Жанғали Жүзбаев, Мәдениет қайраткері: Өнерде жолың болуы үшін,біреудің еркесі болуың керек

2315
Adyrna.kz Telegram

- Алматыға күнде келе бер­мейтін қонақтардың бірісіз. Мұн­да қандай шаруамен жүрсіз?
- Жоғары оқу орындары оқы­тушыларының біліктілігін көтеру бағдарламасы бойынша білімімді арттырайын деген мақ­сатпен келген едім. Менің осын­да екенімді естіп, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық кон­серваториясының халық музы­ка­сы факультетінің деканы Кә­рима Сахарбаева, профессор Бі­­ләл Ысқақов сынды әріптес­терім құрметтеп шақырып, сту­денттермен кездесу ұйым­дас­тыр­ды. Консерваторияның кон­церт залын беріп, қолдары­нан келгенше барлық жағдайым­ды жасады. Жастардың алдында күйімді тартып, әңгімемді ай­тып, әдемі бір басқосудан көңі­лім марқайып қайтып бара жат­қан жайым бар.
- Көктемде Астанада 50 жас­қа толған құрметіңізге арнап Пре­зиденттiк мәдениет орталығының концерт залында «Қазақтың шерт­пе күйлерi» атты шығар­машылық кеш өткізген едіңіз. Консерваторияда өткен бұл кез­десу сол мерейтойдың жалғасы ма?
- Жоқ, жоғарыдағы кісі­лер­дің мені осы қара шаңырақтың түлегі, шежірелі Созақ, қасиеттi Қаратаудың күйшiлiк мектебiнiң бiрден-бiр мұрагерi, қазақтың шертпе күйін насихаттап, зерт­теп жүрген азамат қой деп ықы­лас танытып, қошемет білдіргені ғой. Ол үшін әрине, үлкен рақ­мет айтамын. Алдын ала керемет жар­нама берілмесе де, жан-жақ­тан тілшілер қаптап, телеарналар түсіруге келмесе де мен үшін қымбат, жөні бөлек жүздесу бол­ды. Өйткені мұнда жалпы тың­даушы емес, күй мен күйшінің қадірін білетін, қос ішек пен тоғыз перненің қасиетін түсіне­тін талғампаз тыңдарман жинал­ды. Қазір ойлап отырсам, Алма­ты­да күй тартпағаныма біраз уа­қыт болған екен. Айта-айта жүретіндей, өте жақсы кеш өт­ті.
- Біздің білуімізше, атала­рың­ыз дәулескер домбырашы болыпты. Тіпті немере ағала­ры­ңыз Қаратау мектебінің не­гі­зін қалаған, шертпе күйдің ше­бері Сүгір Әліұлымен көрші тұр­ған екен. Әкеңіз күйшінің көзін кө­ріп­ті. Сондықтан сізден «күйге де­ген қызығушылық қа­лай оян­ды?» деп сұрау артық сияқты…
- Жалпы, күйге деген қы­зы­ғушылық, құмарлық қаннан, кие­лі топырақтан келеді. Иә, әкем де, оның ағасы Сейітхан да өз заманының танымал күйші­лері. Ілгеріде, біздің бала кезі­міз­де мерекелерде тек қана Сүгірдің күйі орындалатын. Біз соны тыңдап, санамызға сіңіріп, құлағымызға құйып өстік. Менің домбыраға құмарлығым, күйге әуестігім бір бөлек-тін. Абай айтатындай, ғашық болдым.

Күй естісем, соңынан жүгіріп, ұйықтамайтын әдет таптым. Мы­нау Қаратаудың, мынау Шығыс­тың, анау Арқаның күйі екен де­мей, талғамай үйрендім. Сол кез­де-ақ дәстүрлі домбырашы­лар­дың дәурені өтіп бара жат­қанын сезіп, қайтсем де кәсіби білім аламын деп жанталасып оқыдым. Студент шағымда өз қа­тарымда танылып, домбыра­шы­лық атым шықты.

Сүгір Әліұлы, Жаппас Қаламбаевтың ізін басып, Төлеген Момбеков, Атабек Асыл­беков, Генерал Асқаровтардың ұс­таз­дық мектебінен өттім. Қа­зақтың мықты күйшілері Рысбай Ғабдиев, Бақыт Басығараев, Уәли Бекенов, Мағауия Қамзиндермен қатарласып бір сахнада жүрдім. Қамзин ақсақалдың бақытты шәкіртімін. Дегенмен Сүгір мек­те­бінің өкілі ретінде маған күй тарту оңай болған жоқ. Өйткені алдымда Төлеген Момбеков, Ге­не­рал Асқаров, Файзолла Үрмізов сияқты алапат күйшілер тұрды. Мұндай мықтылардан кейін сені ешкім тыңдамайды. Соған қара­мастан, өз өнерімді дәлелдеп, та­лай қиыншылықтармен жаға­ласа жүріп, өз жолымды қалыптас­тыр­дым деп айта аламын. Кәсіби түрде осы өнердің соңына түскені­ме көзді-ашып жұмғанша отыз жылдан асыпты.
- Сізге өнер зерттеушілері, ел ішіндегі көзіқарақты қариялар «Шертпе күйдің шебері Сүгірдің мұрасын көзінің қарашығындай қорғап, сақтап келе жатқан бірден-бір жанашыр азамат» деп баға береді. Сүгір туралы аз-кем әңгіме айтып берсеңіз…
- Мен консерваторияға кел­ген­де Алматы Сүгірдің екі-ақ кү­йін білетін. Бірі -«Бозінген», екін­шісі — «Қаратау шертпесі». Одан кейін «Тоғыз тарау» мен «Қа­ратау шертпесінің» бірнеше нұсқасы бар екенін, «Бес жор­ғаның» бес, «Кертолғаудың» үш тарауы бар екенін тартып көрсет­тім. Көптеген күйлерін қайта жаңғырттым. Кітаптар жаздым. Егемендікті енді ала бергенде Төлеген Тоқбергенов, Таласбек Әсемқұлов, Мақсат Мұхитдинов сынды ағаларымыздың көмегімен Сүгірдің шығармашылығын та­ны­татын тұңғыш күйтабағын шығардым. Бірақ оның өзі көпке дейін даулы болды. Күмәнмен қарап, «Бұл күйлерді Сүгір емес, сен ойыңнан шығарған шығар­сың» дегендер де табылды.
- Не себепті?
- Мұны мен қоғамнан да, адамнан да көрмеймін. Кейде осыны орыстың отарлау саясаты­ның тигізген салқыны ма деп тұжырымдаймын. Өйткені кеңес­тік жүйе күйді қатаң бақылап отыр­ды. Ұлт-азаттық көтерілістер мен оның қолбасшыларын дәріп­тей­тін, халықтың еркіндікті көк­сеген туындыларын тұншықтырып, жойып жіберуге күш салды. Осындай тоталитарлық режим Сүгір күйлерін де айналып өткен жоқ. Басқа күйшілер сияқ­ты Алаш көсемдеріне арналған немесе халық батырларының аты­мен аталған күйлер Сүгірде де көп кездеседі. Мәселен, мұрағат­тан табылған, Ергентай Борсабаев орындаған «Амангелді батыр» деген күйі бар. Өздеріңіз білесіз­дер, Амангелді Иманов орыстың саясатына қарсы шыққан баһадүр. Сүгірдің бұдан бөлек әйгілі Созақ көтерілісіне арнаған туындылары да жеткілікті. Қаратаудың теріскей беті нағыз ұлтшылдардың жері. Беріге дейін насихатталмай, Ар­қа­ның күйшілік мектебі де орыстың жымысқы саясатының зардабын шекті. Себебі ол ала­шордашылардың орталығы еді. Сондықтан кеңестік идеология­ның кесірі күйге де тиіп, бұл өңір­лердің мәдениетін тізгіндеп, шек­теп отырды. Соның ішінде Созақ көтерілісі орыстың көзқарасында қара тізімге ілінетін болса, онда оның өнері де міндетті түрде бірге ілінетіні сөзсіз. Сол себепті, да­лада орындалған күйлер қалада қысымға ұшырап жатты. Тіпті бір кездері «Сүгір күйші емес. Ол ешуақытта күй тартпаған» деген зиялы адамдарды да өз көзімізбен көрдік.
