"Білім алу кеш емес". 83 жастағы зейнеткер университетте білім алып жүр

1284
Adyrna.kz Telegram
Фото: бейнеден алынған
Фото: бейнеден алынған

Ақтөбеде егде жастағы қария университет қабырғасында білім алып жүр, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі Еуразия бірінші арнасына сілтеп.

83 жастағы зейнеткер - Зауза Молдабаева.

Ол 40 жыл ғұмырын медицина саласында өткізген. Зейнеткер Темір ауданында терапевт дәрігер болып еңбек етіп, кейін басшылық қызметті де атқарған.

Бүгінде немере сүйіп, "ақшашты әже" атанған зейнеткер “Күміс” университет жобасы бойынша білім алуда. Ізденісті жаны сүйетін әйел бағдарлама туралы ғаламтордан оқып, білген екен.

“Мұның ішінде ағылшын тілін де үйретеді екен. Әйелдерді тігуге бейімдейтін бөлек бөлім бар. Содан кейін қазіргі IT компьютерлік жұмыстарды да үйретеді. Шетелдерде ақпарат жүйесі өте дамып кетті. Енді біз содан қалмауымыз керек. Соған ілесуіміз керек”, – деді Зауза Молдабаева.

80-нен асқан әйел қазақ тілімен шектелмей, ағылшынды да үйрену керек деп санайды.

“Шетелдіктердің беріп жатқан ақпараттың маңызы қандай, оның бізге пайдасы бар ма? Соны түсіну үшін ағылшын тілін оқуға кірісіп жатырмын. Мысалы to be деген қазақша “болу” деген сөз. Менің болуым керек. Мен деген сөз I'm.”, – деді ол.

Қоғамға араласып, белсенді өмір сүруді таңдайтын кейуана қаладағы еріктінің бірі.

"Зейнетке шықсам да, қоғамдық жұмыстарға араласуды тоқтатпадым. Қаламыздағы волонтерлық ұйымның мүшесімін. Қаланы абаттандыру, көшет отырғызу, тазалықты сақтау жұмыстарына атсалысамын. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Мен айтпасам білгенімді. Сен жазбасаң көргеніңді, Ұрпағың қайдан білер өмір сүргеніңді» деген екен. Осы қағида – менің өмірлік ұстанымым", - дейді Зауза әжей.

Пікірлер