Самат Әбішше шартты сотталудың сыры неде? Бас прокуратура түсінік берді

1423
Adyrna.kz Telegram
Самат Әбіш (сол жақта), Нұрсұлтан Назарбаев (ортада), Болат Назарбаев (оң жақта).
Самат Әбіш (сол жақта), Нұрсұлтан Назарбаев (ортада), Болат Назарбаев (оң жақта).

Бас прокуратура Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының экс-бірінші орынбасары Самат Әбіштің  не себепті 8 жылға шартты мерзімге сотталғанын түсіндірді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі ҚазТАГ-қа сілтеме жасап.

«Сот сотталушының өз кінәсін мойындауы мен оның шын жүректен өкінуін жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп таныды. Әбіш қылмыстық құқық бұзушылықты ашуға белсенді үлес қосты. Қылмысқа қатысы бар, алайда кінәсін мойындамаған басқа да адамдарды әшкереледі»,—делінген хабарламада.

Бұдан бөлек экс-шенеуніктің кәмелетке толмаған 5 баласының болуы да ескерілген.

Бас прокуратура Қылмыстық кодекстің 362-бабы бойынша шартты жаза қолданылмайды деген ақпараттың қате екенін мәлімдеді.

Сот Самат Әбішті Қылмыстық кодекстегі «Қызметін асыра пайдалану» бабымен (362-баптың 4-тармағы) айыпты деп тауып, 10 жылға лауазымды қызмет атқару құқығынан айырып, 8 жылға бас бостандығынан айырған. Ал Қылмыстық кодекстің 63-бабымен («Шартты түрде соттау») шартты жазаға ауыстырған.

«Әбіш жасаған қылмыстан сыбайлас жемқорлық фактілері анықталмады. Сол себепті Қылмыстық кодекстің 63-бабын осы қылмыстық іс бойынша қолдануға заңнамалық шектеулер болған жоқ. Айыптау үкімін шығару кезінде істің барлық мән-жай зерделенді»,—деп толықтырды Бас прокуратура.

Еске салайық, 19 наурызда Самат Әбіштің жабық сот шешімімен шартты түрде сотталғаны белгілі болған еді.

Пікірлер