Құдайға шүкір, қазіргі кезде Сү­гір туралы көптеген диссер­та­циялар жазылып, зерттеулер жасалуда. Жас ғалым Раушан Ал­сайытова «Сүгірдің шежірелік баяны» деген тақырыпта диссер­тация қорғап шықты.
- Сүгірдің күйшілігі бүгінгі таңда өз дәрежесінде мойындалды ма?
- Жасыратын несі бар, әлі де Сүгірге ықылас білдіретіндей адам­дар біздің қоғамда аздау. Қа­зақ күйшіден кенде емес. Әріден алсақ, 13- ғасырда Кетбұғы, но­ғай­лы заманына келсек, Асан қай­ғ­ы, одан кейін Махамбеттердің дәуірі бар. Алтайдың, Бөкей орда­сының, Маңғыстаудың күйшілері бір төбе. Осы күйшілердің орта­сында Сүгір ерекше орын алады. Оны Ахмет Жұбанов та мойын­даған. Бірақ әлі күнге Сүгір мұ­раларының тартылуы аз. Мен өз шәкірттеріме үйретуге тырысып жүрмін. Дегенмен шертпе күйдің шеберіне бұл құрмет әлі де жет­кіліксіз. Бір кездері туған жері Созақта Сүгір атындағы музыка мектебі бар еді, сол белгісіз себеп­тен жабылып қалды. Сүгірге еш­қандай ескерткіш орнатылған емес. Қара бура әулиенің қасында кішкентай ғана қорым жатыр. Қаңылтырдан жасаған мүсіні бар. Оған үлкен ескерткіш орнатып, Құрманғазы, Тәттімбет байқау­ла­ры сияқты күйшінің конкурстары дәстүрлі түрде өтуі керек. Сүгірдің күйі ең көп тартылатын жер Жез­қаз­ған облысының, Жаңарқа ау­даны. Өйткені Сүгір жаз жай­лау­ға шыққанда Арқаға дейін барып күй шерткен. Әкесі Әлінің сүйегі Жаңарқада жерленген. Мәселен, Ықылас Дүкенұлына өзі тел өмір сүрген Жамбыл, Қарағанды об­лыс­тарында екі ескерткіш қойыл­ды. Сүгірге де осындай көзқарас қажет.
- «Сүгір күйлерін қызғанып, жұрт алдында тартпай қояды екен» деген әңгімелер бар. Бұған не айтасыз?
- Бұл жайлы үлкен кісілерден түбегейлі сұрадым. Сүгір ешуа­қытта күйін қызғанған адам емес. Той-томалақтарда, күйді түсінетін ағайын-туыстың арасында көп­ші­ліктің көңілін қалдырмаған. Мұхтар Әуезовтің алдында таң атқанға дейін шешіліп күй тарт­қан. Мұхаң «Бір Тәттімбетті тап­тым» деп қуанып кеткен. Рас, арнайы ұстаз болып, шұқшиып отырып, шәкірт тәрбиелеген адам емес екен. Бір тартады, қағып алса, қағып алды, қағып алмаса, домбырашының өз кінәсі. Оның күйлері әртүрлілеу болып кетіп тұратыны сондықтан. Дегенмен түпнұсқасы бір. Бұл қызған­шақ­тыққа байланысты емес, жоғарыда айтып кеткендей, кеңестік жүйе идеологтарының шығарған әңгі­месі. Әйтпесе, ол кісі 1961 жылы техниканың бар уақытында қай­тыс болды. «Сүгір күйлері жет­пе­ді» дегендер сол кезде неге жазып алмапты?! Ахмет Жұбановтың отызыншы жылы шыққан үнтас­пасы бар. Ал алпысыншы жылдар дыбыс жазудың дамыған кезі емес пе? Оның шығармаларын аудан­ның, облыстың, не Алматының радиосы неге жазбаған? Бұл ой­ланатын мәселе.
- Кейбір күйлерінің Төлеген Момбековке телініп кеткенін қалай түсіндіресіз?
- Төлегенді бір кісі жақсы көр­се, мен жақсы көрер едім. Өй­ткені мен оған туыспын, ағайын­мын. Бірақ әркімнің дүниесі, мүл­кі өзіне тиесілі болуы керек. Сүгірдің заманындағы әуен мен оның мақамы бөлек. Ол қобыз бен домбыраны қатар тартқан. Туындылары қобыздай күңіреніп тұрады. Төлегеннің заманына үш қайнаса, сорпасы қосылмайды. Төлегеннің күйлері ойнақы, со­ғыстан кейін туған «Дариға, сол қыз», «Тос мені, тос», «Сен берген ақ жібек орамал» сияқты дәуірлік әндерге ұқсас. Сүгірдің күй­лері­нсіз де Төлегеннің өз мұралары өзіне жетіп жатыр. Әрірек шыққан күйлерді аңғаруымыз керек. Бізге осындай әңгімелерге нүкте қоя­тын, «мынау мынаныкі» деп та­нып, айырып алатын, музыкалық материал ретінде кімге тиесілі екенін қолмен қойғандай анықтап беретін білікті сарапшылар қажет. Бұдан басқа да бір-біріне телініп кеткен күйлер өте көп. Музыкант ретінде төрелегімді айтып отыр­мын. Ел арасында кикілжің ту­дыру маған мақсат емес. Мен күй тартсам болды.
- Кезінде Сүгірдің «Бозінген» күйі кең көлемде талқыланып, авторға тиесілі екендігі дәлелденді. Бірақ неге әлі күнге Қазақ радио­сында бірде Сүгірдің «Бозінгені» болып, келесі жолы Төлеген Мом­бековтің «Бозінгеннің бүлкілі» болып келе жатыр?
- Өз басым осы дау-дамайға қатысқан емеспін. Бірақ білгіңіз келсе, айтып берейін. 20 жасымда Алматыға алғаш келгенде «Бозін­ген» Төлегендікі болады да, ауыл­ға барсам Сүгірдікі болып шыға келетін. Екі ұдай күй кештік. Шындығына келсек, «Бозінгенді» өте сұлу тартқан әрине Төлеген. Бірақ Генерал да одан кем тартқан жоқ. Файзолла да осал емес. Атабек Асылбеков те, менің әкем де, мен де жаман тартпадық. «Бо­зінгеннің бүлкілін тартшы» дейді созақтықтар еркелетіп. Бала ке­зім­де құлағым шалған бір аңызға назар аударайық. Сүгірді әкесі Әлі бір рет сынап оған «құлыны өліп қалған биені иіте аласың ба?» деген екен. Содан бірнеше күн булығып жүріп бір күй шығарады. «Телқоңырды» тартқанда жыл­қының иіп тұрғанын өз көзімен көріп, «не деген құдірет» деп ел таңданыпты. Бұл Тәкен Әлім­құловтың кітабында да жазылған. «Бозінген» де солай. Домбыраның дауысын естіп, ботасы өлген аруа­на алыстан айналып келетін кө­рінеді. Осындай деректерді тиісті азаматтар оқып, ескере бермейді. Дәйекті түрде жұмыс істемейтін сияқты.
Мұндай көзқараспен қазақтың дәстүрлі күй өнерінің тарихына қиянат жасаймыз. Төкеңнің «Ұс­та­зымның күйі» деп тартқанын көрген куәлер бар. Тағы да айтам, сүйек жағынан келгенде Төлегенді қорғаштайтын бірден-бір азамат мен болуым керек. Бір рудың баласымыз. Төкеңнің алдында арым таза, адал болған адаммын. Ұстазының күйін аман алып-қалу үшін өз атынан тартқан уақыттары да болуы мүмкін. Мәселен, Үкілі Ыбырайдың «Гәккуі» