Қыз алып қашу: Адам құқықтары жөніндегі уәкіл пікір білдірді

963
Adyrna.kz Telegram
Фото: Tengrinews.kz / Алихан Сариев
Фото: Tengrinews.kz / Алихан Сариев

Омбудсмен Артур Ластаев еліміздегі қыз алып қашу "дәстүріне" қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Шымкент қаласында өткен айдың ортасында Маңғыстау облысының тумасы қыз алып қашамын деп жазаланған болатын.

22 жастағы жігіт қызды қалыңдық ету мақсатында көшенің қақ ортасында ұрлап кеткен. Қазір күдіктіге қатысты 2 ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы бекітілген еді.

Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл де Шымкенттегі прецедент жіті бақылауында екенін айтты.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі тұрмыстық зорлық-зомбылық пен әйелдер құқығының бұзылуы мәселесіне талдау жасауда. Мәжбүрлеп некеге тұрған қыздар көбінесе серіктестерінің жыныстық, физикалық және психологиялық зорлық-зомбылықтың құрбаны болады. Кейде мәжбүрлі күйеуге беру қыздарды білім мен мамандық алу мүмкіндігінен айырады, бұл олардың онсыз да осал жағдайын одан әрі нашарлатады. Шымкенттегі іс - өрескел құқықбұзушылық, біз оны бақылауға алдық, - деді Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев.

Былтыр омбудсмен қылмыстық заңнамаға бірқатар түзетулер енгізуге, жеке бап қосуға және Қылмыстық кодекстің 125-бабына қылмыстық жауаптылықтан босатуды көздейтін ескертуді алып тастауға қатысты бастама көтерді.

Пікірлер