«Қазақтың 100 күйі» нотаға түсті

4446
Adyrna.kz Telegram

Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Астана қалалық әкімдігі мен мәдениет басқармасының қолдауымен «Қазақтың 100 күйі» атты партитуралар жинағы жарық көрді. Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен, бұрынғы Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қолға алуымен «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» аудио антологиясы жарық көрген болатын. Енді сол таспаға түскен туындылардың ішінен жүз күй қағазға көшіріліп, ноталар жинағы ретінде басылып шықты. Астана қалалық мәдениет басқармасы мамандарының айтуынша, құнды кітап музыка саласының мамандарына арналған керемет тарту болып отыр. Кәсіби күйшілермен қатар күй өнерімен әуестенушілерге де тигізетін пайдасы ұшан-теңіз. Арнайы музыкалық оқу орындарының студенттері мен оқушыларына берері мол. Сонымен қатар күйлердің сарапталуы, жіктелуі жөніндегі музыка мамандары мен ұжымдар туралы ақпараттық-сараптамалар да енген.
- Ұлт мәдениетінің арғы-бергі тарихын зерттеп, жүйелеп, бүгінгі жас ұрпақтың кәдесіне жарату және оны әлемдік деңгейде насихаттау мақсатында жасалған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» жобасының жүзеге асырылуын ұлттық музыка тарихындағы елеулі оқиға деп бағаласақ, партитуралар жинағы — музыка мамандары үшін ерекше оқиға.
«Құлақтан кіріп бойды алар, Әсем ән мен тәтті күй» демей ме хакім Абай. Құрманғазы, Дәулеткерей, Байжігіт, Тәттімбет, Қазанғап, Сүгір, Тоқа, Абыл сияқты халқымыздың асыл өнерін ұстаған ұлы күйшілердің мол мұрасын әзірге 500 данамен шығардық.
«Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» жобасы аясында бағзы замандардан келе жатқан күй атасы Қорқыттан бастап Ықыласқа дейінгі қобызға арналған күйлер мен Сармалай бастаған сыбызғы күйлерінің де сараланып, осы жинаққа енгізілуі — жобаның құнын арттыра түсетін соны жаңалық. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ күйлері — халқымыздың ғасырлар бойы армандап, бүгінгі ұрпақ жүзеге асырған, тәуелсіздікті жақындатқан ең қастерлі құндылық. Ұлттың ұлылығын, жұрттың мықтылығын танытатын рухани құндылықтары, оны мұра етіп қалдырған ой өлшемі биік, қаны да, жаны да таза арыстар екені айдан анық. Жалпы, күй өнерінің өмірге келген кезеңін тап басып ешкім айта алмаса керек. Тіпті біздің дәуірімізге дейін де алуан түрлі сарындардың болғаны, оны орындаған аспаптардың сақталғаны мәлім.
Ал көне ғасырдағы Қорқыт, ХІІ ғасырдағы Кетбұға, ХІV-XV ғасырлардағы Асанқайғы, Қазтуған, XVІ-XVІІ ғасырлардағы Байжігіт, XVІІІ ғасырдағы Абылайхан, XІХ ғасырдың басындағы Құрманғазы, Дина, Тәттімбет, Абыл, тағы басқа алыптар, олардың ізін қуған дара таланттар тарау-тарау әңгіменің, том-том кітаптың арқауы болары сөзсіз.
Астанада тұсауы кесілген «Қазақтың 100 күйі» партитуралар жинағы — еліміздің «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында басылып шыққан елеулі еңбек. Бұл жинаққа тек қазақ оркестріне ғана емес, сонымен қатар симфониялық, үрлемелі, эстрада-симфониялық, камералық оркестрлерге және ішекті квартет, қылқобызшылар квартеті мен фольклорлық ансамбльдерге арналған күйлер енгізілген және Қазақстанның күйшілік өнерінің барлық аймақтарының үлгілері қамтылған. Ауқымды жұмыстар жасалды. Күйлерді оркестрлерге лайықтауға республикамыздағы дарынды композиторлар мен өңдеушілер жұмылдырылды. Олар ең алдымен күйлердің тұпнұсқаларындағы мазмұнын сақтауға тырысты. Соған қоса, бұл партитураларда өңдеушілердің жеке қол-таңбасы мен өзіндік мәнері байқалады.
Бұйыртса, ноталар жинағы алдағы уақытта тағы да жалғасады. Музыкалар жинағының тағы 9 томын шығару жоспарлануда, — дейді Астана қалалық мәдениет басқармасының бастығы Болат Мажағұлов.

Айтжан ТОҚТАҒАНОВ:
- Осы кітап таныстырылымына орай Астанадағы «Қазақстан» Орталық концерт залында үлкен концерт өтті. Онда бір мезгілде 350 адам қазақтың күйін тартты. Әуелі бір күйші түпнұсқада тартса, іле-шала ұлт аспаптар оркестрі немесе эстрадалық-симфониялық, үрлемелі оркестрдің репертуарында орындалды. Зал лық толы болды. «Ешкім күй тыңдамайды» деген бос сөз. Халықтың әсері шексіз, оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бұл — табылған идея, жақсы бастама. Аяқсыз қалмай, әрі қарай қолдау тапса, дұрыс болар еді.


Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ, «Айқын».

Пікірлер