Елтаңбаны өзгертуде халық пікірін білу үшін алдын ала зерттеулер жүргізілгені дұрыс — Жақсыбек Ақтілеуұлы

697
Adyrna.kz Telegram

15 наурыз күні үшінші Ұлттық құрылтай шежірелі Атырау облысында өтті. Жиында барлық өңірден келген құрылтай мүшелері ел дамуының бағыт-бағдарын айқындайтын өзекті мәселелерді талқылай отырып, бірнеше шешімдер шығарылды. Осы орайда құрылтайдың халыққа берер игілігі туралы «Қазақстандық қоғамдық даму институты», МediaLab орталығы, Әдістемелік сүйемелдеу басқармасының басшысы Жақсыбек Ақтілеуұлы әңгімелеп берді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Айтуынша, биылғы бас қосуда қоғамдық пікірлердің кең ауқымы шоғырландырылған.

«Ұлттық құрылтай қоғамның түрлі топтарының басын біріктірді. Осылайша, мұнда қоғамдық пікірлердің кең ауқымы шоғырландырылды. Бұл плюрализмның шынайы көрінісі және халықтық демократияның дамуын білдіреді. Мемлекет басшысы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында қоғамның назарындағы көптеген мәселелерге тоқталып өтті. Соның ішінде креативті индустрияны ілгерілетуге қатысты, талдау және зерттеу ұйымдарын қолдауға қатысты бастамалары өте өзекті. Талдау және зерттеу ұйымдары медицина, технология, экономика және т.б. сияқты әр түрлі салаларда қолдануға болатын жаңа білім мен технологияларды құруда шешуші рөл атқарады. Осы орайда Ұлттық құрылтай мүшелерінің ұсынымдары негізінде талдау және зерттеу ұйымдарын дамыту жөніндегі жол картасы қабылданды, бұл инновацияларды ынталандыру, білім мен ғылымды дамыту, сондай-ақ қоғам мен экономиканың өзекті проблемаларын шешу үшін маңызды қадам болып табылады»,—деді ол.

Жақсыбек Жиеналиев бұған дейін Ұлттық құрылтайда көтерілген біраз мәселе өзінің оң шешімін тапқанын атап өтті.

Ұлттық құрылтай мүшелерінің ұсыныстары негізінде нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің жоспары бекітілді, электронды темекіні/вейпті тұтынуға, сатуға тыйым салынды, балалардың құмар ойындарға және компьютерлік ойындарға (лудомания) тәуелділігінің алдын алу бойынша жол картасы қабылданды. Құрылтай мүшелері отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері бойынша заң жобаларын дайындауға қатысты. Азаматтардың ұсыныс-пікірлерін жинау үшін анайы сайт әзірленді, Egov базасында Quryltai қосымшасы іске қосылды. Атқарылған жұмыстың аз ғана бөлігін тізіп отырмын.

Осы Құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев бес құндылыққа баса назар аударды. Атап айтатын болсақ,  бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдыққа қатысты алдағы уақытта қандай іс-шаралар іске асырылуы керек екенін айқындап берді.  Қазақстанның стратегиялық даму жолында осыдан бұрын өткен құрылтайларда бағдарламалық жоспар құра отыра даму көзделсе, Атырауда салмақты зерттеу жүргізуге баса мән беруіміз керек екендігі түсіндірілді»,—деп толықтырды сарапшы.

МediaLab орталығы, Әдістемелік сүйемелдеу басқармасының басшысы  Елтаңбаны өзгертуге қатысты да пікір білдірді.

«Елтаңбаны өзгертуге қатысты ұсыныс туралы қоғамның пікірі екіұшты екені белгілі. Бірінші кезекте түсінуіміз керек, бұл тек ұсыныс ретінде айтылғаныны және бүгін-ертең ауыстыра саламыз деген сөз емес. Әуелі комиссия құрылады, ол жерде  қоғам тарапынан да, осы саланың мамандарынан да ұсыныс-пікір айтылған соң барып, елтаңбаны өзгерту қажеттілігі немесе қажет еместігін саралайды деп ойлаймын. Бұл бастама бұрын да қозғалған болатын, қазір халықтың пікірі ескеріліп осы тақырып қайта көтеріліп отыр деп ойлаймын. Мүмкін халықтың пікірін білу үшін алдын ала зерттеулер жүргізілсе дұрыс болатын сияқты. Жалпы халықаралық тәжірибеде мемлекетке, қоғамға қатысты маңызды мәселелерде халықтың пікірін білу үшін әлеуметтанулық зерттеулердің түрлі әдістері қолданылады.  Бұл өте дұрыс қадам, тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді»,—деді ол.

Жақсыбек Ақтілеуұлы Құрылтайда айтылған мәселелер, сөз күйінде қалмай, іске асуы үшін не істеу қажеттігін түсіндірді.

«Бұл диалог алаңы ұлттық құндылықтарды ілгерілетуге және халқымыздың бірлігіне ықпал етеді. Негізгі құндылықтарымызды бұқаралық ақпарат құралдары мен креативті индустрия, әсіресе, кино, музыка және әдебиет арқылы дәріптеу аса маңызды. Ұсынылып отырған құндылықтар жүйесі ағартушылар мен қоғам белсенділеріне бағыт-бағдар бола алады деп ойлаймын. Бұл бойынша салалық ведомстволар көпшіліктің қызығушылығын туғызатын тың жобалар ұсынуға тиіс. Жаңа қоғамдық этиканы орнықтыру ісінде орталық органдар ғана емес, өңірлік билік те маңызды рөл атқаратыны белгілі. Бұл ретте орталық пен аймақтар тығыз байланыста өзара үйлесімді әрекет етіп, жұмыла жұмыс істеуі қажет»,—деп қорытындылады әлеуметтанушы.

Пікірлер