Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Алматы қаласында өткен жартылай марафон кезінде болған қайғылы жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта оқиғаға байланысты толыққанды тексеріс жүргізіліп жатыр.
«Қатысушылардың денсаулық жағдайы, жарысты ұйымдастыру тәртібі, медициналық қамтамасыз ету деңгейі мен қауіпсіздік регламенті жан-жақты сарапталады. Жергілікті атқарушы органдар өткізетін мұндай шараларға талапты күшейтеміз. Бұқаралық спорт қауіпсіз әрі кәсіби деңгейде ұйымдастырылуы тиіс. Туризм және спорт министрлігі бұл бағытта нақты ұсыныстар әзірлеп, тиісті құрылымдарға жолдайды. Қаза болған азаматтардың жақындарына көңіл айтамын!»—деді ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Еске сала кетейік, 20 сәуірде Алматыда жартылай марафон өтіп, жарыс барысында 84 жастағы Аққоян Рсалиев пен 21 жастағы Нұрбол Ахмади көз жұмған еді.