13 мамыр күні Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтың кезінде болған қайғылы оқиғаға — Әндіжан қырғынына — 20 жыл толды.
Ресми мәлімет бойынша, 2005 жылғы 13 мамырға қараған түні және келесі күні қарулы топ Әндіжандағы түрмеге және бірнеше мемлекеттік мекемеге шабуыл жасап, 12 құқық қорғау қызметкерін өлтіріп, 334 дана қару-жарақты басып алған. Өзбекстанның құқық қорғау органдарының хабарлауынша, лаңкестер барлығы 70 адамды кепілге алып, олардың 15-ін өлтірген. Кейін қалаға әскер енгізілді. Ресми дерекке сәйкес, Әндіжан оқиғасында 187 адам қаза тапқан.
Алайда құқық қорғаушылар құрбандар саны 500 бен 1500 адам арасында болғанын айтады. Олардың мәліметінше, дәл сол күні — Бабыр алаңында бірнеше ондаған мың адам үкімет саясатына және экономикалық қиындықтарға қарсы наразылыққа шыққан. Оларды тарату үшін күштік құрылымдар оқ жаудырған. Қаза тапқандар арасында әйелдер, балалар мен қарттар көп болған.
Кейін бұл наразылыққа қатысқан көптеген адамға зорлық-зомбылық жасады деген айып тағылып, сот процестері жабық және ашық емес түрде өткен. Көптеген адам елден кетуге мәжбүр болды.
Халықаралық қауымдастық, соның ішінде Батыс елдері, оқиғаға тәуелсіз тергеу жүргізуді талап етті, бірақ Өзбекстан бұл талапты қабылдамай, бұл — ішкі ісіміз деп жауап берді. Бұған жауап ретінде Еуропалық Одақ санкциялар енгізіп, қару-жарақ жеткізуге эмбарго жариялап, 12 жоғары лауазымды шенеунікке елге кіруге тыйым салды. Алайда 2009 жылы бұл санкциялар алынып тасталды. АҚШ-тың тергеу жүргізу әрекеттері де сәтсіз аяқталып, екі елдің қарым-қатынасы нашарлады.
2013 жылы БҰҰ-да Өзбекстандағы адам құқықтарына байланысты есеп қаралған кезде, үкіметтік делегация «Әндіжан — жабылған тақырып» екенін айтты. Кейін құқық қорғаушылар халықаралық тергеу мен кінәлілерді жазалауды талап еткенмен, сол кезде Өзбекстанға қысым әлсірей бастаған еді. 2005 жылдан кейін енгізілген санкциялар біртіндеп алынып, Батыс елдерімен қарым-қатынастар қалпына келді.
2016 жылғы желтоқсанда Шавкат Мирзиеёв президент болып сайланғаннан кейін БАҚ билік әрекеттерін сынай бастады, ал кейбіреулері Әндіжан тақырыбын қозғауға батылы жетті. Мәселен, 2019 жылы Qalampir.uz сайты кезінде оқиғаға тікелей қатысқан бұрынғы ішкі істер министрі Зоқир Алматовпен сұхбат жариялады. Ол «Әндіжан оқиғасы — мен үшін ауыр мәселе» деп атап өтті.
Оның айтуынша, бұл — билікті басып алуға бағытталған террористік әрекет болған.
«Кешіріңіздер, бірақ біз сол кезде қолдан келгеннің бәрін жасадық», — деді Алматов. Қазіргі таңда бұл сұхбат орналастырылған бет ашылмайды.
2020 жылдың ақпанында Өзбекстан Бас прокурорының орынбасары Светлана Артыкова Qalampir.uz-ке берген сұхбатында қаза тапқандар арасында бейбіт тұрғындар да болғанын мойындады. Оның айтуынша, олардың оқ астында қалуына әскери қызметкерлер мен басшылық арасындағы үйлесімдіктің болмауы себеп болған: байланыс құралдары дұрыс жұмыс істемеген, командир бұйрықты естімеген немесе дұрыс түсінбеген, дайындық болмаған. Бас прокурордың орынбасары бейбіт тұрғындарды атуға қатысы бар адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын және кейбірі мерзімін өтеп, түрмеден шыққанын айтты.