Зейнеп АХМЕТОВА: Тыйым — тәлім-тәрбие көзі

6487
Adyrna.kz Telegram

Халқымызда «баланы — жастан» деген сөз бар. Бала оңы мен солын танымай жатып-ақ көп нәрсені үйретуге тырысқанымызбен, кейде белгілі бір нәрселерден тыйып жатамыз. Көп жағдайда, мысалы, «жағыңды таянба», «табалдырықты баспа» деп айтуын айтқанмен, балаға оның мән-мағынасын түсіндірместен, «жаман болады» деп бір ауыз сөзбен шектей саламыз. Осынымыз дұрыс па? Жалпы, тыйым сөздер қайдан шыққан? Оның астарына зер сала қарадық па? Бұл жайында Зейнеп апай не дейді екен…

ТӘРБИЕНІҢ АРҚАУЫ — ӘДЕПТІЛІК

Адамдық тәрбиенің алтын арқауы да, халық педагогикасының қайнар бастауы да — әдептілік. Ұл-қызына көрсетер инабатты үлгісі жоқ, әдебі жоқ халық болмайды. Әдептілікке бас имеген, әдептіліктен нәр алмаған салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты ешбір халық жасамапты.
Әрине, «әркімнің өзіне ылайық үлгісі бар, ол біреуге — тар, біреуге кең келеді» дегендей, әр ұлттың өз ерекшелігі бар. Әрбір ұлттың дүниетанымы сол халықтың өмір өзегінен, тұрмыс-тіршілігінен туындаған. Өресі кең халықтың салт-дәстүрі салауатты, өнеге-тәлімі өрелі болады. Құдайға шүкір, қазақ халқының рухани болмыс-бітімі, адами қасиеттері, этикалық қағидалары көзін тауып, ретін келтіріп қолданса, бүгінгі күннің талай кем-кетігін толтырары сөзсіз. Тегінде, қазақ деген халық тамыры тереңге кеткен алып бәйтерек секілді, шайқалса да, құламайды. Халықтың зердесінде, тарихында, рухани мұрасында небір інжу-маржан жатыр. Сол асыл қазыналарымыздың қасиетін, мән-мағынасын ұрпағымыздың бойына жұғысты етіп, ертеңгі күнге жалғастыра ұқтырсақ, ұл-қыздарымыздың келешегі де жарқын болар еді.

АС АТАСЫ — НАН
Қазақта «ас атасы — нан» деген сөз бар, яғни астың, дәмнің үлкені — нан. Бала ақ пен қараны ажыратып танымай тұрып-ақ оған оң қолына нан ұстауды, нанды баспауды, тастамауды үйретеді. Нан қасиетті. Адам кез келген тамақты екі күн жесе, ол қанша нәрлі болғанымен сол тамақтан жалығады. Ал бірақ адам баласы өмір бойы наннан шықпайды, наннан зерікпейді, жалықпайды. Дастарқаныңыздың үстінде күнде нан тұрмаса, көңіліңіз де, дастарқаныңыз да — орта, берекеңіз кетіп, дүние ойсырап тұрған секілді басқа тамақ көзіңізге көрінбейді. Нанның қасиеттілігінің өзі осыдан-ақ көрінеді. Ұнның құрамындағы адамның бойына нәр беретін, куат беретін ағзаға қажеттінің бәрі бар. Өзге халықты қайдам, қазақтың нансыз күні жоқ деуге болады. Қазақта «қатықсыз қара су ішіп, қара нан жесек те, амандық болсын» деген де сөз бар ғой… «Нанды жерге тастама», «нанның үстіне зат қойма», «нанды төңкерме», «нанды бір қолмен үзбе» деген сөздің барлығы — сол нанның қасиетіне орай айтылған тыйымдар. Тіпті адам ашыққан кезде қолы жетпейтін биікте тұрған нанды Құранның үстіне шығып алуға болады екен, бірақ нанның өзін ешқашан баспаған. Нанның қасиетті Құраннан да жоғары бағаланатынын осыдан-ақ білуге болады. «Адам атамыз бен Хауа анамыз пейіштен қуылған кезде ит бірге ілесіп кетіп, сонда бидай иттің ұртында келген дейді. Итті «жеті қазынаның бірі» дейтін себебіміз адамзат сол иттің ырыздығын жеп жүр» деген бұрыннан келе жатқан аңыз бар. Бір таңданарлығы, жер бетінде басқа дақылдардың, жемістердің барлығының жабайы түрі бар. Айталық, алманың, жуаның, сұлының дегендей, барлығының жабайы түрі табиғатта кездеседі, бірақ бидайдың жабайы түрі жоқ. Сол себептен де, қазіргі тілмен айтсақ, бидайдың ғарыштан келгеніне иланасың. Шынымен, осы қисынға, «бұл жердің дәні емес, бізге бейнебір ғарыштан жеткен» дегенге біртүрлі сенгің келеді. Үйге келген кез келген адам асығыс болса да, өзге тамақтан емес, наннан ауыз тиіп шығады.

