ӘУЛИЕАТАНЫҢ ҮЕҰ «ASAR» ФОРУМЫНА ҚАТЫСТЫ

3687
Adyrna.kz Telegram

Тамыздың 21-22 күндері Павлодар қаласында өткен «ASAR» III республикалық форумына Жамбыл облысының үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері қатысты, деп хабарлайды adyrna.kz ұлттық порталы. Аталған жиын ҮЕҰ-бизнес-мемлекеттің үшжақты ынтымақтастығының «Әлеуметтік инновациялар: өңірлік даму жетістігінің формуласы»  тақырыбында өтті.

Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының азаматтық қоғам институттарымен жұмыс бөлімінің басшысы Мақпал Досымбекованың айтуынша, облыстан форумға 4 ұйым мен 2 мемлекеттік қызметкер қатысқан. Олардың ішінде «Освобождение-Юг» қоғамдық қорының президенті Дәурен Бағжанов, Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы" заңды тұлғалардың бірлестігінің президенті Исламбек Дастан, «Аяулы алақан жылуы» мүгедектер бірлестігінің Бас директоры Әсел Дауылбаева және "Нұр Қайырым" МҚ қоғамдық бірлестігі төрағасы Әбдімәжит Абсаттаров бар.

– Үшжақты ынтымақтастық жасалатын ASAR республикалық форумы биыл дәстүрлі түрде үшінші рет ұйымдастырылып отыр. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырған жиынға кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметкерлер және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Форумның басты мақсаты жергілікті қоғамдық ұйымдардың әлеуметтік және азаматтық бастамаларды дамытуға қосқан үлесін анықтап, дамыту болып саналады. Алдын ала министрлік онлайн арқылы ҮЕҰ-дың әлеуметтік жобаларын жинастырып, кәсіпкерлерге ұсынады. Егер кәсіпкерге қандайда бір жоба ұнаса, форум аясында оны жүзеге асыру үшін келісім-шарт жасалатын болады. Мәселен былтыр Талдықорғанда облысымыздың «Нақты көмек» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Шолпан Ахметова әлеуметтік грантты жеңіп аған болатын. Шолпан Дәукенқызы мүмкіндігі шектеулі жандарды тігін мен тоқыма сияқты қолөнер жұмыстарына баулып, ары қарай жұмыспен қамтитын жоба ұсынды. Біз Алматы қаласынан инвестор тауып, кәсіпкер мен «Көмек» ұйымының арасында меморандумға қол қоюға ықпал еттік, – дейді ол.

Павлодар облысында өткен форумда кәсіпкер мен үкіметтік емес ұйымдар арасында келісім-шарттар жасалып, ауқымды жобалар қолға алынды. Мақпал Досымбекованың айтуынша, Жамбыл облыстық ішкі саясат басқармасы әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға айрықша көңіл бөліп отыр. Мысалы өткен жылы өңірді дамыту бойынша 5 шағын гранттар берілсе, бұл игі іс биылда жалғасын табатын болады.

Ең алғашқы ASAR форумы Атырау және Талдықорған қалаларында өткен болатын. Форумның ережесіне сәйкес жиын әр жылы әр өңірде өтеді. Биыл жиынға қатысушылар ендігі форум оңтүстік өңірлерде ұйымдастырылса деген өтініш айтты.

"АДЫРНА"

Ұлттық порталы

Пікірлер