Теңге дизайны өзгереді. Ұлттық банк жаңа ақшаның суреттерін ұсынды

3356
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанның Ұлттық банкі ұлттық валюта банкноттарының жаңа сериясын таныстырды. Ол «сақ стилінің» элементтеріне негізделген және көшпелілердің бірегей мәдениетінен қазіргі Қазақстанға дейінгі елдің мұрасын көрсетеді, - деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Банкноттардың жаңа сериясы шығарылған сайын айналымға түседі. Номиналы 5 мың теңгелік жаңартылған дизайндағы алғашқы банкнот ағымдағы жылдың соңына дейін қолжетімді болады.

“Халықаралық тәжірибеге сәйкес қауіпсіздіктің жақсартылған деңгейлерін енгізу және жалған ақша жасаудың алдын алу мақсатында банкноттардың дизайны кезең-кезеңімен жаңартылуда. Сондай-ақ еліміздің мәдени құндылықтары мен тарихын танымал ету маңызды элемент болып табылады”, деп атап өтті Ұлттық банк.

Жаңа банкноттарды Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында номиналды құны бойынша төлемнің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ банк шоттарына есептеу үшін және Қазақстан Республикасының барлық банктерінде аудару, өзгерту және айырбастау үшін қабылдау талап етіледі.

Ұлттық Банк ескі және жаңа үлгідегі банкноттардың параллель айналыс мерзімін 1 жылға белгілейді, қажет болған жағдайда ұзартылуы мүмкін.


Параллель айналыс кезеңі аяқталғаннан кейін барлық банктер мен «Қазпочта» АҚ ескі үлгідегі банкноттарды жаңа үлгідегі банкноттарға 3 жыл ішінде, Ұлттық банк филиалдары - мерзімсіз айырбастайды.

Еске сала кетейік, бүгін Қазақстанда ұлттық валюта және қаржыгерлер күні. Биыл теңгенің айналымға шыққанына 30 жыл толып отыр.

Пікірлер