"Сәләфилер" кімдер?

9368
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет және өзінің ішкі-сыртқы саясатын өзі айқындайтын тәуелсіз ел ретінде орнықтырды.
Ел аумағындағы барлық қоғамдық институттар мен ұйымдардың қызметтері, олардың арасындағы әлеуметтік-құқықтық қатынастар конституциялық заңдар мен құқықтық-нормативтік актілерге негізделіп жүзеге асырылатыны белгілі. 2011 жылғы 11 қазанда қабылданған Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының нормаларына сәйкес діни бірлестіктерді тіркеу және қайта тіркеу үрдістері нәтижесінде бүгінгі таңда Қазақстанда 18 конфессия ресми түрде тіркеліп, қызмет атқаруда.
Қазақстандағы ислами ағымдар арасында транспаренттілік қағидатын ұстанатындар да, конспирациялық ережемен жұмыс істейтін топтар да кездеседі. Олардың кейбірінің қызметі діни алаңмен шектелсе, кей ағымдар қоғамдық қызметтің түрлі салаларына тамыр жайып, орныққан. Жекелеген ағымдар өкілдері ұлттық мүдделерді бетперде етсе, кейбірінің саяси билікке қол жеткізуге тырысу әрекеттері жоқ емес.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ САЛАФИЛІК ИДЕОЛОГИЯҒА НЕГІЗДЕЛГЕН ҰЙЫМДАРДЫҢ ІС-ӘРЕКЕТІ...

Қазақстан аумағында дәстүрлі емес ислам бағытындағы діни ағымдардың ең белсендісі – салафилік идеологияны ұстанған жамағаттар. Қазақстандағы салафилік идеология көбіне Сауд Арабиясы және Египеттегі заңсыз жолдармен білім алып келген азаматтардың уағыздарымен таралды. Өйткені өткен ғасырдың 90-жылдарынан бері қазақстандықтар үшін діни білімді осы екі елде алудың жолдары кеңінен ашылған болатын. Салафизм саудтықтар үшін мемлекеттік идеология ретінде танылғанымен, өткен ғасырдың соңғы онжылдығында орын алған түрлі саяси оқиғалар салдарынан салафиліктің негізінде басқа да қауіпті діни ағымдар бой көтерді.
Сауд Арабиясы Корольдігінің құрылуымен пайда болған қазіргі таңдағы салафизм идеологиясы араб елдерімен шектелмей, әлемнің көптеген аймақтарына таралып үлгерді. Салафизм көзқарастары Қазақстан мұсылмандары арасында, әсіресе жастар ортасында кеңінен таралып жатқандығы белгілі. Осыған байланысты қарқын алған үдерістерді айқындай түсу мақсаты Қазақстанда белсенділігі артқан аталмыш ағымның құрылымдық және мазмұндық ерекшеліктерін білу қажеттілігін негіздейді.
Діни ахуалды зерделеу мақсатында ұйымдастырылған бірқатар топтық және жекелеген бейресми кездесулерде дін саласының мамандары және қарапайым тұрғындар да қатерлі салафилік идеологияның кеңінен таралуынан, әсіресе жастардың көптеп аталмыш ағымның қатарына кіруінен барынша қауіптенетінін ашық білдірді. Орта білім беру мектептеріндегі «Дінтану негіздері» пәнінің оқытушыларының пікірінше, салафилік танымда тәрбиеленген балалардың болашағы алаңдатарлық. Тұрғындардың барлық санатының өкілдері сұхбаттасу барысында аталмыш ағымға қатысты мемлекет тарапынан қадағалаудың күшейтілуі қажеттігіне жиі тоқталды.
Салафилікті ұстанушылардың дәстүрлі емес идеологиялық бағдарын жасыру мақсатында өздерінің діни танымдары мен ұстанымдарын қазақ халқының ұлттық құндылықтарымен және салт-дәстүрімен сабақтас етіп көрсетуге тырысатыны байқалуда. Мәселен, Жаңатас қаласындағы салафилердің көшбасшысы Әбу Арнат үнемі қазақша оюмен өрнектелген тақияны киіп жүретінін және бұл әрекетке тұрғындар арасында салафилерге деген оң көзқарас тудыру үшін ғана барғанын жасырмайды.
Өңірлердегі діни ахуалды зерделеу жұмыстары барысында салафилік идеологияның таралуына миграциялық үрдістердің қолайлы алғышарттар тудырып отырғаны анықталды. Жастардың білім алу мақсатында дәстүрлі емес немесе радикалды идеология ұстанушылары жиі шоғырланған өзге облыс орталықтарына кетуі, вахталық әдіспен басқа өңірлерде жұмыс жасауы секілді факторлар сол азаматтардың радикалды идеология арбауына түсіп, тұрғылықты мекенге орналасқаннан кейін шетін діни көзқарастарды таратуына әсер еткен. Мұндай көріністі тұрғылықты жастары Ақтөбе өңіріне вахталық жұмыстарға жиі орналасатын Арал, Жаңатас қалаларынан, сонымен қатар Сәтбаев, Жезқазған қалаларына жастары жиі қатынайтын Орталық Қазақстан өңірінен және онымен шектес облыстардан байқауға болады.
Салафилік ағым өкілдері жеке секторда, әсіресе көпшілік сауда орындарында белсенді әрекет етуде. Олар тек мешіттерде байсалдылық танытқан болып, жасырын топтасу әрекеттерін жиілетіп отыр. Жастардың арасында салафилік топтарға қосылу оқиғалары біршама көбейген. Бұл әлеуметтік факторлармен көбірек байланысты болып отыр, өйткені салафилік ағым жетекшілері мен жақтастары оларға жұмыспен қамтамасыз ету арқылы шешуші ықпалын тигізеді: сауда-саттықта, шағын бизнесте қаржылық көмек береді, тауарларының өткізілуіне жол ашады, сол арқылы әлеуметтендірушілік функция атқаруға күш салады.
Салафилік топтар көбіне түрлі жағдаяттарға байланысты әр мешітке көшіп жүреді, қарсылыққа ұшырамаған мешіттерде тұрақтайды. Мешіт жамағаттарының арасында әрекет етіп жатқан ағымдар ретінде салафилер мен таблиғшылар көп көзге түседі.
Мұндай жағдайды транзиттік өңірге жататын Тараз қаласынан да байқауға болады. Мешіттердегі жамағаттар арасында салафилер және таблиғи жамағат топтары кездеседі. Салафилер көбіне ұйымдасқан түрде мешіттен мешітке орын ауыстырып, шалғайда тұрған имамы әлсіз, жылы әрі ыңғайлы мешіттерде орнығып алады.
Қазір ел аумағында салафилік жамағаттар арасында бөліну үрдісі көрініс табуда. Қазақстандағы салафилік идеология көбіне Сауд Арабиясы Корольдігі мен Египетте қалыптасқан мектептер негізінде таралғандықтан елдегі салафилер арасында осы екі араб мемлекетіндегі діни авторитеттердің беделі басым.
Салафилік идеологияға негізделген ұйымдардың ерекше залалды іс-әрекеттерінің бірі ислам атын жамылып, әлеуметтік мәселелерді ширықтыра түсуі болып отыр. Бұл ағым мүшелері арасында етек алған неке-талақ мәселесінің ушығуынан көрініс табуда. Көп некелікке берілген рұқсатты сүннет немесе міндет ретінде қабылдап, некенің өзге жауапкершіліктері мен шарттарын аяқ асты ету, ағымға кірген қыз-келіншектерді некелеп алып, себепсіз талақ айтып, тастап кету немесе жамағат мүшесіне сыйға тарту, осындай әрекеттері арқылы азғындық пен жеңіл жүрістілікті заңдастыру, себепсіз көп әйел алуға жол беру, талақ етілген әйелдер мен балаларға қатысты ешқандай жауапкершілікті мойындамау секілді көптеген ауыр зардапты жайттар бұл ағымның әлеуметтік тұрғыдан қатерлі ағымға айналып үлгергеніне дәлел болып отыр. Құқықтық қатынастар орын алмағандықтан мұндай жағдайларда айыпты тараптарды анықтау мүмкіндігі де шектеулі.
Салафилердің әрекеттері идеологиялық тұрғыдан қоғамды ыдыратуға, исламды ұстанған діндарлардың арасында дінішілік талас-тартыстар мен араздықтарды тудыруға бағытталған. Осыған орай қоғам ішінде салафилердің ықпалын әлсірету үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен қатар, халықтың діни және дінтанулық, құқықтық сауатын жетілдіру жұмыстарына ерекше көңіл бөлу қажеттігі күн тәртібінен түспей отыр.

Александриялық салафилер мектебі және оның өкілдерінің Қазақстандағы іс-қимылы

Ясир Бурхами

«Александриялық салафилер» мектебінің жетекшісі....

