Олжас ӘБІЛ: Имамдар ашынған халыққа "Елбасының тапсырмасымен" басу айтты

4719
Adyrna.kz Telegram

Бүгінгі ашынған Арыс тұрғындарының талабы барлық жағынан орынды және дұрыс деп ойлаймын. Үйінен тек қана іш киімімен жеңіл желпі қашып шыққан халық неше күн біреудің үйінде үндемей отырады деп ойлайсыз, бұлар енді осылай көшеге шықпағанда не істейді...
Жалпы, бүгін осы Шымдағы болып жатқан оқиғаларға қарап, нақтырақ айтсам, ондағы жергілікті әкімшіліктің әрекетіне қарап отырғанда, сенесіздер ме, көзіме азиялық Бангладеш, Пәкістан елдері елестеді.
Бангладеш, Пәкістан сынды Азияның кедей, мешеу елдерінде зілзала, су тасқыны сияқты апаттар жиі болады екен. Сосын бұл елдерде жергілікті әкімшіліктер бебелді дінбасыларын ертіп, бұндай апаттардан соң діншіл қараңғы халыққа "бұл апаттардың бәрі құдайдан келетінін, қайта тірінің аман қалғанына шүкіршілік қылып, ары қарай тіршілік етудің абзалдығын" халық көп жиналатын жерлерде тәптіштеп түсіндіріп, жұртқа сабыр айтып тарқатып жібереді екен. Ал бұларда халықтың көп жиналатын жерлері - сансыз мешіттер мен медреселер, әдетте бұл елдерде мешіт саны мектеп санынан да көп болады.
Апаттың салдарымен күресуге бұндай кедей елдердің қазынасында өмірі қаражат болмайды және бұлардың бақытсыз халқында жергілікті өкіметке ауыз ашу деген түсінік атымен жоқ. Бұл халықтар бұзылған, қираған үйлерін, күркелерін шамасынша жамап, жасқап итшілеп ары қарай күнін көріп жүре береді екен.
Енді бүгін Шымдағы мешітке жиналған қауымды микрофон ұстап сабырға шақырып уағыз айтып отырған кісіні көріп "ойпырай, мынау қандай жап - жас имам" деп таңғалып отырсам, сенесіздер ме, бұл имам емес, Шымкент әкімі боп шықты!. Екі - үш күннен бері Арыстан ағылып келіп жатқан халықты қарсы алатын орталықтар ашып тастап, оларды орналастырып, сол орталықтардың босағасында жымиып тұратын әкім мешіттің төрінде шіреніп отыр. Одан соң бұлар намазға тұрды.
Одан жиналған халық арасына сабыр айтып сманып, шманып дінбасылары шықты...
Нағыз Бангладеш болды!
Ал енді осылардың "елбасының тапсырмасымен" деп жөңкіліп қатарына ұмытылып жүрген дені дұрыс өркениетті елдердегі бұндай жағдайларда олардың әдістері, тәсілдері тіпті басқаша болады екен.
Олар бұндай жағдайда құтқарушы, әскер, полиция бәрін жұмылдырып, ең алдымен өліп - талып халқын құтқаруға кіріседі. Себебі, бұл елдерде адамның құны қашанда тым қымбат болады. Одан тегін медициналық көмек, одан соң адам басын түгендеп есепке алады, осы апатқа байланысты көптеген адам қабылдау орталықтары ашылады, халқы волонтері жұмылдырады, апатты залалсыздандыру, оның келтірген шығынын есептеу, халыққа оның өтемақысын төлеу.....
Қысқасы, дені дұрыс қалыпты мемлекет, бұндай жағдайда осындай шаралар ұйымдастырады екен.

Меніңше, осы шағын ғана Арыс оқиғасында біздің мемлекет ретінде шынайы келбетіміз көрініп қалды. Назарбаевтың отыз жыл ауа теуіп "отыз елдің қатары, елу елдің қатары" деп жүргені нағыз далбаса екен - біздің бүгінде сол бангладештерден еш айырмамыз жоқ, біз Бангладешпіз.

Олжас Әбіл

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер