«Ауа-райының қолайсыздығынан көшеттердің жерсінуі едәуір қиын болды»...

1032
Adyrna.kz Telegram

Адырна ұлттық порталында «Павлодар облысы 135 171 812 теңгеге 2 162 749 дана қарағай көшетін сатып алмақ» (сілтеме: https://adyrna.kz/post/178798 ) деген тақырыппен материал жарияланған еді. Сол мақалаға қатысты туындаған сұрақтарға Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқарма басшысының орынбасары С. Төлеутаев жауап берді, - деп хабарлайды Адырна ұлттық порталы.  

Адырна: Павлодар облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы қарағай көшеттерінің әр данасын 62,5 теңгеге қандай негізге сүйеніп бағалап отыр?

Басқарма: Ағаш екпелерін конкурсқа шығарар алдында, әрбір ағаш екпелерін өсіретін ұйымдардан коммерциялық ұсыныстар алынады. Ағымдағы жылы кәдімгі қарағай көшетінің бір бірлігінің ҚҚС есептемегендегі бағасы 62,5 теңге, ҚҚС есептегенде бір бірліктің бағасы 70 теңгені құрады.

Адырна: Көрсетілген аумаққа 2 162 749 көшет егілгенін қалай бақылайды? Оны бақылау үшін арнайы комиссия құрылған ба?

Басқарма: Орман дақылдарын техникалық қабылдауды өткізу жұмыстары Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің (2014 жылғы 22 желтоқсандағы № 18-02/681) «Ормандарды молықтыру мен орман өсіру және олардың сапасына бақылау жасау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына және «Қазақстан орманшысының анықтамалығы, Астана 2012 ж.» анықтамалығына сәйкес жүргізіледі. Жоғарыда аталған бұйрық пен анықтаманың негізінде комиссия құрылады және көшеттер егілген аумақтарда техникалық қабылдау және бақылау жұмыстары жүргізіледі.

Адырна: Көшеттердің өніп, жерсініп кетуіне кім кепілдік береді?

Басқарма: Мемлекеттік орман қоры аумағында орман дақылдарын отырғызуды мекеменің орман күзеті қызметкерлерінің күшімен жүргізеді. Мемлекеттік мекемелер орман дақылдарының өмір сүруіне жауап береді. Алайда, айта кететін жағдай, екпе ағаштардың жерсінуіне ең басты әсер ететін фактор ол ауа-райының қолайлы болуы. Ағымдағы жылы ауа-райының қатты ыстық және жауын-шашынның болмауына байланысты отырғызылған жас екпе ағаштарының жерсінуі едәуір қиынға түсті.

Адырна: 2 миллионнан астам көшеттердің толықтай егілгенін қалай дәлелдейсіздер?

Басқарма: Техникалық қабылдау актілерінің негізінде барлық орманшылық бойынша жиынтық ведомость екі данада жасалады, олардың біреуі мемлекеттік мекеменің комиссиясына жіберіледі, ал екіншісі жобалармен және актілермен бірге орманшылық істерінде сақталады.

Мемлекеттік мекеме комиссиясының орманшылықтың кіші комиссиялары ұсынған материалдардың дұрыстығын орманшылық бойынша жұмыстардың жалпы көлемінің кемінде 5% тексеруге құқығы бар. Бұдан әрі комиссия орманшылықтан түскен барлық материалдарды жинақтайды, техникалық қабылдау қорытындысы бойынша шешім шығарады.

Комиссия шешімінің хаттамаларын мемлекеттік мекеменің басшысы бекітеді, одан кейін жалпы мемлекеттік мекеме бойынша орман екпелерін техникалық қабылдаудың жиынтық ведомосы жасалады. Екпелерді техникалық қабылдау актілері оларды орман екпелерін есепке алу кітабына енгізу үшін негіз болып табылады.

Сонымен қатар, аталған іс-шаралар Қазақстан Республикасының (2003 жылғы 8 шілдедегі N 477) Орман Кодексінің 5 тармағының 13 бабына сәйкес уәкілетті орган құзыретіне, сондай-ақ «Павлодар облысы орман және жануарлар дүниесін қорғау инспекциясы» РММ-і, орман қорының жай-күйiне, күзетiлуiне, қорғалуына, пайдаланылуына, ормандардың молықтырылуы мен орман өсiруге мемлекеттік бақылау мен қадағалауды тексерулер арқылы жүзеге асырады.

Қанат Бірлікұлы,

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер