Биыл шетелден ауыр және аса ауыр қылмыс жасады деп айып тағылған 40 адам экстрадицияланды

1160
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Биыл шетелден ауыр және аса ауыр қылмыс жасады деп айып тағылған 40 адам экстрадицияланды. Бұл туралы бүгін Бас прокурор Берік Асылов Мемлекет басшысының қабылдауында айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздегі заңдылық пен құқықтық тәртіптің жай-күйі, сондай-ақ қадағалаушы органның қызметіндегі басым бағыттар жөнінде мәлімет берілді.

Берік Асылов заңсыз иемденілген активтерді қайтару үшін қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Шетелге шығарылған активтерді іздеу, заңсыз схемаларды әшкерелеу үшін жасанды интеллектіні пайдалану арқылы IT технологияларды қолданатынын айтты. Халықаралық ынтымақтастық бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесін таныстырды.

Атап айтқанда, биыл шетелден ауыр және аса ауыр қылмыс жасады деп айып тағылған 40 адам экстрадицияланды. Жалпы Қазақстан қылмыстық-құқықтық сала бойынша алыс шетелдің 34 мемлекетімен 74 шартқа қол қойылған, деді Бас прокурор.

Одан бөлек, маңызды инвестициялық жобаларды құқықтық тұрғыдан қолдау жұмыстары жөнінде ақпарат берді.

Прокурорлар 900-ден астам инвестициялық жобаны бақылауға алды. Қазірдің өзінде 41 инвестордың түйткілді мәселелері шешімін тапқан. Инвестицияның қауіпсіздігіне кепілді күшейту үшін инвестициялық жобаны жүзеге асырудың бүкіл процесін нақты уақыт режимінде бақылауда ұстауға мүмкіндік беретін цифрлық шешімдер енгізу, сондай-ақ мемлекеттік органдардың бизнеске қатысты негізгі шешімдерін прокурормен келісу ұсынылғанын жеткізді.

Үш буынды модель аясында кәсіпкерлерді қылмыстық қудалау 3 есе қысқарғаны (614-тен 204-ке дейін) жөнінде мәлімет берді. Жалпы, еліміз бойынша 1041 тұлғаның негізсіз қылмыстық қудалауға тартылуына жол берілген жоқ. Конституциялық құқық бұзушылықтар саны 29 пайызға қысқарған (310-нан 222-ге дейін).

Сонымен қатар, азаптауға қарсы іс-қимыл шаралары жөнінде баяндады. Мұндай әрекеттердің алдын алу үшін 54 түзету мекемесінде 29 мың бейнекамера орнатылған, сәйкесінше азаптау фактілеріне шағымдану да 94-тен 17-ге дейін азайған.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің тыныс-тіршілігіне қатысты барлық салада заңның сақталуын қамтамасыз ету ісін күшейту қажет екеніне назар аударды.

Пікірлер