Тағдыр мен тағылымның үйлесімі. "Мақпырұлы мектебінің түлегіміз"

2311
Adyrna.kz Telegram
Серік Мақпырұлы
Серік Мақпырұлы

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ұзақ жылдар бойы еңбек еткен белгілі әдебиеттанушы ғалым, шебер әдіскер, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Серік Мақпырұлының туғанына биыл 80 жыл  толып отыр. Ғалымның шәкірттері ұстаздарын еске алады.  

ҰСТАЗ ҰЛАҒАТЫ

2000 жылдың қыркүйегі... Таңғы сағат сегіз... Абай атындағы қарт ҚазҰПУ, қасиетті қара шаңырақ құшағын жая, жастарды қарсы алып тұр... Ұлы Абайдың ойлы көзқарасы әрбір жасқа өсиетін айтып, үлкен үміт артып тұрғандай... Терезелерден аудиторияға әлі де күз мезгіліне ырық бере қоймаған күннің жарық та жылы сәулесі еніп, айналаны нұрға бөлеп тұр. Саябақтан сызылта сайраған неше түрлі құстардың дауысы естіледі. Алыстағы кондитерлік фабрикадан келген шоколад иісі ауада сезіліп тұр.  Аудиторияда 50-60 шақты бірінші курс білім алушылары... Біреулері келіп, енді біреулері қателескенін біліп, дәлізде басқа аудиториялардың есіктерінен сығалап, абыр-сабыр болып жатыр. Терезе жаққа жайғасып жатқан жастар жаңа дәптерлерімен бастарын күннің сәулесінен көлегейлеп отыр... Бірге оқимыз-ау деген 10-15 шақты білім алушы таласа-тармаса, бірінші қатарға жайғастық...

Жүрегіміз лүпілдеп, бәріміз де өміріміздің жаңа кезеңінің басталуын тағатсыздана күтіп отырмыз. Осы кезде ашық тұрған есіктен қолында таяғы бар жүзі жылы ағай күлімдеп кіріп келді. Бәріміз орнымыздан ұшып тұра келдік. «Отырыңдар», – дегендей басын изеп, ағай дәрісін бастап кетті... Өзін Серік Мақпырұлы деп таныстырғаннан кейін ағай сөз құдіреті жөнінде сөз маржандарын төгілте, көркем сөзбен көмкерілген кестелі бейнелерді көз алдымызға түйдектете төге бастады. Тіл байлығы, шұрайлылығы, көркемдігі, әсерлілігі – бәрі-бәрі Серік ағайдың оқып отырған дәрісінен табылғандай. Біз болсақ тамсанып, ағайдың әр сөзін жадымызға құйып алғымыз келіп отырғандай...

Қызығы сол, Серік Мақпырұлы ешқашан қағаздан дәріс оқымайтын. Қолында бірлі-жарым жоспарын түртіп алған  бір жапырақ қағазына анда-санда көз салғаны болмаса, назарының бәрі білім алушыларда болатын еді... Тілі сондай шұрайлы, әсерлі әрі көркем еді... Бізге: «Керек жерлерін ғана түртіп алып отырарсыздар», – дейтін... Шіркін, бізге ағайдың әр сөзі інжу-маржан іспеттес, айтқан бір сөзін қағазға түсірмесек, ертең көркем сөз табиғатын тани алмай қалатындай болып көрінетін...   Серік Мақпырұлы біз үшін бүгінгі тілмен айтқанда рөлдік модель болды, солай болып қала да береді.

Дәрісті қалай оқу керек, аудитория назарын қалай өзіңе аударып, баурап алу керек, дәрісті қалайша қызықты өткізу керек, міне, осының бәрін Серік ағайдан үйренуге болатын...

Мұнымен қоса, Серік Мақпырұлы – адамгершілік пен асқан парасаттың иесі еді... Ағай шәкірттеріне әрқашан жанашырлықпен, қамқорлықпен қарайтын, олардың болашағына алаңдап та отыратын. Талантты шәкірттерді алғашқы курстан өз қарамағына жинап, қамқорлығын аямайтын, білімге, ғылымға, шығармашылыққа баулитын...

Біз – Серік Мақпырұлы мектебінің түлектеріміз, ағайдың қазақ ғылымында салған сара жолын жалғастырып келе жатқан шәкірттері, ізбасарларымыз... Ол кісінің ізін жалғастырушы болу – шәкірттері үшін үлкен мәртебе, жетістік десем, әсте қателеспеймін... Біздің зерттеуші, ғалым, ұстаз, әдебиетші, тілші ретінде қалыптасу жолымызда ағайдың орны ерекше болды. Үлгі алдық, үйрендік, асыл қасиеттерін бойымызға сіңірдік, еліктедік, барынша ағайдың сенімін ақтамақ болдық...

Серік Мақпырұлы – менің ұстазым, ғылым мен ізденіс жолындағы менторым, жетекшім (2004 ж. дипломдық жұмысымның, 2004-2007 жж. кандидаттық диссертациямның жетекшісі), рухани әкем. Бірінші курста ағайдың маған «Әсел, жақсы оқығаның үшін. Ізденістеріңнің басы болсын! Серік ағаң» деген естен кетпес тамаша тілегі жазылған «Ізденіс» журналы әлі күнге дейін жеке кітапханамның төрінен орын алып тұр, тұра да береді... Ағайдың қолтаңбасы күні бүгінге дейін мені қанаттандырады, шабыттандырады, жаңа ізденістерге бастайды... Сол берген батасы болар ағайдың, ізденіс пен ғылым жолында қазақ ғылымына аз да болса үлес қосу мақсатында шетел асып ізденіп жүргеніміз...

Ортамызда болғанда Серік ағамыз биыл сексеннің сеңгіріне шығар еді... Әттең, тағдырдың жазуына не шара... Адамгершілік пен парасаттың биігінен көрінген сом тұлға, ардақты ұстаз, көрнекті ғалым, рухани әке едіңіз... Сексен жасыңызды шәкірттеріңіздің өздері-ақ дүбірлі той етіп атап өтер еді ғой... Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын... Сіз көре алмай кеткен қызық-қуаныштарыңызды Зайда апамыз бен бала-шағаларыңызға көруге жазсын...

Естелікті ұлы Абай атамыздың сөзімен аяқтағым келеді... «Өлді деуге сыя ма, айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған»... Шынымен де, Серік Мақпырұлының жарқын бейнесі мен қазақ ғылымында қалдырған өшпес ізі шәкірттері мен әріптестерінің естеліктерінде, жалпы сөз құдіретін бағалайтын қалың оқырманның есінде мәңгі сақталмақ...

Әсел Жәкім,

PhD in Education (University of Aberdeen, UK), филология ғылымдарының кандидаты, Қ.Жұбанов атындағы АӨУ Педагогика және білім берудегі менеджмент факультеті аға оқытушысы, ҚазҰПУ-дың 2004 жылғы түлегі. 

 

------------------------------------

 

ДӘРІС ОҚУДЫҢ ШЕБЕРІ 

2000 жылы Қазақстанның түкпір түкпірінен ағылған жастармен бірге қасиетті қара шаңырақ, Абай университетінің студенті атану маған да бұйырған еді. Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына алпыстан аса студент қабылдандық. Қазақ филологиясында оқыған студенттер үшін 404-ші дәрісхананың орны ерекше болар сөзсіз. Себебі, біз сияқты ауыл балалары үшін таңсық дәріс (лекция), дәрісхана ұғымының ата-аналарымыз, аға-әпкелеріміз жыр етіп айтатын, жүз адамнан аса студент отырып, атақты профессорлардың дәрісін тыңдайтын орынның қандай болатынын ұқтырған алғашқы дәрісханамыз 404 еді.

Күздің қоңырқай бір күнінде сол дәрісханада алғашқы болып Серік ағай Мақпыров «Әдебиеттануға кіріспе» сабағынан дәріс өткізді. Ағайдың қою қара қасы ерекше есімде қалыпты. Дауысы қандай ерекше еді. Сыйымдылығы үлкен дәрісханада дауысы анық, нық естілетін. Терезеге ұзақ қарап, қалың қасын барынша көтеріп, миығынан күліп қоятыны бар еді. ... Сессияның уақыты таяды. Ағай арнайы әдеби талдауға дәптер арнатып, сол дәптердегі ақын-жазушылардың шығармаларын талдаған мысаларымызға қарай қорытындылап жатты. Біріміздікі дұрыс, біріміздікі қате, біріміздің Мақпыровтың сынынан сүрінбей өткеніміз үшін көңіл күйіміз тамаша болса, көбіміздің ұнжырғамыз түсіп отырған сәтте ағай:

- Әй, не болды сендерге? Бастарың салбырап кетіпті ғой. Онда тыңдаңдар,- деп айтатын әзіл әңгімесі бар еді.

- Бір жас жігіт,- деп бастады ағай әңгімесін. – Ұнатқан қызын әрең дегенде саябақта серуендеуге алып шыққан екен. Студентте қай бір жетіскен артық қаражат болсын. Тірнектеп жинаған ақшасын құдды бір бай-бағланның баласындай қызға шашқан екен сол күні. Саябақтың ішіндегі сол кездегі атақты «Жұлдыз» мейрамханасынан тамақтанған екеуі сыртқа шықса, жауын себелей бастапты. Қыз: «таксимен қайтайық»,- дейді. Жігіт бар тапқанын мейрамханаға төлеп кеткен. Қыздың алдында ақшам таусылды деп айтуға жігіттік намыс жібермей тұр. Не де болса деп жолдың жиегіне қарай шығады. Қызды шашыраған судан қорғағансып арқа жағына шығарады да өзі таксиге қол көтереді. Бірақ, неге екені белгісіз машиналар жақындап келеді екен де тоқтамай, жүріп кетеді екен. Солай біраз тұрған соң «Қой, мына таксилердің тоқтайтын түрі жоқ, жүр жаяу жеткізіп салайын- деп қызды үйіне жаяу шығарып салған екен»,- деп ағай әңгімесін аяқтады. Содан біз, -«Ағай, неге машиналар тоқтамаған? Алматы көшелерінде қол көтерсең тоқтайды ғой!?»,- дейміз. Ағай «Жігіт бір қолымен машинаны тоқтатып, екінші қолымен кете бер деген ишарамен қолын сермеп тұрған екен»,- деді. Біз дуу күлдік. Жігіттер жағы «біле жүретін екен»,- деп жатты...

 

Р.М. Өскенбаева,

Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың

қауымдастырылған профессоры

PhD, доктор

 --------------------------------

 

ӘР САБАҒЫНДА ЗЕРТТЕУ ЖҮРГІЗУГЕ ТАЛПЫНДЫРЫП ОТЫРАТЫН

«Ұстазым менің ұстазым, Өзіңмен өткен қыс, жазым...» -   деп басталатын өлең жолдары еске түсе бастағанда, сонау өзімнің ең алғаш университет табалдырығын аттаған кездегі ұстаздарымды ерекше жылулықпен ойыма аламын. Оңаша сәттерде өзімнің ұстаздық еткен шәкірттеріме қарап отырсам, мені оқытқан ақ жарқын мінезді, ақ жүректі, жылы жүзді  ұстаздарымның бейнесі  көрініп, еріксіз нұрлы естеліктерге жетелей жүреді. 2004 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық университетіне бірінші курсқа оқуға келдім. Алғашқы күні жүрегім қобалжып,университет табалдырығын қорқақтай ашқаным есімде.

Бірінші сабағымыз – «Әдебиеттануға кіріспе».

Үлкен дәрісханада  студенттер көптеп жиналып жатыр. Мен де келіп алдыңғы парталардың бірінен орын алдым. Бір уақытта сабақ басталды. Дәрісханаға ақырындап басып, Серік ағайымыз кірді. Бәріміз тып-тыныш отырмыз, әрі қарай не болады екен деп. Бір уақытта ағайымыз өзін жайлап таныстырып, біздің таңдаған мамандығымыз, пәніміз жайлы айта бастағанда, бірінші күннен бастап  өзімнің мамандық таңдаудан жаңылыспағанымды түсіндім. Серік ағай бірден өзінің дәрісінде әдебиеттің тереңіне үңілтіп, білім айдынына еркін жүзуге  мүмкіндік берді десем де болады. Ағайдың сабақты ерекше түсіндіргені соншалық, уақыттың өткенін де білмей қалған едік. Ары қарай тәжірибе сабақтарында, әдебиеттің тереңіне үңіліп, зерттеп, әр қолданылған сөздерді, әдебиеттің троптарын жеке-жеке талдаудың өзі өте керемет еді. Әрбір сабағында зерттеу жүргізуге студентті талпындырып отыратын еді. Біздер ағайдың сабағына ерекше дайындықпен келуге тырысатынбыз. Бұл әрине ағайдың бізге берген ерекше білімі мен тәрбиесінің жемісі еді. Серік ағай оқу үрдісінде студенттермен қарым-қатынас үйлесімділік құрған ұстаз еді. Осы кісінің арқасында алғашқы күннен бастап сабаққа қызығушылығым оянған болатын. Серік ағай – өз ісінің шебері. Себебі бізге қиын кезеңдерде қол үшін созудан шаршаған емес. Ол кісі- алтыннан да бағалы ойларын, ақыл-кеңесін беруге әрдайым жан. Оқу аяқталған кезде ол кісі маған өзінің батасын беріп, «Ізденіс» журналын сыйға тартқанда, мен өзімді  осы мамандықты барынша жоғары деңгейде алып жүруге, ағайдың маған деген сенімін ақтауға іштей өзіме-өзім серт бердім.

Ағайдың сол кездегі маған артқан сенімінің нәтижесінде, бүгінде мен өзім де оқытушылық жолды жалғастырып,  ол кісінің үйреткен ақылы мен білімін  тәжірибемде қолданып келемін. Мен де Серік ағай сияқты шәкірт тәрбиелеуде әрбір студенттің жүрегінен орын таба алуға, әдебиет әлеміне  сүйіспеншілігін оятуға ат салысып жүрмін.

Сөзімді қорытындылай келе, ағайдың осындай дара қасиеттері арқасында ол кісінің тәрбиеленген студенттері  Қазақстанның түпкір түпкірінде еңбек етуде. Олардың да ағайдың көрсеткен сара жолдарын, өз өмірлерінде, тәжрибелерінде қолданып жатқанына  мен кәміл сенемін. Себебі шәкірттің өзі сүйген, жылдар бойы тәлім алған ұстазының аяулы бейнесі көкірек көрігінде, жүрек түбінде сақталуы заңдылық.   Ұстаз- баланы адам қылып тәрбиелеп, күлімдеген, күнім деген, сенің жүрегіңе болашаққа мақсат қоя білуге сенім ұялатқан зор тұлға.  Міне, біздің Серік ағайымызда осындай зор тұлға еді.

 

Әсем Дүмшебаева,

Диджитал колледжінің

(бұрынғы атауы ҚАУ жанындағы Алматы байланыс колледжі)

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің

жоғары санатты оқытушысы,

педагогика ғылымының магистрі.

Абай атындағы ҚазҰПУ 2004 жылғы түлегі

 

-----------------------------------------------------------------------------------------

 

«ҒАЛЫМНЫҢ ХАТЫ ӨЛМЕЙДІ, ЖАҚСЫНЫҢ АТЫ ӨЛМЕЙДІ»

«Ғалымның хаты өлмейді, Жақсының аты өлмейді»... Серік ағай жайлы естелік жазбаны дәл осы сөзбен бастағым келеді. Бүгінде өзім басқа салада жұмыс істесем де, ағай жайлы бірер сөз жазғанды жөн көрдім. Ағай адамгершілігі мен мейірімділігімен әр шәкіртін баурап алатын ұлағатты ұстаз болумен бірге, әдебиетті жан-жақты зерттеген ғалым. Ағай дәрісін байыппен асықпай оқи отырып, қай студент не істеп отыратынын байқап қоятын. Сондай-ақ студенттеріне жекіп ұрыспайтын, керісінше еркелете отырып ұялтып алатын. Біз құрбым Әсел екеуіміз әрдайым ағайдың алдында бірінші партада отыратынбыз. Бірде сабаққа дұрыс дайындалмай келген едім... Конспектілерімді тез қарап шығайын деп жанталасып отырсам, ағай: «лирика туралы Лира айтып бастасын», -деп мені тұрғызғаны бар ма? Содан әйтеуір әріден бастап, білгенімді айтып жатырмын, ағай арасында маған қосылып, өзі түсіндіріп те қояды (дұрыс дайындалмағанымды түсініп тұрғаны анық), сөйтіп ағай екеуіміз бірге сабақ айтып шыққан болатынбыз. Содан біразға дейін ағайдан ұялып жүрдім... Бірақ ағай, «дайындығың нашар», «неге дайындалмадың?»,- деп еш ескерту жасамады. Осыдан кейін ағаймыздың «Тесті, студенттің тілін кесті» деген сөзін бар шәкірті білетін шығар. Серік ағай шын мәнісінде, ана тіліміздің үлкен жанашыры еді. Әрқашан әдемі, көркем сөйлеуге шақыратын. Жалпы ағай білім нәрімен сусындатып қана қоймай, шәкірттеріне ұлттық тәлім-тәрбие беріп, ұстамдылық пен мейірімділікке, тұлға ретінде  қалыптасуына бағыт-бағдар беретін ерекше жан еді. Ағайымыздың жылулыққа толы мейірімді жүзі мәңгі есімізде.

Лира Рахымберлиева,

"Jusan bank" АҚ Аударма басқармасы, бас менеджер

 

--------------------------------

СЕРІК АҒА ДАРА МАҒАН!

      Ұстазым Серік Мақпырұлына арнау

 

Бала едік аттанған студенттік өмірге,

Алып ұшқан құлшыныс бар білімге.

Қара шаңырақ Абай дана төріне...

Кіріп келдік еш уайым жоқ көңілде.

 

Көңілім бар әлі де масайраған,

Білім ордам әлі күнге асыл маған.

Ұстаз көрдім...дос та таптым ардақты,

Бала шақтың албырттығы басылмаған.

 

Ғалымдық жолыменен дараланған,

Асқар таудай Серік ағай дара маған.

Ұстаз-ғұмыр...өмірі өнеге боп,

Әр шәкірттің жүрегімен бағаланған.

 

Бойында бар тектілік пен біліктілік,

Білім берді бәрімізге түріп білек.

Өр тұлғалы ағайдың өнегесін,

Ақтарады жыр қылып әрбір түлек.

 

Жүруші еді...біздермен жарқын күліп,

Сөзімізді қалжыңмен түрлендіріп.

Сүрінгенді-сөзімен, адасқанды-ақылмен,

Тұрғызатын орнынан жігер беріп.

 

Әр қазақтың баласын қамшылаған.

Жақын жүрді жанымызда, жасын адам,

Білім берген ұрпағыңның жүрегінде,

Мәңгі бейнең қалады Асыл адам!

 

Ж.Мамраева,

 Жетісу облысы,Сарқан ауданы, Сарқан қаласы "Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебі" КММ-нің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі

 

 

Пікірлер