Тағы да Назарбаев. Қырғыздар рәмізін өзгертпек, қазақтар енді қайтпек?

2049
Adyrna.kz Telegram

Қырғыз қоғамында мемлекеттік рәміздерді өзгертуге байланысты қызу пікір талас жүріп жатыр. Қазақ елінде де әнұран авторлығынан экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атын алып тастау туралы айтылып қалады. Болашақта билік әнұранның кейін қосылған авторын атын алып тастай ма, әлде әнұранды өзгерте ме?

«ҚЫРҒЫЗДЫҢ ТУЫ КӨК БОЛҒАН»

Қырғыз депутаттары Нұрлан Шәкиев пен Ұлан Прімов елдің туына өзгерту енгізетін заң жобасын жасады. Онда Қырғызстанның қызыл туындағы күн шашағын өзгерту көзделген. Бұған дейінгі күн шашағы күнбағысқа ұқсайды деген сөз шыққан соң, қырғыз депутаттары осындай қадамға барып отыр.

Бұл бастаманы президент Садыр Жапаров қолдаған. Осы идея тіпті Ұлттық қауіпсіздік қызметінің басшысы Қамшыбек Ташиевті де бей-жай қалдырмаған. Ол өз қызметіне келіңкіремейтін әдеттен тыс әрекет – бұл бастамаға қолдау көрсеткен.

Депутат Арсланбек Малиев былтыр қазан айында мемлекеттік рәміздер елтаңба, әнұран және туды өзгерту туралы бастама көтерген. Айтуынша, қазіргі елтаңба нышанға емес, әдемі картинаға ұқсап кеткен.
«Егер тарихқа қарасақ, біздің өзіміздің төлтума дыбыстарымыз да болған. Олардың ішінде үздігі – «Ң» дыбысы. Ал Қырғызстанның қазіргі туын советтік парламент қабылдаған. Қырғыздың нағыз өз туының түсі Манастың көтерген туындай көк болған» деген сонда Арсланбек Малиев.
Қырғыз депутатына тудан бөлек әнұран да ұнамайтын көрінеді. Ол қырғыз халқының басқа да әдемі әуендері бар деп есептейді. Мысалы, «Қырғыз жері» шығармасы.
«Қырғыз жері» әні көпшілікке белгілі. Мәтінді аздап өзгертуге болады. Сонда рәміздерімізді жаңартып, тарихқа ден қойып, нағыз қырғыз символдарын қолданамыз. Қазір тиісті заң жобалары дайындалып жатыр, алдағы уақытта талқылауға береміз», - деген Арсланбек Малиев.

ӘНҰРАН КӘСІПКЕР МЕН ЖАЗУШЫҒА НЕГЕ ҰНАМАДЫ?

Қырғыз халқынан бөлек Қазақ елінде де әнұранға байланысты жиі мәселе көтеріледі. Мысалы, кейбір азаматтар «Менің Қазақстаным» ән ұранынан Нұрсұлтан Назарбаевтың атын алып тастау керек» десе, екінші тарап тіпті аталған әннен гөрі бұрынғы әнұран дұрыс деген ой айтады.

Белгілі кәсіпкер Марғұлан Сейсембайдың айтуынша, әнұран қазіргі "Менің Қазақстаным" сияқты болмауы керек. Сондай-ақ ол Қазақстанның қазіргі әнұранын ауыстырып, 2006 жылға дейінгі гимнді қайтару керек екенін ескертті.
«Қазіргі әнұранды ауыстыру қажет. Себебі ескі гимнің мәтіні мен сөздерінің мәні терең де ауқымды. Қазіргі әнұранның мән-мағынасы әлдеқайда жеңіл»,- дейді Марғұлан Сейсембай.

Ал белгілі жазушы Дулат Исабеков та әнұранды ауыстыру керек деген пікірде. Ол Нұрсұлтан Назарбаевтың гимн авторларының бірі болуы ыңғайсыз жағдай екенін ескертті.

«Осының барлығы жағымпаздардың тірлігі. Бұрынғы біздің гимніміз қандай әуезді еді?! Соның сөзін өзгертіп, бұрынғы әуенін қалдыруымыз керек. Жалпы гимнді екінің бірі айта беретін, мына "Менің Қазақстаным" сияқты отбасы-ошақ қасындағы ән сияқты болмау керек. Әнұран деген ерекше болуы керек емес пе?! Қазір гимнді жұрттар арақ ішіп те, анау да, мынау да әнұранды өлең қылып айта беретін болды. Былайша айтқанда гимн қолжаулық әнге айналып бара жатыр. Сондықтан бұрынғы Латиф Хамиди, Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский жазған гимнге оралғанның ешқандай айыбы жоқ. "Еркіндік аңсаған" деген сөздерін алып тастап, бүгінгі Қазақстанға лайықтап, ақындарға жақсылап сөзін жаздыру керек», - дегне еді жазушы.

СЕНАТОР НЕ ДЕЙДІ?

Дулат Исабеков пен Марғұлан Сейсембайдың пікірін сенат депутаты Нұртөре Жүсіп те қолдайды. Яғни, ол белгілі композитор Мұқан Төлебаев жазған әнұранның артықшылығын баса айтады.

- Мемлекеттік әнұран – мемлекеттік рәміздің бір белгісі. Менің жеке өзіме мемлекеттік әнұранның Мұқан Төлебаев жазған классикалық үлгісі ұнайды. Жұмекен Нәжімеденов пен Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні – тың және тыңайған жерлерді игеруге байланысты «Тың игерушілер маршы» деген атпен танымал болған дүние. Мен өзім музыкант емеспін, бірақ ол көбінесе маршқа келеді. Ал Мұқан Төлебаев – ең кәсіби біздің композиторымыз. Әлемдік талаптарға сай келетін болсақ, сол әуен маған көбірек ұнайды, - деді Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп.

Оның айтуыша, Қаңтар көтерілісінен кейін экс-президентке қатысты дүниелер өзгеріп жатыр. Мысалы, бас қаланың аты Нұр-Сұлтаннан Астанаға қайта ауысты. «Демек алдағы уақытта әнұранда өзгеріс болып жатса, оған аса таңғалудың қажеті жоқ»,- дейді халық қалаулысы.

Еске сала кетсек, Қазақстанның қазіргі қолданыстағы әнұраны 2005 жылғы президент сайлауынан соң, Назарбаевты ұлықтау рәсімі алдында бектілген. Сол жылы Нұрсұлтан Назарбаев өзі жоғары билікке келгеннен бері парламентте сайланғаны бар, референдумы бар бесінші мәрте президент атанған. Сонда сөзін Жұмекен Нәжімеденов жазған Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнінің сөзіне Назарбаевтың атынан өзгертулер енгізіліп, мемлекеттік гимн ретінде бекіген. Оны бекітуге сол кездегі Бекболат Тілеухан сияқты депутаттар белсене ат салысқан. Бұл шығарма әнұран ретінде қабылданғаннан кейін авторлығына Назарбаев та қосылды. Ал авторлық құқық мәселесі қалай шешілгені қоғамға жарияланбады.

Серік Жолдасбай
«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер