Павлодарда әкімнің баласы оқушы қызды соққыға жыққан. Депутат не деген?

1024
Adyrna.kz Telegram

Павлодар облысында аудан әкімінің ұлы оқушы қызды соққыға жыққан. Ақпаратты Білім министрлігі растады, - деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналист білім вице-министрі Еділ Оспаннан осы жағдайға қатысты мән-жайды сұрады:

«Павлодар облысында аудан әкімінің ұлы мектеп қабырғасында қызды ұрып-соғып, мұрнын сындырғаны туралы ақпарат желіде пайда болды. Қыздың анасы дұрыс тәрбие бермегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осы жағдайға қатысты пікіріңізді тыңдап, білгім келеді. Неліктен қызды ұрған ұл мен оның ата-анасы жауапқа тартылмады» деген сұрақ қойылды.

Білім вице-министрі бұл деректі растады.

«Иә, шынында да мұндай факт болған. Мен баршаға айтқым келетіні, біз әлеуметтік желілерде пайда болған әрбір жағдайды мұқият тексеріп, тиісті мемлекеттік органдарға хабарлаймыз. Осы фактіге сүйене отырып, мен қазір тергеу жүріп жатқанын, тиісінше шара қолданылатынын хабарлаймын. Туыстық байланысқа қатысты айтар болсам, менің білуімше туыстық байланыстың бар екені расталды», - деді Оспан.

Ақпаратқа балалар құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкина да түсініктеме берді. Оның айтуынша, жанжал ағымдағы жылдың қаңтар айында Павлодар облысындағы мектептердің бірінде болған.

"Шынымен де, бұл факт орын алды. Ол ағымдағы жылдың қаңтар айында тіркелген. Бізге белгілі болғандай, бүгінде іс кәмелетке толмағандар істері жөніндегі сотта қаралып жатыр, баланың ата-анасын әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша жиналыс өтіп үлгерді", - деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде зардап шеккен қыздың анасының үндеуі шыққан болатын. Полицейлер жағдайды анықтап, Павлодарда 7-сынып оқушысы мен 6-сынып оқушысы арасында жанжал болғанын хабарлады. Оқиға салдарынан қыз ауруханаға жатқызылды. Полицейлер баланың әрекетін денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру деп бағалаған. Іс материалдары сотқа жолданды.

Сондай-ақ, қалалық мәслихат депутаты Гүлжайна Дәрімова аталмыш кикілжіңге қатысты кішкентай қызды «баланы сондай эмоцияға жеткізген өзі» деп айыптаған болатын.

Пікірлер