Қытай екі оттың ортасында тұр

5715
Adyrna.kz Telegram

Соңғы үш айдан бері Гонконгтің мыңдаған тұрғыны Пекин ұсынған "қылмысқа күдіктілерді Қытай, Макао және Тайпейге беру туралы" заң жобасына қарсы шерулетуде. Бұқаралық ақпарат құралдары қытайдың Гонконг шекарасына әскер апарғанын жарыса жазып жатыр. Гонконг пен Қытайдың арасындағы теке-тіресте кім жеңіске жетуі мүмкін? Көршімізді әбігерге салған бұл оқиға Қазақ еліне қалай әсер етеді?

Тамыздың 14 күні АҚШ президенті Дональд Трамп Гонконгтегі дағдарысты шешу үшін Қытай басшысы Си Цзиньпинмен жеке кездесуге әзір екенін айтты. Бұл туралы Трамп өзінің Twitter парақшасында "Президент Си Гонконг мәселесін жылдам әрі адамдықпен шешкісі келсе, шеше аларына күмәнім жоқ. Жеке кездесейік пе?" деп жазды. Келесі бір жазбасында Трамп "Қытай мен АҚШ арасындағы сауда жанжалы шешілуінің бір алғышарты - Қытай билігінің Гонконгке адамдықпен қарауы" деді.

Гонконг билігі митингке түрткі болған күдіктілерді Қытайға беру заңынан бас тартты. Алайда шеруге шыққандар Гонконг атқарушы билігі басшысының отставкаға кетуін талап етіп жатыр. Халықтың митинке шығуының астарында не жатыр және қытай шекара маңындағы әскерін көтерілісті басуға пайдаланбай ма?


Сарапшы Естай Божанның айтуынша, Гонконгтағы наразылық бір ғана заң жобасы үшін болған жоқ. Ол бұл мәселеде Гонконг дағдарысының қандай кезде пайда болғанына мән беру керек екенін ескертеді.

– Әңгіме Гонконгтағы демократиялық талпыныстарда ғана емес, оның артында бірнеше державалардың ойыны жүріп жатыр. Себебі, Гонконг Қытайдың қаржы өткелі болып саналады. Дамыған елдердің қаржысы Гонконг арқылы Қытайға кірсе, сол секілді Қытайдың қаржысы Гонконг арқылы сыртқа ағылып жатыр. Бұл ойындарды түсіндіру дербес бір тақырып. Ал, енді Бейжіңнің қару қолдану-қолданбауы дегенге келсек, әрине, қарулы күш қолдануды мүлде болмайды деп ешкім кесіп айта алмайды. Пекин қандай тактикалық, стратегиялық қадамға барады, оны тап басып айту қиын. Қазір ереуілдерге қарсы «ақпараттық шабуыл» жасап жатқанын білеміз. Бірақ, күш қолдану қазіргі кезде Бейжің үшін мүлде тиімсіз харекет. Егер Бейжің өзіне деген қысымды ауырлатқысы келмесе мұндай қадамға бара қоймайды. Себебі, Гонконг Қытай ғана емес, Британия, АҚШ, Оңтүстік Шығыс Азия елдері, Еуропа елдері секілді көп жақты мүдделердің тоғысқан жері. Гонконгқа атылған оқ Батыс елдерінің Қытайды санкциялауына толық себеп бола алады, – дейді ол.

Әрине, экономикалық санкция Қытайдың жанды жері болып саналады. Сондықтан да аталған мемлекет Гонконг мәселесінде үш айдан бері батыл әрекетке бара алмай отыр. Ал іргеміздегі көрші елдің ішіндегі жағдай қазақ еліне қалай әсер етуі мүмкін?

– Көршілес елдер мен аймақтардағы болып жатқан оқиғалар өзінің салмағына қарай бізге де әсер етеді. Біз алыс жатқан Шығыс және Оңтүстік Шығыс Азияға назар аудармағанымызбен, Қытайдың Орталық Азиядағы ықпалының артуына сол өңірдегі елдердің тікелей және жанамалай әсері болды. Бұл да өз алдына бөлек тақырып. Қытай демократиялық өзгерісті күтіп тұрған ел. Бүгін болмаса ертең бұл елде қандай да бір жаңару болуы мүмкін. Батыс елдерінің де көздейтіні сол. Ал Гонконг пен Тайуан (Тайвань) осы өзгерістерге қозғаушы күш. Қытай сияқты ықпалды әрі қуатты көршіңде демократиялық өзгерістер болып жатса, бізге жаман болмас еді. Гонконг мәселесінің бізге ықпалын осы жағынан қараған дұрыс болар. Ал мен, сіз айтқандай, Қытайдың агрессивті қатерінің соншалықты күшті екеніне сене алмаймын. Бейжіңнің бізден де басқа бас ауыртатын мәселесі шаш етектен – дейді ол.

Қоғам белсенділері «Елде әділ сайлау өтіп, демокартиялық мемлекет болуымыз керек» деп айтып жатады. Алайда іргеміздегі Ресей мен Қытайда оң өзгеріс болмай, біздің елде жағымды жаңалық болуы мүмкін емес. Соңғы кездері Ресейде де наразылық шерулері жиілеп, Путин режиміне қатер төндіре бастады. Сарапшылар Кремьлдің түбіне Батыс салған санкциялар жететінін айтады. Ал қытай Гонконг мәселесін шешуде әскердің көмегіне жүгінсе экономикалық қыспаққа қалады. Бұл – мемлекет шаңырағының шайқалуына алып келетін қатерлі қадам. Әйтсе де, билік наразылардың талаптарына көнсе, ел ішіндегі наразы көңіл-күйде жүргендер бас көтереді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қытай екі оттың ортасында тұр.

 

Серік ЖОЛДАСБАЙ
"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер