Ау Уola феномені. Ұлттық өрлеудің қадамы ма, әлде биліктің құралы ма?

1536
Adyrna.kz Telegram

2025 жылдың көктемінде музыка әлемі күтпеген жаңалыққа куә болды — Башқұрттың Ay Yola тобы шығарған Homay әні әлемге танылды. Бұл оқиға тек музыкалық жетістік қана емес, сонымен қатар башқұрт мәдениетінің халықаралық деңгейде мойындалуының нышанына айналды.

Сарапшылар хитті "башқұрт мәдениетінің әлемге үлкен серпілісі" деп бағаласа, сыншылар Ay Yola тобының бір мүшесі Украинамен соғысты қолдайтынын еске салып, Башқұртстан билігі тарапынан құрметке ие болған бұл топтың болашақ шығармашылығына күмәнмен қарайтындарын жасырмады.

БАШҚҰРТ ӘНІНДЕ ҰМАЙ МА, ҚҰМАЙ МА? 

Homay әні— Ay Yola тобының “Орал батыр” эпосына негізделген музыкалық цикліндегі екінші ән. Бірінші шығарылым — Batyr әні 2025 жылдың ақпанында шыққанымен, кең танымалдыққа ие болмаған еді. Ал Homay бірден тыңдармандардың жүрегін жаулап алды. Жұртшылық ерекше ықылас аударып, қазақ, өзбек, қырғыз, татар секілді түркі халықтары арасында тез тарап, талқыланып жатты.

Алайда, ән мәтініндегі «хомай» сөзін бірі қазақ аңызындағы Ұмай-анаға теңесе, тағы бірі жыртқыш құс "құмай" деп аударды.

Ay Yola тобы өз бейнебаянында өлеңнің қазақ тіліндегі нұсқасын:

Тамырым сұрайды

Жаным мен қаным сұрайды

Ежелгі тарихи жадым сұрайды

Құмай деген кім өзі?

Анасы – күн нұры

Тіршілік суына шомылдырған.

Әкесі оның – Самрау

Мейірімге баулыған, - деп көрсетеді. 

Сонымен, бұл жерде құмай — иран, араб және Орталық Азия халықтарының арабтанған аңыз-әңгімелерінде сиқырлы құс, әдетте бақыт құсы, жерге қонбайтын жұмақ құсы деп дәріптеледі. Башқұрт эпостарында, атап айтқанда, «Орал батыр» мен «Ақбозат” эпостарында Құмай — аспан сұлуы Күн мен құстар патшасы Самрұқтың қызы, аққу бейнесіндегі қыз ретінде сипатталады.

Башқұрт зерттеушісі Шаура Шакурованың айтуынша, Құмай — үнді-иран, түркі-монғол және фин-угор халықтарының мифологиясында отбасылық ошақтың, малдың, балалардың қамқоршысы, әйел бастамасының, жер мен құнарлылықтың бейнесі. Орал батыр мен Құмайдан туған Еділ батыр — әкесінің ісін жалғастырушы, башқұрт руларының бірінің арғы тегі.

«Орал батыр» — башқұрт халық ауыз әдебиетінің көне ескерткіші, жыраулардан ұрпақтан ұрпаққа ауызша тараған. Алғаш рет 1910 жылы хатқа түскен.

Эпостың желісі — адамдар бақыты үшін Орал батырдың табиғаттың зұлым күштерімен (дәулер мен айдаһарлар), сондай-ақ жау жағына өткен бауыры Шүлгенмен күресі туралы. Бұл күрес дәулер мен айдаһарлардың жеңіліп, олардың денелерінен Орал тауларының пайда болуымен және Орал батырдың өлімімен аяқталады.

ТОП ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ? 

Ay Yola тобы 2024 жылы Уфа қаласында құрылған. Топ құрамында — музыкант, дыбыс режиссері және продюсер Руслан Шайхитдинов (DJ Ruslan Sever), оның қызы, әнші әрі музыкант Адель Шайхитдинова, және «Арғымақ» этно-тобының жетекшісі әрі әнші Ринат Рамазанов бар.

"Ay Yola" башқұрт тілінде "ғалам заңдары", "жаратылыс ережелері", яғни өлтірме, ұрлама, үлкенді сыйла, кішіні қорға деген мәңгілік құндылықтарды білдіреді. Біздің жобамыз осы қағидаларға сүйенеді. Біз музыкалық альбом ғана емес, толымды шоу-мюзикл, әлемнің ең жұмбақ әрі ежелгі эпостарының бірі – "Орал батырдан" шабыт алған интернет-жобасын ұсынамыз. Біз эпостың қазіргі заманғы интерпретациясы осы бірегей туындыны кеңінен танытуға, ежелгі тарихпен жақын танысуға және «Ay Yola» ұғымының терең мағынасын – бүкіл адамзатқа ортақ мәңгілік құндылықтарды түсінуге көмектеседі деп сенеміз”, - деген еді Рамазанов баспасөз құралына. 

«БАШҚҰРТ МӘДЕНИЕТІНІҢ ӘЛЕМГЕ СЕРПІЛІСІ»

Ән шыққаннан кейін қысқа уақыт ішінде музыкалық Shazam қосымшасының жаһандық чатында үздік бестікке кіріп, тіпті Леди Гаганың Abracadabra әнінен де озып кетті. Homay Қазақстан, Өзбекстан және Украина чарттарында да бірінші орынға шықты.

БАҚ-тардың жазуынша, бұл жетістікке жетуде әлеуметтік желілер үлкен рөл атқарды. TikTok пен Instagram-да бұл әнге би билегеннен бастап түрлі визуалды оқиғалар жасаған видеолар пайда болды. Осылайша, ән вирус секілді таралып, танымалдыққа ие болды.

«Бұл — башқұрт мәдениетінің әлемге үлкен серпілісі. Бұрын-соңды башқұрт әні бірнеше елде бірден хит болып кеткені есімде жоқ», - дейді башқұрт саяси эмигранты Руслан Габбасов. 

Ал башқұрт рэпері, Баймақтағы наразылықтардан кейін Ресейден кеткен өнерпаз Алтынай Валитов топ «Орал батыр» эпосын насихаттап, башқұрт мәдениеті мен Башқұртстанды әлемге танытатынын айтты. 

"Instagram мен TikTok-тағы қолданушылар бұл әнмен тек көңіл көтеретін рилс түсіріп қана қоймай, ұлттық киімдерін киіп, әннің оларды терең тебіренткенін айтып, өз халқының тарихын зерттеуге итермелегенін жеткізуде", - деп жазды Татарстандағы "Бизнес Online" басылымы. 

Басылымның жазуынша,  әннен түркі халықтары өз мағыналарын тапқан.

Музыкалық сыншы, Telegram-дағы "Русский шаффл" арнасының авторы Олег Кармунин былай деп жазды:

“Ән алдымен түркі халықтарының арасында вирус секілді таралды. Мысалы, қазақтар бұл әннен өздеріне таныс үн естігендерін айтуда. Ал YouTube-тағы ең көп лайк жинаған пікірлердің бірі түрік тілінде жазылған”.

HOMAY ӘНІ НЕ ҮШІН СЫНҒА ҰШЫРАДЫ? 

Ay Yola тобының Homay әні бір жағынан халықтың ыстық ықыласына бөленсе, екінші жағынан әртүрлі сын мен пікірталасқа себеп болды. Әннің табысы оның көркемдік тұтастығы мен терең тарихи-мәдени мағынасына байланысты болса да, оған қатысты дау-дамай да аз емес.

"Бизнес Online" басылымы Homay әнінің жаңашылдығы күмән тудыратынын жазды.

"Орыс тілді интернет кеңістігіндегі музыка тыңдармандары Ay Yola тобын түпнұсқа емес деп айыптауда. Олардың айтуынша, бұл тек «ұлттық нақышты пайдалану» ғана. Расында, Ресейде электронды музыканы фолкпен үйлестіретін ұжымдар аз емес. Мысалы, якут тілінде өнер көрсететін Красноярдағы Otyken тобы немесе Тина Кузнецова мен оның жұбайы Юрий Усачевтің Zventa Sventana жобасы бар”, - делінген басылымда. 

"ӘН МӘТІНІ ИСЛАМҒА ҚАЙШЫ"

Тағы бір сын – діни сипатта. InKazan басылымы блогер Гүзел Хуснутдинованың пікірін келтіріп:

"Әннің аудармасы ислам дініне қатты қайшы келеді",- деп жазды. Telegram-чаттарда да кейбір башқұрт қолданушылары бұл пікірді қолдады.

Алайда башқұрт саяси эмигранты Руслан Габбасов бұл пікірлерге мысқылмен жауап берді:

"Башқұрттарда ислам – өте жұмсақ, зайырлы сипатта. Көпшілігі дінді қатаң ұстанбайды. Тіпті ең діншіл башқұрттың өзі қурай (сыбызғы) тыңдайды, ән тыңдайды, себебі біз – музыканы сүйетін халықпыз», - дейді ол.

ТІЛ ЖӘНЕ АКЦЕНТ МӘСЕЛЕСІ

Башқұрт тілінің көптеген білгірлері әнші Адель Шайхитдинованың орындауындағы тіл тазалығын сынға алды. Режиссёр әрі қоғам қайраткері Тансулпан Буракаева бұл туралы былай деді:

”Homay-дан біз өзімізді тани алмадық. Себебі мәтіндерде сәйкессіздік көп, дыбыстар дұрыс айтылмаған. Музыка маңызды, бірақ біз үшін сапалы мәтін мен дұрыс башқұрт тілі одан да маңызды. Айтқым келетіні – мәтінді жазуға кәсіби ақындарды немесе тілді жақсы білетін адамдарды тарту керек. Сонда ғана халықтың алғысына ие болады", - дейді ол.

Башқұрт рэпері Алтынай Валитов та әнді алғашында жақтырмағанын мойындады.

"Мен бірінші рет тыңдағанда, сөздердің дұрыс айтылмағанына ренжідім. Рифма өте қарапайым, мектеп оқушыларының деңгейіндей көрінді. Бірақ кейіннен, қарапайым тіл, жарқын музыка, орындаушылардың образы, әсіресе Адельдің келбеті мен көне "Орал батыр" эпосы – бәрі үйлесіп, бұл әнді биікке көтерді. Бұрын-соңды бірде-бір башқұрт орындаушысы мұндай жетістікке жеткен емес", - деді ол.

Адель Шайхитдинова болса, өз акцентіне қатысты пікірлерді қалыпты қабылдайтынын айтты.

"Мен – жартылай башқұртпын, жартылай орыспын. Отбасымызда тіл білетіндер жоқ. Бірақ бұл маған башқұрт мәдениетіне қызығуға және өз тілімде ән айтуға кедергі емес", - деді ол.

САЯСИ ҰСТАНЫМ

Көптеген пікірталастың өзегі – топ мүшелерінің Ресей мен Украина арасындағы соғысқа қатысты ұстанымы. 2023 жылы Ринат Рамазанов әлеуметтік желіде бауырын "арнайы әскери операция аймағына" шығарып салғаны туралы жазба жариялаған. Бұған қоса, Ресей әскеріне арналған көмектер туралы жазбаларды бөліскені де айтылды.

2022 жылы Қазанда өткен қайырымдылық концертінде Рамазанов "ДХР мен ЛХР-ге ақша жіберуге" шақырған.

Айта кетерлігі, кейбір соғыс жақтастарының өзі Homay әніне теріс көзқарас танытқан. 

"Z-блогерлер Homay әнінің аса танымал болуынан шошынып, топтан соғысты қолдайтын мәлімдеме жасап, тіпті Ресей туымен клип түсіруді талап етуде. Олар бұл әнді ұнататындардың бәрін Ресейдің ыдырағанын қалайтын пантюркизм жақтастарына жатқызып, пантюркизмді экстремизммен теңестіріп, қылмыстық қудалауға алуды ұсынды", - деп жазды башқұртстандық Telegram-арналары.

Қазақстандың AIRAN YouTube-арнасы да әнге қатысты сұрағы барын жасырмады. 

"Сұрақ туды: өнерпаздың саяси көзқарасы маңызды ма? Егер ол агрессия мен зорлықты насихаттаса, оның шығармашылығын қалай қабылдауға болады? Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін бұл мәселе өте өзекті бола түсті", - деген пікір айтылды.

Руслан Габбасов болса, топ мүшелерінің ішінде тек Ринат Рамазановтың ғана соғысты ашық қолдайтынын атап өтті.

"Егер олар соғысқа қарсы шықса, оларды не үнсіз қалуға, не эмиграцияға мәжбүр етер еді. Әзірге үнсіз жүргені – өз алдына батылдық", — деді ол.

Габбасовтың айтуынша, топ шетелде өнер көрсеткенде, бұл тақырып қайта көтерілуі мүмкін.

"Егер сен түркі әлеміне шыққың келсе, бірақ Ресей идеологиясымен байланысың болса, онда сынға ұшырайсың, тіпті концерттеріңді тоқтатуы да мүмкін", - дейді ол.

МЕМЛЕКЕТТІК МАРАПАТ ПЕН САЯСИ НАЗАР

2025 жылдың сәуір айында Башқұртстан басшысы Радий Хабиров Ay Yola мүшелерін мемлекеттік марапаттармен құттықтады. Ринат Рамазанов "Башқұртстанның халық әртісі" атағын алса, Руслан мен Адель Шайхитдиновтар "Башқұрстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі" атанды.

Бұдан соң, "Башқұрттардың дүниежүзілік құрылтайы" Ay Yola тобына өзінің ең мәртебелі марапаты – "Ал да нур сәс халҡыңа!" медалін табыстады. Бұл – ұлттық  мәдениет пен тілді дамытуға қосқан үлес үшін берілетін ең жоғары марапаттардың бірі.

Бірақ сыншылардың айтуынша, бұл — биліктің өз идеологиясына жақын өнерпаздарды бақылауға алу тәсілі. 

"Қазір бұл топты билік жағына тарту үшін күрес жүріп жатыр", - дейді Габбасов. 

ЖАҢА ӘНДЕР, КОНЦЕРТТЕР ЖӘНЕ ҚЫМБАТ КОРПОРАТИВТЕР

Қазір Ay Yola тобының музыканттары әлеуметтік желілеріндегі парақшаларына қарағанда, федералдық БАҚ-қа жиі сұхбат беріп, жаңа композициялармен жұмыс істеп жатқанын айтып жүр.

“Үш апта сайын біз жаңа ән шығарамыз. Келесі әніміз — “Угез",  Орал батырдың шайқасына арналған, сәуірде шығады. 2025 жылдың күзінің соңына дейін эпостың әрбір тарауына арналған әндермен таныстырамыз. Бұл әндер тек музыкалық туындылар емес, олардың әрқайсысында терең мағына бар, эпостан алынған түпнұсқа мәтіндер көп”, - деді наурыз айының соңында топтың мүшесі және продюсері Руслан Шайхитдинов. 

Өткен аптада топ "Туған тел"(Туған тіл) деп аталатын жаңа әнін шығарды. Алайда кейбір тыңдарман тілдік жағынан әншіні тағы да сынады.

Соңғы сұхбаттарының бірінде топ мамыр айында Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанға гастрольдік тур, маусымда 12 әннен тұратын альбомның жарық көруі, сондай-ақ жаздың соңында немесе күздің басында Уфада үлкен концерт өтетінін жария етті.

БАШҚҰРТ МӘДЕНИЕТІН НАСИХАТТАУ НЕМЕСЕ КҮНКӨРІС

Сәуірден бастап Ay Yola  корпоративтік кештерде де өнер көрсете бастады – бір реттік өнер көрсету құны 700 000 рубль (4.3 млн. теңге) деп жазады БАҚ.

“Өкінішке қарай, олар қазіргі табысын концерттерден де, клиптерден де таппай отыр. Мүмкін, олар клип түсіруге қаражат жинап жатқан болар, бірақ менің қорқынышым — олар белгілі бір қалыпқа түсіп қалады, корпоративтердегі тапсырыс беруші мен көрерменнің күткеніне бейімделе бастайды. Егер тереңірек айтсақ, бұл табыс табу формасы олардың ән циклінің басты идеясымен – Орал батырдың халық бақыты үшін өзін құрбан етуімен – үйлеспейтін  сияқты. Адамдар тамақ ішіп отырған дастарқан басында Орал батыр, Құмай, Самұрық және басқа да байырғы башқұрт мифологиясының жанпида кейіпкерлері жайлы ән айту бір түрлі... Шынымды айтсам, әрі күлкілі, әрі қызық – бұл жағдай немен аяқталады екен деп ойланасың“, - дейді башқұрт мәдениет қайраткерлерінің бірі.

AY YOLA ТОБЫНЫҢ АЛДЫНДАҒЫ ТАҢДАУ

Сұхбат соңында мәдениет қайраткері Ay Yola тобының алдында екі таңдау барын айтты.

“Бір жағынан, әрине, қуантады – бұл топтың арқасында адамдар башқұрт мәдениетімен, Орал батырмен танысып жатыр. Бірақ екінші жағынан, көңіл түседі — оларды бірден өзіне бағындырып, Орал батырдың сатқын інісі Шүлгенге айналдыруға тырысып жатыр. Меніңше, олардың алдында екі-ақ жол тұр: не биліктің микрофонына айналып, оны ашық қолдау, не қарсы шығып, бірден қысым көру. Бұл –  “Орал батыр" эпосындағы кейіпкерлер де таңдаған жол, енді бұл таңдау Ay Yola тобының алдында тұр”, - деп қорытындылады ол.

Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Близость будет по 2.5 часа! Рецепт здесь
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Школьники потрясли всю сеть этим танцем — смотреть без детей!
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Танец выпускников взорвал интернет: Смотреть до конца!
Пікірлер