қабылдаймыз, -  дейді Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат ОРАЗБАЕВА.

Дін саласының мамандары дінде балиғат жасқа толған қыз шашын, қолын жауып жүру керек деген мәселенің барын айтады. Алайда Қазақстан ислам мемлекеті болмағандықтан заңға бағыну керек.

- Біз зайырлы мемлекетпіз.  Зайырлы мемлектке заң бар, конституция бар. Кез келген азамат заңға бағыну тиіс. Біз ислам мемлекеті емеспіз, - дейді Ақтөбе облыстық дін істер басқармасының басшысы Әлімбек ТҰРАЛИЕВ.

Ата аналардың талабын тыңдауға келген білім басқармасының басшысы  мектеп формасына өзгерістің енбейтінін,  сондықтан да барлық бала мектеп формасын сақтауы қажет екенін айтты. Айтпақшы, билікке талап қойғандарды полиция алып кеткен жоқ. Тек онға жуық тәртіп сақшысы бақылап жүрді.

 

Жанар Қожанова

"Жас Алаш" 

Пікірлер