Сарыағаш медресе колледжінде жүргізілген тексеру барысында студенттер арасында ғана емес, оқытушылар тарапынан да буллинг белгілері анықталған. Бұл туралы Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Total.kz сайтына сілтеп.
«Сарыағаш медресе колледжінде жүргізілген тексеру нәтижесінде студенттер арасында, сондай-ақ оқытушылар тарапынан буллинг белгілері анықталды. Қазіргі таңда барлық мән-жайды жан-жақты, толық және объективті зерттеуге бағытталған процестік шаралар жүргізілуде. Қорытынды бойынша процестік шешім қабылданатын болады. Буллингке ұшыраған студенттерге психологиялық көмек пен әлеуметтік қолдау көрсетілуде», – деді Динара Закиева редакцияның сұранысына берген жауабында.
Ал осы мәселеге қатысты Facebook парақшасында жазба жариялаған журналист Ораз Әлімбековтың айтуынша, бұл жазбадан кейін оған полиция қызметкерлері хабарласқан.
«Молда өз ашуын журналистен алуы керек пе? Бұл сұрақты неге қойып отырмын? Сарыағаш медресе колледжінің заңгері комиссияның ешқандай заңбұзушылық анықталмағаны туралы қорытындысына сүйеніп, маған қарсы жергілікті полицияға шағым түсірген. Ол мені жалған ақпарат таратып, медресенің абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірді деп әкімшілік жауапкершілікке тартуды талап еткен. Түркістан облыстық полиция департаментінің тапсырмасымен мені Алматы қаласы Бостандық ауданы полиция басқармасының тергеушісі тергеді. Мен жазбаша түсініктеме бердім, бұл талап негізсіз: медресе – жеке тұлға емес, сондықтан оның ар-намысы мен қадір-қасиеті болмайды. Заңды тұлғаның тек іскерлік беделі болады. Өз сөзімнің дұрыстығын сотта дәлелдеуге дайынмын», – дейді Ораз Әлімбеков.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың наурыз айының басында интернетте Түркістан облысындағы Сатыбалды Әбішұлы атындағы ислам орталығынан бейнежазба тараған болатын. Видеода Сарыағаш медресе колледжінің бас ұстазы Абдужаппар Сманов таңғы уағыз оқып отыр, ал оқушылар (арасында кішкентай балалар да бар) оның аяғына массаж жасап жатқан сәт бейнеленген.
Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Азаматтық белсенді Нұргүл Мұқышева Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, бұл істі тергеуді және кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті. Ол бұл жағдай кәмелетке толмаған балалардың құқықтарының өрескел бұзылуы екенін және зайырлы мемлекеттің қағидаттарына қайшы келетінін атап өтті.
Ал журналист Ораз Әлімбеков бұл бейнежазбаның тек діни ғана емес, саяси-идеологиялық астары барын айтты. Оның пікірінше, видео қазақ мәдениеті, дәстүрі мен балалары араб діни ұстанымдарына тәуелді жағдайда екенін көрсетеді.
Алайда Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы (ҚМДБ) бастапқыда бейнежазбада еш таңданыс тудыратын жайт жоқ деп мәлімдеді, бірақ кейін қоғам наразылығын тудырған әрекеттер үшін ескерту жасады. Түркістан облысы Білім басқармасы оқушылар емес, Смановтың туған немерелері массаж жасағанын, олар атасынан бата алу үшін осылай істегенін мәлімдеді.
Айта кетейік, Смановтар әулеті белгілі діни ортада ықпалды адамдар саналады. Олар 2016 жылы Сарыағаш медресе колледжін жеке оқу орны ретінде құрған. Қазіргі уақытта колледжді Дінмұхаммед Сманов басқарады, ал құрылтайшысы – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы. Смановтар әулеті Сарыағаштағы ислам орталығын салуға да белсенді қатысқан. Бұл орталық 2019 жылдың желтоқсанында марқұм Сатыбалды Әбішұлының құрметіне ашылған. Ол – Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бауыры және белгілі кәсіпкер Қайрат Сатыбалды мен ҰҚК-нің бұрынғы бірінші орынбасары, генерал-лейтенант Самат Әбіштің әкесі. Ресми деректерге сәйкес, «Сарыағаш медресе колледжі» 2018–2024 оқу жылдары аралығында мемлекеттік бюджеттен 1,6 миллиард теңгеден астам қаржы алған.
Алайда қоғам тарапынан бұл пікірлерге қарсы көзқарастар да айтылды. Видеодағы үлкенірек бала – медресенің кураторы немесе старостасы екені туралы ақпараттар тарады. Сонымен қатар пікір қалдырушылар, мешіт – көпшілікке арналған орын екенін, ал атасына массажды немерелері үйде жасауы тиіс екенін атап өтті.
2025 жылдың 15 наурызында журналист Ораз Әлімбеков Facebook парақшасында медреседе «әлімжеттік» бар екені туралы жазды.
«Оқушылар аймақтарға бөлінген, олардың ішінде оңтүстік өңірден келгендер басымдыққа ие. Олар батыс өңірден келген балаларға қысым көрсетеді. Жатақханадағы тамақ сапасы нашар әрі дәмсіз. Балаларға күн сайын таңертең дайындалған бір ғана палауды береді. Оның өзінде ет табу қиын. Балалар бұл дәмсіз палаудан шаршаған. Өткен жылы бірнеше ата-ана балаларын Сарыағаш медресесінен алып кетіп, Астана мен Алматыдағы діни оқу орындарына ауыстырды. Олардың арасында имамдардың балалары да болған. Ақпарат көзінің айтуынша, жасөспірімдерді еңбекке мәжбүрлеу мен психологиялық қысым – медресе ұстаздарының өзіндік тәрбиелеу тәсілі. Ұстаздар «таң намазына тұрмаған баланың құлағына шайтан кіреді» деп жиі уағыз айтады. Мұндай тәрбиеге құлақ аспаған балаларды кейде тәрбиешілер, кейде топ басшылары жазалайды. Бұл – медреседегі тәрбиенің бір бөлігі», – деп жазды журналист.
Оның жазбасына Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева пікір қалдырып, «Қабылданды. Прокуратураға жолданды» деп жазды.
Айта кетсек, әлеуметтік желілерде аталған оқу орнына мемлекеттен жыл сайын 200 млн теңгеден астам қаржы бөлінетіні туралы ақпарат тарады. Бұл мәліметті Түркістан облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі растады.
”Мемлекеттік білім беру стандарттарына сәйкес, діни сеніміне қарамастан, білім беру ұйымдары мемлекеттік қолдауға, оның ішінде гранттарға үміткер бола алады. Осыған орай, 2018-2024 жылдар аралығында Сарыағаш медресе-колледжіне республикалық бюджеттен 1,6 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Жалпы, 2018-2025 жылдары оқу орнына 900 грант бөлінген”, — делінген басқарма хабарламасында.
Ресми ақпарат бойынша, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты 9 медресе-колледж жұмыс істейді, онда 2 540 студент білім алуда – 1 604 ер бала және 936 қыз бала (2024 жылғы шілде айындағы жағдай бойынша). Ең көп студент тіркелген оқу орны – «Сарыағаш медресе колледжі», екінші орында – «Шымкент медресе колледжі», үшінші – «Үшқоныр медресе колледжі».
Еліміздегі 2 803 мешіттің 900-інде діни сауат ашу курстары ұйымдастырылған. Бұл курстарда «Құран», «Иман негіздері», «Исламдағы ғибадат», «Пайғамбар өмірбаяны», «Ислам әдебі», «Пайғамбарлар тарихы», «Хадис», «Мазһабтар тарихы» пәндері оқытылады. Сонымен қатар республика көлемінде 6 Құран жаттау орталығы жұмыс істейді (ҚМДБ-ның айтуынша, Құранның бір бетін жаттау үшін оны 200–300 рет оқу керек, бұл шамамен 5–7 сағат уақытты алады).
Жыл сайын жазғы демалыс кезінде еліміздегі мешіттерде балаларға арналған «Имани жаз» атты рухани-ағартушылық курстар өткізіледі. ҚМДБ жанында жастар ісі секторы жұмыс істейді, ол төрт бағытта қызмет атқарады: ағартушылық, оқу-тәрбие жұмысы, әртүрлі мәдени-көпшілік шаралар (қайырымдылық, қоғамдық іс-шаралар және т.б.), сондай-ақ спорттық іс-шаралар. Осы бағыттар аясында жастармен кездесулер ұйымдастырылады. Сонымен қатар, ақшам намазы кезінде жас жамағатқа арнап уағыздар өткізіледі. Демек, басты назар – балалар мен жастарға аударылған.
2024 жылдың 4-тоқсанының қорытындысы бойынша, Қазақстанда 3 999 діни бірлестік тіркелген, олар 18 конфессияны қамтиды (оның ішінде 2 858 – исламдық, 347 – православие, 91 – католик, 592 – протестант, 57 – Иегова куәгерлері, 23 – Жаңа Апостол шіркеуі, 13 – Кришна санасы қоғамы, 7 – иудаизм, 6 – бахаи, 2 – буддизм, 2 – Соңғы күн әулиелерінің шіркеуі (мормондар), 1 – муниттер).
Елімізде жалпы саны 3 788 діни ғимарат жұмыс істейді (оның ішінде 2 857 – мешіт, 302 – православие шіркеуі, 116 – католик шіркеуі, 421 – протестанттық ғибадат үйі, 55 – Иегова куәгерлерінің ғибадат үйі, 25 – Жаңа Апостол шіркеуінің ғибадат үйі, 6 – синагога, 3 – Кришна санасы қоғамының ғибадат үйі, 2 – бахаи, 1 – будда храмы).
Елде 452 миссионер ресми тіркелген, оның ішінде 417-сі – шетел азаматтары, 35-і – Қазақстан Республикасының азаматтары (наным-сенімі бойынша: 244 – католик, 70 – Пятидесятник шіркеуі, 40 – Кришна санасы қоғамы, 31 – мормон, 24 – пресвитериан, 20 – православ, 5 – баптист, 7 – Жаңа Апостол шіркеуі, 4 – Иегова куәгері, 3 – жетінші күн адвентистері, 2 – иудаизм, 1 – лютеран, 1 – буддизм).
Елімізде барлығы 14 діни оқу орны жұмыс істейді, онда 5 617 адам білім алуда: 12-сі – ислам бағытында (1 – «Нұр-Мүбарак» университеті, 9 – медресе-колледж, 1 – ҚМДБ жанындағы имамдарды қайта даярлау ислам институты, 1 – ҚМДБ жанындағы Хусамуддин ас-Сығанақи атындағы ислам институты); христиан бағытында – 2 (1 – Алматыдағы православие діни семинариясы және 1 – «Мәрия – Шіркеудің Анасы» деп аталатын жоғары діни семинария).