Аузына келгенін айтқан. Астаналық әйел желідегі балағаты үшін 4 жылға сотталды

5030
Adyrna.kz Telegram

Астаналық тұрғыны Наталья Свиридова қазақ халқына тіл тигізді және ұлтаралық араздық тудырды деп айыпталып, төрт жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды "Адырна" порталы.

«Свириденко (Меркулова) Наталья Валентиновна Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігімен (әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни араздықты қоздыру) қаралған іс бойынша кінәлі деп танылып, оған бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындау туралы қаулы шығарылды. Төрт жыл мерзімге қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтеу жазасы тағайындалсын», - делінген елорданың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімінде.

Бұл оқиға 7 тамызда болған.

«Сағат 01:00 шамасында Свириденко Н.В. Астанадағы үйінде TikTok әлеуметтік желісінде «Queen 2» аккаунтымен тікелей эфир жүргізді. Осы хабар барысында Свириденко Н.В. ұлттық араздықты қоздыруға және азаматтардың ұлттық қадір-қасиетін қорлауға бағытталған қылмысты жоспарлаған. Свириденко Н.В., өз жазылушыларының арасында әртүрлі ұлт өкілдерінің бар екенін түсініп, қазақ ұлты өкілдерінің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлай бастағаны Қазақстанда кең көлемде наразылық тудырды», - делінген сот үкімінде.

Сот материалдарына сәйкес, Свириденко Н.В. қазақ халқына қарсы дөрекі және балағат сөздер айтып қана қоймай, оларды приматтармен салыстырған, бір көрерменнің балаларын жерлеймін деп айтқан, олардың бірін «ауру» деп атаған. Сондай-ақ ол Алматы мен Жаңаөзендегі қаңтардағы қайғылы оқиғаға қазақтарды кінәлады. «Сонымен, Свириденко Н.В. Осы мақсатта телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, этникалық қақтығысты қоздыруға және азаматтардың ұлттық намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіруге қасақана әрекеттер жасаған», - делінген соттың қорытындысында.

ТикТоктағы жазбаны қарап шыққан сот Свириденконың мәлімдемелері «бүкіл қазақ халқына да, Қазақстан үкіметіне де қарсы бағытталған қорлау және балағаттайтын сөздерге, оның ішінде ұятсыз және боқтық сөздерге толы» деген қорытындыға келді. Жазбадан тікелей эфир кезінде Свириденконың мас болғаны белгілі болды.

Сот үкімінде Свириденконың есі дұрыс деп танылып, жасаған әрекетіне шын жүректен өкінетіні атап өтілген. Үкім қарашаның 23-і күні шығарылды, оған шағымдануға болады.

Пікірлер