Мұрат Нұртілеу: Қазақстан Таяу Шығыста берік бейбітшілік орнату үшін кез келген күш-жігерді қолдауға дайын

1376
Adyrna.kz Telegram
Фото: ҚР СІМ
Фото: ҚР СІМ

Сыртқы істер вице-премьер – министрі Мұрат Нұртілеу Сауд Арабиясының астанасында өткен Араб Мемлекеттері Лигасының (ЛАГ) және Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының (ИЫҰ) кезектен тыс бірлескен саммитіне қатысты, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

Саммитте Сыртқы істер министрі Қазақстан БҰҰ Бас Ассамблеясының 27 қазандағы төтенше арнайы сессиясында Иордания Хашимит Корольдігі ұсынған атысты тоқтатуға шақыратын қарарға дауыс бергенін айтты.

Мұрат Нүртілеу бейбіт тұрғындар, оның ішінде көп балалар, әйелдер мен қарт адамдар соғыстың жазықсыз құрбаны болғанын атап өтті.  Газа секторындағы әйелдердің, балалардың және қарттардың қауіпсіздігі басты басымдық болып қала беретінін жеткізді.

Сыртқы істер министрінің айтуынша Қазақстан Египеттің азаматтық халыққа медициналық және гуманитарлық көмек көрсету үшін дәліздер беру туралы шешімін мақұлдайды. Қазақстан Палестинаның бауырлас халқы үшін бір миллион доллар ақша жіберіп,  қосымша гуманитарлық көмек жеткізуді жоспарлап отыр. ҚР СІМ басшысы Қазақстанның 150-ден астам азаматының елге орала алмай жатқанын да айтты.

«Мен бұл мүмкіндікті пайдалана отырып Египетті және барлық қатысушы тарапты, Қазақстан азаматтарын, олардың отбасы мүшелерін және басқа да шетелдіктерді Газа секторынан сөзсіз эвакуациялауға шақырамын. Біз бұл азаматтарға Рафакты кесіп өтуге рұқсат етілгеннен кейін бірден Қазақстанға эвакуациялануы үшін шаралар қабылдадық», — деп атап өтті ҚР Сыртқы істер вице-премьер – министрі Мұрат Нұртілеу.

«Қазақстан барлық халықаралық және гуманитарлық ұйымға Газа секторындағы қазіргі аса күрделі жағдайға араласуға шақырады. Осы мақсатта біз Газа секторының тұрғындары үшін Төтенше гуманитарлық азық-түлік бағдарламасын іске асыру үшін Азық-түлік қауіпсіздігі Ислам Ұйымының қолданыстағы тетігін пайдалануды ұсынамыз», — деді саммитте сөйлеген сөзінде Сыртқы істер вице-премьер – министрі.

Мұрат Нұртілеу сөз соңында, Қазақстан Таяу Шығыста берік бейбітшілік орнату үшін кез келген күш-жігерді қолдауға дайын екенін жеткізді.

Пікірлер