«АСЫЛ АРМАННЫҢ» АТҚАРҒАН ЖҰМЫСЫ АУҚЫМДЫ

4355
Adyrna.kz Telegram

«Асыл арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау» қоғамдық бірлестігі биылда ауқымды жұмысты атқарады. Бұл туралы қоғамдық бірлестіктің жетекшісі Ринат Нұрақбаев мәлімдеді, деп хабарлайды adyrna.kz ұлттық порталы.

Ринат Нұрақбаевтың айтуынша, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, халықтың рухани мәдениетін дамытуда айрықша рөл атқарып отыр. Сондай-ақ ол аталған бағдарлама «Асыл арман» қоғамдық бірлестігінің жұмысын жандандыра түскенін айтады.

– 2011 жылдың тамыз айында құрылған «Асыл арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау» қоғамдық бірлестігі ұлттық салт-дәстүрді насихаттауға айрықша назар аударып отыр. Сондықтан да біз Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шыққанда қатты қуанып, оның мән-маңызын терең сезіндік. Өйткені біздің бұған дейін жүргізген жұмысымыз «Рухани жаңғыру» бағдарламасына тікелей қатысы болатын.   Сондықтан да биыл біз облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында арнайы жобаны іске асырамыз деп отырмын. Аталған бағдарлама бойынша «Жомарт жүрек» деген атпен Тәуелсіздік жылдарында жетістіп, халыққа пайдасын тигізіп жүрген азаматтарды халыққа үлгі ретінде таныстырамыз, – дейді ол.

Сондай-ақ Ринат Даниярұлы облыс әкімдігінің білім басқармасының қолдауымен қыз баласының тәрбиесіне қатысты жобаны жүзеге асыратынын тілге тиек етті.  Себебі ол 2011 жылдан бері  қыздардың ұлттық тәрибиесіне арналған «Инабат» клубы жұмыс жасап, ауқымды іс-шараларды іске асырғанын айтады.

– Облыстық білім басқармасының қолдауымен қыз балалаларды инабаттылық және тән саулығына тәрбиелеу мәселелері бойынша жұмыс бастап отырмыз. Біз жоспар бойынша аудан-ауданды аралап, кездесулер ұйымдастырамыз. Мәселен бүгін Жамбыл ауданына барып, ондағы қыз-келіншектермен кездесіп қайттық. Біздің облыстың Қордай, Жамбыл, Меркі аудандарында өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған. Олардың ішінде кәмілеттік жасқа толмай жатып, некеге тұрушылар кездесіп қалып жатады. Күрттер мен түріктер және дүнгендер өздерінің салт-дәстүрі бойынша ерте жастан некеге тұра береді. Біз оларға ерте некелесудің зияны туралы баяндап, заярлы ұстанымда болуға шақырамыз. Сондай-ақ қазақи аудандарда да әр түрлі мәселелер туындап жататыны жасырын емес, – дейді ол.

«Асыл арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау» қоғамдық бірлестігі тәрбиеден бөлек, білім алуға айрықша көңіл бөліп жүр. Оған  дәлел 2015 жылдан бері облыстық «Жамбыл» телеарнасынан көретіліп жатқан «Жас талап» интеллектуалдық телеойы.

– Аталған жоба арқылы мектеп түлектері М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік Университетінің 3 грантын иемдене алады. Сондай-ақ,  «Жас талаптың» талапты қатысушыларына 75 және 50 пайыздық жеңілдіктер қарастырылған. Егер тегін гранттың бірін алған түлек басқа оқу орнына түстетін болса, әу баста ректормен келіскендей онда ол грант күймейді. Яғни, келесі үміткерге берілетін болады. Алла қаласа алдағы жылы тағы да «Жас талап» интеллектуалдық телеойыны жалғасын табады деп сенемін, – дейді ол.

Ринат Даниярұлы бірлестік облыс пен қаланың қоғамдық мәдени іс-шараларына қатысып, халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтынын айтады. Сондай-ақ ұйым өкілдері қарттар және балалар үйі секілді әлеуметтік мекемелерге барып, қайрымдылық концерт ұйымдастырады.

"АДЫРНА"

ұлттық порталы

 

Пікірлер