Майя Бекбаева өзіне қарсы ақпараттық шабуыл жасалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Тележүргізуші және журналист Майя Бекбаева өзіне қарсы әдейі ұйымдастырылған ақпараттық шабуыл басталғанын айтып, жеке ютуб арнасында бейне жариялады.
Журналистің айтуынша, әлеуметтік желілерге оның Алаш азаматтары мен әйелдері туралы сөздері әдейі контекстен жұлынып, мағынасы бұрмаланатындай етіп өңделген видеолар таратылған. Бекбаева бұл әрекетті «жала және қасақана манипуляция» деп бағалады.
"Мені қаралап, жұмысым үшін, қазақ халқының тарихындағы бұрын айтылмаған тақырыптарды көтергенім үшін шабуылдап жатыр", — деді ол.
Сондай-ақ, Бекбаева халықты ренжітетін пікір айтпағанын және жалған ақпараттарға сенбеуді сұрады.
"Бұл — абсурд. Менің артымда шындық және мені білетін, көретін мыңдаған адам бар", — деп мәлімдеді журналист.
Бекбаева бейнеге қатысты пікір білдіргендер мен манипуляцияланған видео таратқандар жауапқа тартылатынын айтты.
"Жалпы, менің YouTube арнамда екі жыл бұрын жарияланған бұл шығарылыммен түрлі манипуляциялар жасалды. Арандатудың алдын алу үшін бұл материалға қолжетімділікті дереу жаптық.
Бұл бейнежазбаны толық талдауға, әрбір сөзіміз үшін жауап беруге дайынбыз. Ал жалған бейнежазбаны таратқан және саналы түрде мені қудалауға қатысқан адамдар міндетті түрде жауапқа тартылады. Әсіресе, менің ресми ақпараттық шабуыл туралы мәлімдемемнен кейін жалған бейнелерді таратуды жалғастырғандар.
Көрермендер мен жазылушыларға айтарым: біз қандай заманда өмір сүріп жатқанымызды түсініп, кез келген ақпаратты қайта тексеруіміз қажет. Әрқашан өзіңізге: «Бұл кімге тиімді?» деген сұрақ қойыңыз.
Менің қызметім мен азаматтық ұстанымыммен таныс кез келген адам мені қазақ халқына құрметсіздік танытты деп айыптау — толықтай абсурд екенін жақсы түсінеді. Соған қарамастан, бұл жалған бейнежазба бірден таралып кетті. Әлеуметтік желілердегі кейбір жазбалар ашық пікірлер арқылы мені қудалауға арналған мінберге айналды", - деді журналист.
"Неліктен қазақ элитасы орыс ұлтынан қыз алды?" бейнесі 2023 жылдың 10 ақпанында жарияланып, 112 мыңға жуық қаралым жинаған. Бейненің астындағы мәтінінде:
"Әлихан Бөкейхан мен Елена Севастьянова, Ахмет Байтұрсынов пен Александра Журавлёва, Жаһанша Досмұхамедов пен Ольга Пушкарёва, Тұрар Рысқұлов пен Надежда Руднева…
XIX ғасырдың ортасы мен XX ғасырдың басында қазақ интеллигенциясы өкілдерінің көпшілігінің жұбайлары орыс ұлтынан болған.
“Тарих тербелісі” бағдарламасының бұл шығарылымында біз қазақ элитасының неге көбінесе өзіне өмірлік серік ретінде орыс әйелдерін таңдағанын зерттейміз.
Егер қазақтар мен Қазақстан тарихындағы маңызды оқиғалар мен танымал тұлғалар туралы көбірек білгіңіз келсе – арнаға жазылыңыз!" - деп жазылған.
Айта кетейік, журналист, қоғам белсендісі Мұхтар Түменбай танымал тележурналист Майя Бекбаеваға шүйлігіп, "Мен не көріп отырмын өзі? Бұл не сұмдық, Майя Бекбаева?" деп жазған еді.