Александриялық салафилер мектебі – өткен ғасырдың жетпісінші жылдары египеттік студенттердің белсенділігі нәтижесінде пайда болған «Әл-жамаға әл-исламия» ұйымынан бөлініп шыққан студенттерден құралған ұйым. Сол кездегі «Әл-жамаға әл-исламия» ұйымының көптеген өкілдері Мұсылман бауырлар (МБ) қозғалысының мүшелігіне кіре бастады.
Қазіргі таңда бұл ұйымның әйгілі уағызшылары – Мухаммад Хассан, Мухаммад Хусайн Яғқұб және Абу Исхақ Хуайни. Олар Египеттің және басқа елдерге тиесілі кабельді теле-радио арналарда, интернет платформаларында белсенді насихат жұмыстарын жүргізетін уағызшылар ретінде араб әлеміне өте танымал.
Александрия салафилері өздерін елдің саяси өмірінен алшақ деп көрсеткісі келгенімен, саяси үдерістерге ықпалын тигізіп жатқандығы белгілі. Олар «Ансар ас-сунна» салафилеріне қарағанда Египеттің саяси өмірін талқылауда көбірек белсенділік танытады. Сондай-ақ олар елді ислам шариғатымен басқармайтын басшыны «кәпір» деп санайды. Алайда мұны ашық айту үшін бұлтартпас айғақ қажеттігін алға тартады. Салафи үндеушілері Египеттегі ислами емес мемлекеттік институттармен, мекемелермен байланысудан, олармен бірігіп жұмыс жасаудан бас тартады. Дегенмен осы тақырып аясында салафи ғалымдарының арасында көптеген пікір қайшылықтары бар. Мысалы, Александриялық салафилер мектебінің көрнекті өкілдерінің бірі Мухаммад Хассан салафилерді саясатқа араласуға және саяси партия құруға жиі үндеп келеді.
Қазақстанда өз идеологиясын ашық және астыртын жолдармен тиімді түрде насихаттай білген александриялық салафилер аз уақыт ішінде өз пікірлестерінің санын күрт көбейтуге қол жеткізді. Қазіргі таңда салафилер қозғалысына ерушілер қоғамның барлық саласында кездеседі.
Назар аударатын бір факт, 2013 жылы Қарағанды облысы бойынша Кедендік департаменті ел аумағына әкелуге әрекет жасалған 331 дана араб тіліндегі әдебиетті ҚР Дін істері агенттігіне дінтану сараптамасын жүргізу үшін жолдаған болатын. Сараптама барысында кітаптардың басым бөлігінің авторлары александриялық салафилер жетекшілері – Ясир Бурхами мен Ахмад Фарид екені анықталды. Діни әдебиеттер арқылы ақпарат кеңістігін жаулауға әрекет жасауы александриялық салафилердің Қазақстан аумағындағы идеологиялық іс-әрекеттерінің мақсатты түрде белсендіріліп отырғанын аңғартады.
Әлемдік деңгейдегі діни ахуалдың қарқын алу үдерістеріне қарай отырып, салафилер санының көбеюі мен стратегиялық маңызы бар үкіметтік орындарда күш жинауы Египеттік сценарийдің Қазақстанда қайталануына әкеп соғуы ықтимал екендігін тұжырымдауға болады. Салафилік ұйымдардың Қазақстан үкіметіндегі белсенділігі елдің конституциялық құрылымына, зайырлы сипатына қауіп төндіреді.

«Мадхали» ұстанымындағы салафилік

Раби'а Бин Хади 'Умайр Аль Мадхали

Салафиліктің «Мадхалия» тармағының негізін салушы...

«Мадхалия» ағымы − 1991 жылы Ирактың Кувейтті оккупациялағанынан кейін Сауд Арабиясында, Парсы шығанағының аймағында, Кувейтте кең тараған салафилік бағыттағы ұйым. Ұйым мүшелері Мәдина қаласының атын иемденіп, өздерін «әл-Мәдина жамағаты» деп атайды. Мадхалия ағымы Сауд Арабиясы королін АҚШ-тың көмегіне жүгінгені үшін «кәпір» деп айыптаған сурурилер мен ихуандық топтарға қарсы шыққан ұйым ретінде пайда болды. Ұйымның құрылуының бастамашысы – Мәдинадағы Ислам университетінің Ақида факультетінің дәріскері, эфиопиялық Мухаммад ибн Аман әл-Жами. Ал оның идеяларына қызығушылық танытып, қолдау көрсеткен әрі ұйым қызметін дамытқан Рабиғ ибн Һади әл-Мадхали болатын. Осыған байланысты қалың жұртшылыққа аталмыш салафилік ұйым «жамия» және «мадхалия» атауларымен танымал.
Мадхалия ағымы басқа салафилік ағымдардан айырмашылығы көп емес, бұл бағыттағы ағымдардың басты идеологиялық тіні бір. Ол – салафизм мәнһажі, яғни уаһабшылдықтың негізін салушы Мухаммад Абдуль Уаһһабтың «таза ислам» немесе «салиқалы бабалардың жолын» ұстану идеясы. Барлық салафилік ағымдардың идеологиялық негіздерін құрайтын ұстанымдар мен қағидаттар да осы Абдуль Уаһһабтың фундаметалды еңбектеріне сүйенеді. Олар бір-бірінен тек белгілі бір көзқарастар мен идеялар негізінде ерекшеленеді.
Мадхалия салафилерінің пайда болуына ықпал еткен оқиғаларға байланысты бұл ұйымның өзге салафилік жамағаттардан ерекшелейтін көзқарастарын айқындауға болады. Мысалы өзге салафилік топтар елді ислам шариғатымен басқармайтын басшыны «кәпір» деп санайды. Сондай-ақ кейбір салафилік ұйымдардың пікірінше, егер басшы мұсылман бола тұрып зайырлы заңдармен ел билесе, ол – басшы ретінде танылғанымен, шариғи тұрғыдан рухани басшы ретінде мойындалмайды. Ал мадхалия салафилерінің пікірінше мұсылман қоғам кез-келген жағдайда елбасының және үкіметтің ұстанымдарына қарамай оларға сөзсіз бағынуы, әмірлерін екі етпей орындауы тиіс. Әрі басшының өзі өзін мұсылман деп білсе, ол елін зайырлы заңдармен билесе де, халқы үшін рухани көсем ретінде мойындалады. Мадхалишылар мен өзге бағыттағы салафилердің көзқарастары осындай пікірлерде бір-бірімен қабыспайды.
Сонымен қатар, мадхалия салафилері діни көзқарастары мен идеялары жағынан өздеріне ұқсас Египеттегі «Салафи үндеуі» ұйымының салафилерімен алауыз болып келеді. Мұны мадхалия ғалымдарының саяси белсенділік танытқан александриялық салафилердің беделді тұлғаларын «сурурилер» немесе «ихуаншылар» деп айыптауынан байқауға болады. Қазақстандық мадхалишілердің де александриялық салафилерді «сурурилер» деп атайтындығы ақпарат кеңістігінен белгілі.
Мадхалия салафилері Сауд Арабиясы үкіметіне жақын болғандықтан, яғни үкімет тарапынан басқарылатындықтан корольдің жүргізіп жатқан саясатын толығымен қолдайды. Ал александриялық салафилер мадхалишілерге қарағанда Сауд үкіметінен біршама тәуелсіз. Осы дербестік мадхалия мен өзге салафилердің арасындағы айырмашылықты айқындай түседі.
Бүгінде елдегі мадхалия салафилерінің арасында салафилік ұстанымдарды белсене насихаттап жүрген қазақстандықтар өте көп. Бұл азаматтар Сауд Арабиясы Корольдігінің Мәдина қаласындағы оқу орындарында білім алған.
Салафилердің мадхалия, салафи үндеуі, сурурия немесе тағы басқа кез-келген жамағаты өздерінің насихат жұмыстарында қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрлерін, қазақы тұрмысты сынауға ерекше құлшыныс танытады. Олар қазақ халқының діни ұстанымдары мен көзқарастарын «ширк» немесе «бидғат» деп бағалай келе, мемлекет құраушы ұлттың тарихи жолын исламнан алыс, мұсылмандыққа жат деп көрсетуге тырысады. Сондай-ақ салафилер ислам дінінің қазақ жеріне ұлттық дәстүрлермен және мәдениетпен сабақтаса қалыптасуына шешуші ықпал еткен сопылық тариқаттарды «адасқан ағымдар» деп біледі.
Ұлттық рухани тарихты жоққа шығара отырып, өздерін Қазақстанға «шынайы» исламды таратушы жамағат ретінде танытуға тырысатын салафилік ағымдар сол арқылы қазақстандық қоғамның рухани негіздерін ыдыратуды, діни-ұлттық бірегейлікке нұқсан келтіруді, ішкі тұтастықты бұзуды көздейді.

«Тәкфірші-жиһадшы» идеяларын ұстанған ұйымдар

Қазақстан аумағындағы өздерінің саяси пиғылдарын жасырын ұстайтын салафилік ағымдардың қатарында мемлекеттік құрылымды күшпен құлатуды көздейтін радикалды топтар бар. Олар – сурурилер мен басқа да тәкфіршілік идеяларды ұстанған жамағаттар. Ислам бағытындағы экстремистік ағымдар мен ұйымдар әртүрлі топтарға бөлінгенмен, олардың басты ұстанымдары мен көзқарастары ортақ идеяға – тәкфіршілік идеясына негізделген.
Араб тілінде «тәкфір» сөзі «дінсіз, дінінен шығушы деп айыптау» мағынасындағы «кәфара» етістігінен шыққан. «Тәкфір» идеясы барлық діни-экстремистік және террористік ұйымдар мен ағымдардың идеологиялық негіздерінде кездеседі. Оның ықпалына түскендер исламның парыз амалдарын толық орындамаған кез келген мұсылманды, тіпті туыстары мен бауырларын дәйексіз түрде «дінсіз», «діннен шыққан» деп айыптауға бейім болады.
Бүгінде діни сенімі, кітаптары мен жазбалары салафизм идеологиясына негізделген тәкфіршіл ұйымдар «ас-салафия әл-жиһадия» (жиһадшыл салафилер) деп те аталады. Жиһадшы салафилердің мадхалия немесе александрия салафилерінен діни сенім тұрғысынан ешқандай айырмашылығы жоқ. Олар бір-бірінен тек әдістемелік тұрғыдан, яғни мақсаттарына жету мен әрекеттерін іске асыру тұрғысынан ерекшеленеді.
Қазіргі тәкфірші радикалды ұйымдар өткен ғасырдың 70-80-жылдары Египеттегі зайырлы саяси билік пен батыс елдерінің отаршыл саясатына қарсы «жиһад» жариялаған төңкерісшіл топтардан пайда болды. Осы тарихи кезеңде салафизм идеологиясын ұстанған Мустафа Шукри «әл-Ихуан әл-муслиминнен» бөлініп, дербес саяси мақсаттары мен бағдарламасы бар «Ат-такфир уаль-хиджра» ұйымын құрды. Яғни саяси мақсаттары мен бағдарламасы бар төңкерісшіл ұйымдар салафилік идеологияны ұстана бастады.
Салафизм идеологиясының негізін қалаған Мухаммад ибн Абдуль Уаһһабтың «Үш негіз» атты шығармасында Алладан түсірілмеген заңдармен ел басқаруды – күпірлік, ал зайырлы заңдармен басқарған басшыны «тағұт (шектен шығушы, пұт)» деп таныған . Яғни салафизм идеологиясының іргетасы кез-келген зайырлылық көріністерін жоюға бағытталған көзқарастардан тұрады. Абдуль Уаһһабтың осындай көзқарастарын ұстана отырып, салафизмнен бастау алатын египеттік, сириялық және судандық экстремистік бағыттағы ұйымдар мен топтар «қантөгіс арқылы ғана ислам мемлекетін құра аламыз» деген идеяларды жандандыра түсті.
2014 жылғы 18 тамызда Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының шешімімен «Ат-такфир уаль-хиджра» ұйымы экстремистік деп танылып, оның Қазақстан аумағындағы қызметіне тыйым салынғаны белгілі.
Сондай-ақ салафизмді ұстанған тәкфірші ұйымдарға Сирия мен Иракта соғысып жатқан радикалды ұйымдар да жатады. Солардың ішіндегі «Ислам мемлекеті» және «ан-Нусра майданы» ұйымдары Астана қаласы Есіл аудандық сотының 2015 жылғы 15 қазандағы шешімімен террористік деп танылып, олардың Қазақстан аумағындағы қызметіне тыйым салынды.
Аталмыш ұйымдар Орта Азия елдерінің қауіпсіздік күштері тарапынан қатаң қудалауға ұшырап, қызметіне тыйым салынуда. Дегенмен бүгінде Қазақстандағы тәкфіршіл салафилік идеялары Сауд Арабиясынан бастау алған сурурилер ағымының идеологтары тарапынан насихатталуда.
Қазақстанның діни ахуалының тұрақтылығы мен қоғам өміріне нұқсан келтіріп, халықтың әлеуметтік байланыс-бірлігін ыдыратуға әсер ететін діни субъектілер ретінде бірінші кезекте салафилік идеологияны ұстанған жамағаттарды атап көрсетуге болады. Мұндай тұжырым өңірлерде жүргізілген зерделеу жұмыстары мен фокус-топтық талдаулар нәтижесінде айқындалды.