Адамдардың арасындағы ынтымақ бірлік, бір-біріне деген жақсы қарым-қатынас, ауызбіршілік дастарқанның үстіне қойылған нан арқылы нығая түседі, яғни өзі нан ауыз тиген үйіне қазақ жамандық тілемеген. Нанын берген адамға жамандық ойламаған. Қазақтың «бір күн дәм татқан жерге қырық күн сәлем» дейтін сөзі осыдан келіп шыққан.

Бір жолы Жаңа жыл кешінде неше түрлі тағам түрін дайындап, дастарқанға толтырып қойып жатқанымда ата үстелді көзімен бір шолып қарап: «Балам, бұдан кейін қандай дастарқан жасасаң да, дастарқанға алдымен нан қоюды ұмытпа!» — деді. Мен сонда жастығым ба, абайламай өзімнің дастарқанға алдымен нан қоймаған қателігімді мойындап, екінші қайтып қайталаған жоқпын. Өмір бойы ұмытпадым да. Менің сол кезде жіберген қателігімді қазір жиі әрі кез келген жерде кездестіруге болады. Қандай қонаққа барсақ та, мейрамханаларда болсын емен үстел майысып, тіпті бұрын көрмеген тағамның түр-түрі тұрғанымен, нанды соңынан әкеліп жатады. Кейбір адам қонаққа шақырып отырып «ойбұй, нан қоюды ұмытыппыз» деп жатады, яғни нан қоюды ұмытып кетіп жатамыз. Дастарқаныңыз берекелі болсын десеңіз, үйіңізге ырыс кірсін десеңіз, отырған адамдардың ықылас-пейілі өз шаңырағыңызға аусын десеңіз алдымен дастарқаныңызға нан қоюды ұмытпаңыз. Өйткені жай нанның өзінде пенделердің көзіне көрінбейтін адамдарды тартатын қасиет бар.

БАЛА КӨРГЕНІН ІСТЕЙДІ

«Нанды бір қолмен үзбе» дейді. «Онда тұрған не бар» деп түсінетіндер бар. Олар мұның кесірлік екенін түсінбегендіктен солай ойлайды. Қасиетті нанды бір қолымен қалай болса солай үзген кесір болады. Айтпай кетуге болмайтын бір оқиға есіме түсіп отыр… Кеңес өкіметінің кезінде ең арзан өнім нан болды. Ауылдық жерде кездесе қоймағанмен, қалалық жерде жатқан нанды аяғымен теуіп ойнап жүрген балаларды көзіміз көрді. Бізге кішкене кезімізде үлкен кісілер, ата-анамыз «жерде жатқан нанды көтеріп биікке қойыңдар, құс шоқып жесін» дегенді жиі айтатын. Біздің жасымыздағы адамдар болмаса, жастарымыз жерде жатқан нанды көргенде, мән бермей кете береді. Сауабы тисін десеңіз, біреудің жерге тастап кеткен нанын көтеріп биікке қойыңыз.

Өз басым осыны немерелеріме аяғы шығып өздері жүре бастағаннан үйретіп келемін. Көшеде жетектеп келе жатқанда аяқ астында жатқан нанды алып биікке қойғанымды олар талай рет көрді. Тәрбие айтудан ғана емес, көрсетуден сіңеді, сондықтан да болар, жерде жатқан нанды «құс жейді» деп көтеріп биікке қойып жатқан немерелерімді көргенде ішім жылып қалады. Бала көргенін істейді. Олай болатын болса, мың рет айтқаннан бір рет көрсеткен әлдеқайда тиімді екенін естен шығармағанымыз жөн.

90-жылдары қиыншылықты бастан өткердік. Дүкендердегі тапшылық, қаңырап бос тұрған сөрелер, зейнетақы мен еңбекақының уақтылы төленбеуі, жарықтың болмауы, газдың жиі берілмеуі, міне, осындай қиыншылықты қаладағы кез келген отбасы басынан өткерді деуге болады. «Апырм-ай, бір кездері нанды соншалықты кесірленіп аяқасты қылып едік, мынау соның зауалы ғой…» деген ой мені сонда жиі мазалады. Көпке топырақ шашудан аулақпын. Бірақ қалай айтсақ та, нанның қадірін білмей кеткендер болды. Сол жоқшылық арқылы Жаратқан иеміз бізге бір кездегі кесірлігімізді көрсетті. Олай болатын болса, мың жерден бай болыңыз, бар болыңыз, бірақ ең алдымен, ас атасы — нанды қадірлеңіз! Біздің кішкене кезімізде нанды үзгенде уағына дейін қалдырмай жегізетін. «Нанның уағын жеп отыр» деп кейбіреуге біртүрлі көрінуі мүмкін, бірақ айналып келгенде нанның уағы да нан ғой. Бүтін нанды нан деп, нанның уағын шелекке тастау — күнә. Сондықтан да балаға жасынан нанды оң қолына ұстатып, уағын тастамауға, нанды үгітпеуге үйреткен жөн. Тыйым дегенді «мынау жаман», «ескіліктің қалдығы» деп түсінбеген жөн. Біздің ата-бабаларымыз ғасырлар бойы осы тыйым сөзбен балаларын тәрбиелеп отырған. Ол әшейін жай ғана «сөйтпе-бүйтпе» емес, оның әрқайсысының астарлы мағынасы бар.

АҒАРҒАННЫҢ ҚАСИЕТІ ЖАЙЫНДА

Қазақтың тыйым сөзі — ұлттық тәрбие көзі, яғни қазақ кішкентай кезінен жақсылыққа үйір, жаман әдеттерден аулақ болсын деп тыйым арқылы баласын тәрбиелеп отырғанын біз өткен жолы да айттық. Халқымыздың қанына сіңген тектілігі, адамгершілігінің жоғары болуы, әртүрлі келеңсіз көріністерден, әбес қылықтардан аулақ болғаны осы қазақтың тыйымының арқасы, яғни бала бойына ертеден сіңіргеннен. Құдайға шүкір, біз сол ата-әжелеріміздің тыйымымен өстік. Үлкендер бізге обал-сауапты кішкентайымыздан құлағымызға сіңірді. Біз өткен жолы нан мен тұзға қатысты, өзіміз қасиеттейтін дастарқан жайлы айтып өттік. Ендігі әңгіме ағарған жайлы болмақ. Біздің халық нан мен тұздың қатарына ағарғанды жатқызады, өйткені ақты да қатты қадірлеген. Айталық, «ақты баспа» дейді. Ақ дегеніміз не? Бұл — сүт, айран, қатық, қымыз, шұбат… Осының барлығы ақтың құрамына кіреді. Өйткені ол — сүт. Мал өзінің төлін алғашқыда сүтімен асырайды. Адам баласы анасының сүтімен жетілетін болса, малдың төлі де — сол, өзінің енесінің ақ сүтімен жетіледі. Мал да өзінің ұрпағын сүтімен өсіреді. Оның үстіне біздің қазақ төрт түлік малдың қадірін жан-жақты білген, өзінің өміріне тірек еткен. Қазақ — малды көп ұстаған халық. Ақтың қадірін, өзгелерге қарағанда, дәл қазақ халқындай жақсы білетін әрі қадірлейтін халық кемде-кем шығар… «Ақты баспа», «ақты төкпе» деп жатамыз. Өйткені төгілген ақты баспау керектігін мал желінінің ісіп кететіндігімен түсіндіреді. Алғаш найзағай ойнағанда, көктемнің алғашқы жауыны жауған кезде киіз үйдің босағасына, керегелерінің басына ырымдап ақ жағады. Көктен жаудырсын, жерден өндірсін, ақ мол болсын, береке болсын деген ізгі тілек жатыр мұның астарында. Қазақ ұғымындағы ақ атаулы — азықтық тамақ қана емес, ол шынымен қаншама төлді өсіріп отырған қасиетті сүт қой. Сондықтан ананың ақ сүтін ардақтай білетін қазақ халқы малдың сүтін де қадірлеген.

Қазақта «ақ» сөзімен тығыз байланысты ұғым өте көп. «Ақ жаулықты ана», «ақ сақалды қарт», «ақ сүт», «ақ неке» дегендей, ақ сөзімен байланысқан ұғымы терең сөздер тазалықты, пәктікті айғақтайды. Жылан екеш жыланға да көңіліміздің түзулігін білдіріп, жамандық жасамай, басына ақ тамызып шығарып жібереміз.

Қазақ ешқашан үйге кірген жыланды өлтірмейді. Өйткені жылан өздігінен, қарнын тойғызу үшін адамды шақпайды, тиіп кеткенде өзін қорғау үшін шағады. Ата марқұм: «Енді оның тебетін аяғы, ұратын қолы жоқ, тым болмаса әкеден бастап сықпыртып боқтайтын тілі де жоқ, жыланның жаратылысы солай, шақпағанда қайтеді…», — дейтін еді. Алла тағала тектен-тек ештеңені жаратпаған. Қазақта «жатқан жыланның құйрығын баспа» деген сөздің өзі біраз жайды аңғартпай ма?! Тіпті адам таңғаларлық, қазақтың әрбір мақалының өзінде ұлттық тәлім-тәрбиенің көзі жатыр деуге болады. Түсінген адамға тіпті қазақтың әрбір сөзінің өзі — ұрпағына қалдырған үлкен қазынасы. Өкініштісі, оның мағынасына терең бойламаймыз. Бүгінде көшеде төгіліп қалған сүтке мән бермейміз, шалпылдатып басып бара жатқандарды да көреміз. Бұл да — ұлттық сананың, ұлттық психологияның сұйылып бара жатқандығы…

СУДЫҢ ДА СҰРАУЫ БАР

Дүниенің төрт негізі болып табылатын от, топырақ, су, ауаға байланысты да тыйым сөздер өте көп. Осы төрт негіз болмаса, әлем жаратылмас еді. Өйткені оларсыз тіршілік жоқ. Сондықтан олар — киелі. Су — Алла тағаланың жан иесіне жасаған сыйы. Ауылдың балалары суға қатысты, мысалы, «суға түкірме», «суға дәрет сындырма», «суға қоқыс төкпе» деген сияқты тыйым сөздерді жадынан шығармауға тырысады. Айталық, күні бүгінге дейін ауыл балалары суға шомылып жүріп жеңілдегісі келгенде судан шығып, қажетін өтейді. Қалай десек те, ауыл балаларының аталары мен әжелері айтқан тыйым сөзге мән беріп, үлкендердің айтқандарын екі етпеуге бейім болып өсетіні анық. Ала-құла неше түрлі ұлттың басы қосылған қаланың балаларында ондай әдет жоқ. Қаланың ортасындағы Сайран көлін мысалға алсақ, біріншіден, соның айналасында адамдардың қажетін өтейтін жер жоқ, салынбаған. Екіншіден, сол жерден шығып былайырақ барып қажетін өтейтін баланы көрмейсіз. Өйткені олар жастайынан суға қатысты тыйымдарды естімеген, білмейді. Сайран көлінің қайта-қайта ластанып, шомылуға жарамсыз болып, жабылып жататыны осы себептен. Мұны аңғарып жатқан ешкім жоқ. Біздің жасымыздағы адамдардың кішкентайынан осындай тыйымды құлағымызға құйып, санамызға сіңіргендіктен, суға түкіру, суға қоқыс төгу, суға дәрет сындыру деген сияқты жаман әдеттерден аулақ болып өстік. Бала кезімізден бұлақтың көзін тазалауды парыз деп білдік. Әсіресе, наурыз кезінде. Ата-әжелеріміз: «Бұлақтың көзін ашу — Меккеге сапар шеккендей сауабы үлкен, қасиетті іс. Су бар жерде тіршілік бар, бұлақтың көзі ашылса, су мол болады. Су мол болса, шөп те, гүл де жайқалып өседі, егін бітік шығады. Адамдар мен жан-жануарлар тоқ болады, олар тоқ болса, бір-біріне қастық жасамай, бейбіт жүреді. Бастау-бұлақтардың көзін ашқандарың — өмір-тіршіліктің де көзін ашқандарың», — дейтін еді. Осыны естігенде тіршіліктің тірегі бізге қарап тұрғандай қанаттанып, бірде-біріміз қалмай, бұлақтар мен тұнбалардың көзін ашып, су ағатын жылғалардың жолын тазалауға кетуші ек. Бұл — біз үшін өзінше бір ғажайып серуен секілді еді әрі табиғатты аялаудың, қорғаудың талғамы мол тамаша үлгісі, халық өнегесі болатын.
Қазақта «судың да сұрауы бар» деген мақал бар. Түсіне білген адам мұның астарында үлкен мән жатқанын біледі.

Су — Жаратқан иеміздің жан иесіне жер бетінде тіршілік етуі, өмір сүруі, қам-қарекетін жасауы үшін тартқан сыйы. Ол адамның қолымен жасалатын нәрсе емес. Алла тағаланың адам үшін жаратқан ұшан-теңіз байлығы болғандықтан, суды да қадірлеп, ықтияттап, бағасын түсініп, орнымен қолданып әрі аялай білуіміз керек. Суды аялай алмағанымыздан Аралымыз тартылып кетті.

Неше түрлі тоспаларды жасап жүріп, теңізімізден айырылдық. Бұл -
адамзаттың қолымен жасалған қасірет. Ендеше, суға қатысты айтылатын әрбір тыйым сөздің астарында өзіндік мән бар.

ОТТАЙ ОПАЛЫ БОЛ 

Жиі айтылатын тыйым сөздеріміздің отқа қатыстысы да баршылық. Айталық, «отты аттама», «ошақты аттама» дейді. Өйткені қазақ үшін от та қасиетті. Қазақтың отты қадірлегені соншалық, «менің үйім» деп айтпайды, «от жаққан жерім», «отымның басы» дейді. Қазақтың қандай керемет сөзі десеңізші! «Жанұя» дегенді кімнің шығарып жүргенін білмеймін, таралып кетті, жанның ұясының қайда екенін кім біліпті?! Жанұя деген не ол? Ал «отбасым», «отымның басы», «түтін түтеткен үйім» деген қандай әдемі сөздер! Қазақта киіз үйдің ортасына жаққан отының орнын көшкен кезде көміп тастайтын болған. От жаққан жерде қаншама ас әзірленді, ол астан қаншама адамдар дәм татып, нәр алды. Оттан қалған күлді де баспайтын қазақ сондықтан от жаққан, қазан асылған жерін көміп отырған. Даладағы жер ошақтарын ешқашан сол күйі қалдырмай, бітеп кеткен. Бір жағынан, атпен жүретін қазақ атының аяғы абайламай ошаққа түсіп кетіп, мерт болудан да сақтанған. Бұл да — біздің халқымыздың тектілігі. Бізде «оты өшті…» деген сөз бар, яғни бір үйде бас көтерер адамы, шаңыраққа ие болатын адам қалмағанда айтылған.

Баяғыда жау шапқан кезде алдымен шаңырағын ортасына түсіріп, отын өшіріп, күлін шашатын болған. Бұл — жаудың тірлігі. Сондықтан ылғи да жақсылыққа жаны құмар халқымыз «күлді шашпа», «отты өшірме» деген тыйым сөздерді айтып отырған. Қазақта «күлі шашылып қалды» деген сөз жақсылықта айтылмаған. Бала кішкентай кезінде күлді шашып ойнауы мүмкін. Бала — періште, күнәсіз. Бала — таза, пәк, ал оттың күлі де өте таза ғой, сондықтан кей жағдайда «күлшашары бар» деп бала мен күл тазалығын біріктіріп, айтып жатады. Басқа ұлттарда оттың үстінен секіріп ойнап жататын көрініс бар. Оларда біздегідей тыйым жоқ.

Ол — халықтың қалыптасқан өзінің дәстүр-салты. Әр халықтың өзінің сонау ғасырлардан жеткен ырым-тыйымдары, әдет-ғұрыптары үлкен күшке, энергетикалық жолға айналып кеткенін үнемі айтып келемін. Сондықтан өз дәстүр-салтымыз өзімізге ғана жұғысты. Өкінішке қарай, біз осы ата-бабамыздан қалған құндылығымызды жай айтыла салған сөз сияқты, әншейін бір жоққа сенушілік секілді қабылдаймыз. Қазіргі ғаламтордың ішіне «кіріп» кеткен жастарымыз мұны керек қыла бермейді.
Олай болса, балаларға кішкентай кезінен бастап мұның барлығын жете түсіндіріп, қадір-қасиетін ұғындырып отырса, олар барлығын қадірлеуді, аялауды үйренеді. Тілімізде «шырағың сөнбесін» деген керемет сөз бар. Үлкендер: «Отың лаулап жансын! Шырағың сөнбесін!» — деп бата береді. «Шаңырақтың отын өшірмей, әрі қарай жалғастыратын ұрпағың болсын» деген тілек — бұл. Қазақта жас келін түскен кезде отқа май құйғызады. Себебі май құйғанда от лаулап жанады. Сондағы оттың жалынына қолын төсеп, сосын келінінің бетін сипайды. Мұны «шаманизмнің қалдығы» деп жүргендер баршылық. «Енді сен бір оттың иесі болдың, отың лаулап жансын! Оттай опалы бол! Жылуың оттай мол болсын! Оттай берекелі бол!» — деген келінге тілер мағынасы зор тілек жатыр мұның астарында. Осыны шаманизмге апарып тірейтін ештеңесі жоқ. «Түтіні түзу шығып жатыр» деген отпен байланысты сөзді де отбасының бірлігі мол, қазанының қаспағы кетпеген берекелі шаңыраққа қаратып айтып жатамыз. Отсыз адамның күні жоқ. От — жылу, от бар жерде өмір бар, тіршілік бар. Ендеше, отқа қатысты тыйымдарды бір сәт естен шығармайық.


Әңгімелескен
Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ

 

Пікірлер