Үкілі Ыбырай

3274
Adyrna.kz Telegram

Әншілігімен Алты Алашқа аты шыққан Ыбырай Сандыбайұлы – халқымыздың теңдесі жоқ дарынды ақыны, сұлулық пен жастық шақтың жыршысы. Бас киіміне үкі ағып, жасынан серілік жолға түскен балаң жігіт кейін Үкілі Ыбырай атанады. Ыбырай бұрынғы Көкшетау, Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданына қарасты Жалғызтау бөктерінде 1858 жылы дүниеге келген. Ыбырайдың арғы атасы – Сәбден батыр.

Аққу – «Гәкку»

Әкесі Сандыбай да сегіз қырлы бір сырлы өнерлі болғанмен, кедейліктің мехнатын көрген жан еді. «Әке балаға сыншы» демекші, бойында өнердің ұшқыны бар баласына зергерлікті мирас етіп қалдырам деген ойы іске аспай, әнші Ыбырай ойын-тойда ән салып, серілік құрғанды тәуір кө­ре­ді. Сұлу қыз, құмай тазы, жүйрік ат пен қы­ран бүркіт жастық шағының құмары бол­ған ол кезі келгенде бірер ауыз өлең шы­ғарып, жүрген ортасын думанға бө­лейді.

Ел қыдырған серілік шақта Хакима атты қызға ғашық болып, айдай аруды аққуға теңеп, «Гәкку» әнін шығарады. Қызға көңі­лін білдіргенде Хакима:

Ақынға неге керек құр мырзалық,

Сүйгенін жаутаңдатып, ойға салып.

Айт-тағы сертіңе жет, – деген мақал,

Болмай ма шырқаса ән өмірге азық, – десе, Ыбырай оған былайша жауап қай­тарады:

Таусылмас дариясы әзіл-наздың,

Мамығы жақсыға ем, қоңыр қаздың.

Қыл арқан ер мойнында шірімейді,

Періштем, жәннәбіңе қарыздармын, – депті. Сөйтіп, жүректі тербеген әдемі әуен әнге айналған деседі.

Аңыз бойынша Ыбырай сегіз жасында түс көреді. Ел Сасықкөлдің жағасында екен. Көлдің маңында біреудің айғайлаған даусы естіледі. Қараса, қолына домбыра ұстаған ақсақалды шал. Ол Ыбырайға жа­қындап: «Шырағым, мынаны саған сыйладым», – деп домбырасын ұсынады. Ыбе­кең ақсақалдың сыйын қабыл алады. Сол күннен бастап ән шығарғыш болып, атағы елге жайылған деседі.

Ыбырай – жасы үлкен Орынбай, Біржан, Ақандардың жолын қуған ізбасары.

Аққумен аспандағы үн қосамын,

Шығарсам ащы күйді түптен тартып, – деп толқындата ән салған Біржан салға арнап Үкілі Ыбырай «Шалқыма» деген әнін шығарған.

Исаның именуі

Кезінде Қарауыл ішінен шыққан Шөбек балаларының бірі Мәмбетәлі Үкілі Ыбырайды Петербор қаласына апарып, оның музы­калық білім алуына қамқорлық жа­саған. Бірақ әлдебір себеппен ол оқуын жалғас­тыра алмаған.

«Қазақ халқына аты шыққан ақындар­дың бірі Қалмағамбеттің Тайжанының түр-тұлғасы, бет-бейнесі аумаған Ыбырай сияқты», – деген екен бір естелігінде халық жазушысы Сәбит Мұқа­нов.

Тайжан – Ыбырайдың апасы Бөпіштің баласы. Нағашысынан бата алған өнерлі жиен өзінің Көкшеден елге оралар ша­ғында:

Халқым сүйіп атымды қойған Тайжан,

Егіз туған анадан Арғын, Найман.

Осы арада бөтен еш жұмысым жоқ,

Бата алғалы келіп ем Ыбырайдан.

Он екі ата Атығай, сегіз ата Қарауыл,

Жиенге ұмытпайтын тиді пайдаң, – деп өлеңмен алғысын білдіреді. Тек Тайжан ғана емес, Иманжан Жылқайдаров, Молдахмет Тырбиев сынды сол өңірдің халық ақындары Үкілі Ыбырайды ұстаз тұтқан.

Ыбырай Атбасар өңірінде жүріп сұлу да жібек мінезді Алтынай есімді қызға ғашық болады. Екі жас бірін-бірі ұнатқанмен, бі­реуге айттырып қойған қыз ата салтын бұ­за алмайды. Сол жолы ғашықтық сезіммен «Алтыбасар» әні туады.

1923 жылы Иса Байзақов Қызылжарға келеді. Исаның осы елге келгенін естіп Сәбит Мұ­қанов Үкілі Ыбыраймен жолық­тыру үшін Ыбе­кең түскен үйге оны алып келеді. Бұдан кейінгі әңгіме Сәбит атамыз­дың айтқандарынан алынды.

Сәбит Мұқанов, жазушы:

«Мен Исаны 1922 жылы көрдім. Қы­зылжар қаласында Аққатынның Қалиының үйінде Жанпейіс дейтін жақын адам пә­терде тұратын. Үкілі Ыбырай ақын ауылдан келіп, сол үйде жатыр екен. Кешкісін үй ие­лері бір саба қымыз алып, қонақ шақырды. Жұрт жинала бастады. Мен жасым кішірек болған соң, «Исаны алдырайық» деген соң арбакеш алып, ақынды іздеп сол кездегі Ақмола губерниясының атқару комитетінің төрағасы Мұқаш Орынбаев деген жігіттің үйіне келдім. Облисполкомның қара ар­ғы­мағымен мен фаэтон арбасына мініп келе жатырмыз. Иса психолог болатын. Кескініме қарап болжап қойды. «Сәбит, сенің кес­кініңде бір сұмдық бар, бір жерге ұрын­дыруға әкеле жатқан жоқсың ба? Түсің соған келеді», – деді.

– Ел жиналып, сіздің Үкілі Ыбыраймен айтыс­қаныңызды қалап отыр, ақынмен қағыс­қаны­ңызды қалап отыр, – дедім.

– Жоқ, әкемдей кісімен қағыспаймын. Ақын­дық жолға түскендегі ұстазым, пірім Құдайбергенді жеңген адаммен айтыс­қаным жараспайды.

Сұрасаң менің атым Құдайберген,

Халқыма айтқан сөзім ұнай берген.

Түсіме Қызыр Ілияс кірген шақта,

Қол созып домбыраны сұрай бергем, – деген Құдайбергенді жеңген жуан сіңір ақын ғой, Ыбырай, – деген сонда Иса Байзақов.

Үкілі Ыбырай екпіндете өлең айтқанда дауылдатып, астан-кестен ғып жіберетін. Болат деген байдың үйінде өлең бастап «әу» дегенде, сол үйдегі күлін алып тастаған нан пісіретін пештің қасында ұйықтап жат­қан мысық шошып кетіп, ыстық пешке кіріп кеткені әлі есімде. Ыбырайдың даусы күшті болушы еді.

Есіктен кірген Исаны көріп, Ыбырай: «Кеңес келбіріңкеден, жүйрік бестіден» деу­ші еді, маң­дайы, мұрны, ернінің бітуі ал­дына қарай шауып тұр екен. Мынау на­ғыз өрен жүйрік болар», – деген екен.

Иса айтысудан бас тартып, Үкілі Ыбы­райдың «Гәкку» әнінің әуенімен қырық ауыз арнау поэмасын сол арада шығарып, көпшілікті тәнті еткен».

* * *

Қуғын-сүргін. Ақталу

Ыбырай Сандыбайұлы кеңес заманында қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыздан-жазықсыз халық жауы атанады. «Басқа пә­ле – тілден» демекші, қазақта жер дауы, жесір дауы деген бол­ған ғой. Ша­бындық жер үшін Молдахмет Кү­дер­бе­ковпен сөзге келген Ыбырайдың соңы­нан сыныққа сыл­тау іздеген аңдушылар кө­бе­йеді. Ол аз­дай, Кәден деген кісінің ке­ліншегі сүймей қосылған соң күйеуін мен­сінбей, Ыбы­рай­дың туған інісі Шалғын­баймен көңіл қоса­ды. Бұл іске де Ыбы­райдың көп көмегі тиеді.

Мінекей, осыдан бастап ОГПУ әнші-ком­по­зитор Үкілі Ыбырайды қудалай бастайды. Сөйтіп, өкпеге қиса да, өлімге қи­майтын ағайын ел еркесі, арқалы айтыс ақыны Ыбырай Сандыбайұлы­ның 70-тен асқан шағында көп мұңлықтың бірі бо­лып ақ түрменің торынан телміруіне себепкер болады.

1959 жылы Жоғарғы Кеңестің депутаты, Ха­лық жазушысы Сәбит Мұқанов сол кездегі Қа­зақстан Орталық комитетінің хат­шысы Жанділдин жолдасқа Ыбырай Сандыбайұлының ақталуы жөнінде жазған хатында: «Атағы кең тараған қазақтың ақыны әрі сазгері Ыбырай Сандыбайұлы 1929 жылы «істі болып» кулак есебінде сотталып, ұзамай өлген. Ол тамаша өлең­дерімен көпшілікті думанға бөлеуші еді. Ыбырай қазақ мәдениетіне өз үлесін қос­ты, оның бір ғана «Гәкку» әні «Қыз Жібек» операсының арқауы болып, Күләштің есі­мін әлемге паш еткені баршамызға белгілі. На­қақ­тан жала жабылып, қуғын-сүргін құр­баны болған халық ақыны Ыбырай Сан­ды­баевтың ақталуын шындық талап етеді. Осымен қоса, мен Ыбырайдың 1924 жылы түскен суретін тапсырамын», – деген екен Сәбең.

Осы хаттан кейін Орталық комитет Ыбы­рай ісін қайта қарауды тапсырады. 1959 жылдың 22 желтоқсанында Үкілі Ыбы­рай ақталады.

Халқымыздың ұлттық өнеріне үлес қо­сып, «Гәкку», «Сүйгенім кетіп барады қа­сы­ма еріп», «Қаракөз», «Қарақат көз», «Жиыр­ма бес», «Жай­ма­қоңыр», «Қара тор­ғай», «Шалқыма», «Қал­дыр­ған», «Ал­ты­басар», «Аңшының әні», «Қызыл асық», «Сұлу Көкше» сынды әндерімен есімі ел іш­інде жатталған қайталанбас дара тұлға, табиғи дарын иесі осылайша жарық дү­ниемен қош­та­сады. Шындық үшін шырыл­даған ғазиз жан әді­летсіздік пен саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болады.

Осы орайда өмірінің қырық жылын халқы­мыздың әйгілі әншісі , айтулы ақыны Ыбырай Сан­дыбайұлының өмірі мен шы­ғармашылығын зерт­теуге арнаған қы­зыл­жарлық журналист Сәр­кен Аяпбер­генұлы Құл­мағамбеттің еңбегін ерекше атау абзал.

Киелі өнерімен аты аңызға айналған Үкілі Ыбырай сынды тұлғаның уақыт өткен сайын ха­лық қазынасына қосқан әндері ке­лер ұрпаққа баға жетпес мұра екені сөзсіз.


Алтын ИМАНБАЕВА, «Алаш айнасы».

Пікірлер