Қазіргі таңда салафилер қозғалысына ерушілер қоғамның барлық саласында кездеседі. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары қарқынды атқарылып отырғанына қарамастан, ресми деректер бойынша салафилік идеологияны қолдайтындар саны әсіресе жастар арасында өсуде. Бұл көбіне әлеуметтік факторларға байланысты болып отыр.
Салафилік ағымдар көбіне өңірлердің шалғай аудандарында, елді мекендерінде, яғни құзіретті органдар мен қоғамдық институттардың бақылуынан тыс қалған жерлерде тәкфіршіл сарындағы радикалды идеологияны насихаттауда. Ал жекелеген өңірлерде бұл ағымдардың ықпалы диаспоралық топтар арасында ерекше жоғары екені байқалады.
Салафилердің түсінігінше шариғат заңдарымен үкім шығармайтын басшылар да, олар басқарып отырған ел де кәпір болып саналады. Мұндай мемлекетті «тағұт» мемлекеті деп атап, оған қарсы жиһад жариялайды. Зайырлы мемлекет пен оның заңдарын мойындамай, кез-келген исламдық емес заңнамалар аясында өмір сүретін қоғамнан оқшаулануға үндейді.
Атап айту қажет, діни сенімі, кітаптары мен жазбалары салафизм идеологиясына негізделген тәкфіршіл ұйымдар – «ас-Салафия әл-жиһадия» деген ортақ атаумен біріктірілетін жиһадшыл салафилер өзге салафилік жамағаттардан діни сенім тұрғысынан ерекшеленбейді. Олар бір-бірінен тек әдістемелік тұрғыдан, яғни мақсаттарына жету жолындағы әрекеттерін іске асыру әдістері тұрғысынан ерекшеленеді.
Салафилер идеологиялық және қаржылық тұрғыдан алғанда шетелдік қорлардың ықпалында жүретін, солардың мүдделерін қорғап, талаптарын орындайтын топ екендігі айқын. Өйткені олардың өміршеңдігі сол қорлардың қолдауымен сақталады. Сондай-ақ саяси мақсаттары мен бағдарламасы бар төңкерісшіл діни ұйымдардың басым бөлігі осы салафилік идеологияны ұстанады.
Қазақстан аумағында өздерінің саяси пиғылдарын жасырын ұстайтын салафилік ағымдардың қатарында мемлекеттік құрылымды күшпен құлатуды көздейтін радикалды топтар бар. Олардың арасынан Таяу Шығыс аймақтарындағы соғыс алаңдарына кету фактілері жиі орын алуда.
Салафилердің кез-келген жамағаты өздерінің насихат жұмыстарында қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрлерін, қазақы тұрмысты сынауға ерекше құлшыныс танытады. Ұлттық рухани тарихты жоққа шығара отырып, қазақстандық қоғамның рухани негіздерін ыдыратуды, діни-ұлттық бірегейлікке нұқсан келтіруді, ішкі тұтастықты бұзуды көздейді.
Халықаралық тәжірибеден салафилердің саясатқа араласуға және саяси партия құруға әлеуетті екендігі белгілі. Оған Қазақстанда күрт көбейген александриялық салафилердің Египеттегі қызметі мысал болады. Сондықтан ел аумағында салафилер санының көбеюі және олардың стратегиялық маңызы бар үкіметтік орындарда күш жинауы Қазақстанның конституциялық құрылымына, зайырлы сипатына, ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіреді.
Қазақстанда соңғы жылдары сәләфи идеологиясының көсемдері салафизмге негативті қоғамдық пікірдің қысымның арқасында уағыз-насихат методологиясын айтарлықтай өзгертті.Сәләфизм көсемдері өздерінің діни-саяси идеологиясын ұлттық дәстүрмен ұштастырып өз уағыздарында халықты билікке лоялды болуға жан-жақты үгіттеуге кірісіп кетті.Қорытындылап айтсақ сәләфи діни-саяси идеологиясы зайырлы Қазақ еліне қауіпті екенін ұмытпауымыз керек!

Тұрарбек Құсайынов

"Демос" ҚҚ төрағасы

Пікірлер