Руслан Жанпейісов не үшін тұтқындалды?

11930
Adyrna.kz Telegram

Полициядан қарапайым халықтың құқығын қорғаушы ретінде танылған блогер Руслан Жанпейісовтың тұтқындалғаны туралы хабар әлеуметтік желі арқылы тараған болатын. Полиция мен МАИ қызметкерлеріне қырғидай тиетін Жанпейісовтың құқық қорғау органының қызметкерлеріне "соғыс ашып"  жүргеніне де 1-2 жылдың көлемі болды. Заңды жетік білетін Жанпейісов заң қызметкерлеріне қалай тұтылды екен?  Ақпараттың анық-қанығын білу мақсатында Шымкент қалалық полиция басқармасына хабарласқанымызда төмендегідей ресми жауап алдық.

"Ағымдағы жылдың 18 маусымы Шымкент қаласының тұрғыны дене жарақатын алғаны үшін полицияға жүгінді.
Аталған факті ЕРДР-де Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің «Бұзақылық» 3-бөлігінің 293 және «Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру» 107-бабы 1-бөлігі бойынша тіркелген.
Сондай-ақ полиция қызметкерін қызметтік міндеттерін орындау кезінде қорлау фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің «Билік өкілін қорлау» 2-бөлігінің 378-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Қазіргі уақытта қылмыскер Шымкент қаласының тергеу изоляторына қамалды".

Шымкент қ. ПБ баспасөз қызметі

 

Шымкенттік белгілі заңгер Айгүл Орынбек өзінің Фейсбук парақшасында Русланның  тұтқындалғанын растап, жазба қалдырған. Онда Русланның өзі заңды үйретіп жүріп өзінің де жиі заң бұзатынын ескерткенін айтады.

"Руслан Жанпеисов ұсталғаны рас па?- деп сұрап жатқандарға айтарым, бұл ақпарат рас! Белсенді болған дұрыс, бірақ заңды бұзбай халыққа өнеге көрсету керексің. Бұл жолды таңдадың ба? Заңмен жүруді үйрен! Себебі шындықты айтқан сайын дұшпаның көбейеді. Елдің қолдауын өз жеке басының мәселесін шешу үшін пайдаланудың қажеті жоқ! Тек заңгер емес, белсенді ретінде осы жолда жүргеніме алты жылдай уақыт болыпты. Көптеген белсенділерді көрдім. Тез танылып, тез өшкендерді де білем. Кейбір белсенділер халықтың қолдауын табыс көзіне айналдырып, елді бопсалап, мемлекеттік қызметкерлерге дөрекілік танытып жатады. Халыққа заңды үйретіп, өздері заңды өрескел бұзып жатқанын байқамай қалады. Русланға мен бірнеше рет ескерткем видеоларыңда көптеген құқық бұзушылықтар бар. Тыныш жүрсей, бәрін заңды істесей деп. Алайда интернет жұлдызы ауруымен ауырған адамды дұрыс жолға салу қиын екен. Өткенде қала тұрғынына газ шашқан, сол кездің өзінде заң бұзған. Ол азамат арызданды ма, білмеймін. Одан ұлтараздық қоздыратын әңгіме айтты. Полиция қызметкеріне "Нациссің " деген сықылды. Ол жерде де заң бұзушылық фактілері бар болатын. Ал енді полиция қызметкерлеріне қол көтеру, бұл барып тұрған бұзақылық. Белсенді болу заңды ұмыту емес, заңмен жүріп заңның орындалуын мәдениеті түрде талап ету.
Полиция қызметкерлеріне қарап тікелей эфирде тұрып, "Ты че тупой"- деп айтудың өзі дұрыс емес! Ия белсенді болыңыздар! Бірақ қоғамды және ұлттың тілін сыйлаңыздар! Бар айтарым осы!" деп жазған танымал заңгер әрі қоғам белсендісі.

Әлеуметтік желіні тұтынушылар пікірі болса екіге жарылды. Бірі Русланды батыр десе, екіншісі өзіне сол керек еді деуде. Қазақша сөйлеген МАИ қызметкеріне "неге қазақша сөйлейсің? Нациссің бе?" деген сөзі Русланның көптеген қолдаушыларына ұнамай қалған болатын.  Үнемі полиция қызметкерлерімен тіресіп, заңсыздықпен күресіп жүретін Жанпейісовтың бұл бірінші рет тұтқындалуы емес.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан екі жыл бұрын, 2017 жылдың наурызында полициямен күресуші  ретінде танымал Руслан Жанпейісов сот залынан босатылғаннан кейін видео-хабарлама жолдаған болатын. Бұрын пара алды деп айыпталған Руслан тергеу изоляторында болған кезде өзін қолдаған барлық адамдарға рахмет айтқан.  Жанпейісов өз қолдаушыларынан демалуға аз уақыт сұрап, сосын қайтадан әділеттілік үшін күресін жалғастыруға уәде берген болатын.

 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер