Елордадағы ауыз су тарифінің бағасы көтерілуі мүмкін

1039
Adyrna.kz Telegram

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің елордалық департаменті келер жылдың 1 қаңтарынан бастап елордадағы су тарифінің көтерілуіне байланысты жария тыңдау өткізіп жатыр, деп хабарлайды«Адырна» ұлттық порталы.

«Жыл сайын абоненттер, яғни пәтер саны көбейіп келеді. Қазіргі уақытта 470 мың абонент болса, жақын аралықта бұл көрсеткіш 500 мыңға жетеді. Осыған байланысты ұйым штатын үлкейту қарастырылуда. Су тарифін көтеру кәріз желілерін жөндеу мен қайта жаңғыртуға, жабдықты жаңартуға қосымша инвестициялар салуға, стратегиялық тауарлардың құнын арттыруға және кәсіпорын қызметкерлерінің жалақысын арттыруға қажет», - деді «Астана су арнасы» МКК бас директоры Табиғат Зейнулқабден Алматы ауданының әкімдігінде өткен жария тыңдауда.

«Астана су арнасының» хабарлауынша, бүгінгі тариф ағымдағы жылдың маусымында бекітілген.

Жаңа жылдан бастап, ауыз су тарифі халық үшін – 58 теңгеден 66 теңгеге, энергия өндіретін кәсіпорындар үшін – 175 теңгеден 192 теңгеге, бюджеттік ұйымдар мен заңды тұлғалар үшін – 242 теңгеден 266 теңгеге дейін арттыру ұсынылып отыр.

Ал су бұру мен ағын суды тазарту тарифін халық үшін – 45 теңгеден 53 теңгеге дейін, энергия өндіретін кәсіпорындар үшін – 195 теңгеден 219 теңгеге, бюджеттік ұйымдар мен заңды тұлғалар үшін – 250 теңгеден 279 теңгеге дейін көтеру ұсынылған.

Техникалық су беру тарифін 40 теңгеден 43 теңгеге дейін арттыру көзделген.

«Кез келген тарифтің өсуін тұтынушылар және әсіресе халық ауыр қабылдайды. Бұл ретте біз көктемнен бастап тарифтерді белсенді көтере бастадық. Биыл Астанада су мәселесі орын алды. Бұл бір күндік мәселе емес, осы күнге дейін қордаланып жиналды. «Астана су арнасының» жағдайы да қаншалықты қиын екенін көрдік. Астана тариф бойынша 19-20 өңір арасында 12-13 орында тұр, яғни тариф төмен. «Астана су арнасына» қолдау қажет. Тарифтерді көтеруді де қолдау керек», - деді «Бәсекелестік саясатты дамыту және қорғау орталығы» АҚ вице-президенті Марат Мұстафин.

Жария тыңдау қорытындысы бойынша, айтылған ескертулер мен ұсыныстар ескеріліп, өтінімдер мұқият талданған соң департамент түпкілікті шешім қабылдайды.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер