Бүгін Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданында Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында аудандық кәсіпкерлер форумы өтті. Форумға «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы А.Сафималиев, Шыңғырлау ауданы әкімі М.Өмірәлиев, аудандық филиал атқарушы хатшысы А.Таганиязов, кәсіпкерлер мен жастар қатысты.
Іс-шара барысында қатысушылар мен шақырулы қонақтар жұмысшы мамандарды оқытушы Шыңғырлау колледжінің жұмысымен танысты. Шыңғырлау колледжі құрылысшы, сылақшы, фермер, электрик, дәнекерлеуші, аспазшы, электронды бағдарламашы және т.б мамандарды даярлайды. Қазіргі таңда оқу орнында жұмысшы мамандықтарды игеруші 130 студент білім алуда.
Форум жұмысына Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің мүшесі З.Кубаева, Орал қалалық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Н.Ашикова қатысып, кәсіпкерлерге кәсіп бастау үшін қажетті процесстер, шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан берілетін несие түрлері, грант түрлері туралы ақпарат беріп, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Аудандық кәсіпкерлер форумына арнайы қатысқан облыстық филиал атқарушы хатшысы Азамат Сафималиұлы Сафималиев қатысушы кәсіпкерлер жұмысына сәттілік тілеп, өңірде кәсіп бастаймын деген тұрғындарға, оның ішінде жастарға көрсетілетін әлеуметтік қолдау туралы айтып өтті. Сонымен қатар бірқатар кәсіпкерлерге елдің көркеюі мен дамуына қосқан үлестері үшін Алғыс хаттар табыстады.
- Биылғы жыл басынан бері жұмысшы мамандықтар жылына орай әртүрлі бағыттағы іс-шараларды ұйымдастырып келеміз, оның ішінде ауқымды әйелдер форумын өткіздік. Ал бүгін Шыңғырлау ауданында осы бағытта кәсіпкерлер форумына қатысып отырмыз. Кәсіпкерлердің жұмыстарын көріп, көрме жұмысымен таныстық. Сонымен қатар әр бағытта қызмет атқаратын кәсіпкерлердің баяндамасын тыңдадық. Осындай жетістіктеріңізді естіп, қуанып отырмыз. Біз осы форум жұмысында ең бастысы партияның Сіздерге, кәсіпкерлерге әрқашан ашық екенін жеткізгіміз келеді. Экономиканың қозғаушы күші ретінде Сіздердің істеріңіздің қоғамға пайдасы зор, - деді облыстық филиал атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев.
Форум жұмысында баяндама жасаған кәсіпкерлер арасында жеке кәсіпкер, партия белсендісі, «Қарекет» ЖК иесі Сырым Жалдыгулов сөз алып, кәсіпті неден бастағаны туралы, қандай қиындықтармен кездескені туралы айтып өтті.
- Студент кезімде компьютерлік қызметтер көрсетуден бастап әртүрлі жұмыстарды қатар алып жүрдім. Кейіннен мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, грант ұтып алып, оны пайдамызға жараттық. Ауыл тұрғындарына қажетті азық-түлік дүкенін аштық. Әркез сапалы, балғын заттарды алып келуге тырысамыз. Ауылдық жерде тұрғандықтан, мал шаруашылығымен де айналысамыз. Шаруашылық жұмыстарына арналған қолғаптар да жасаймыз. Бұл кәсіп түрлерін қатар алып жүруге, әрине отбасымның және мемлекеттің де үлкен көмегі деп білемін. Кәсіп бастағысы келетін жастарға, сенімділік пен күш-қуат, сарқылмас жігер тілеймін! – деді жас кәсіпкер Сырым Жалдыгулов.
«AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының баспасөз хатшысы Зарина Каирова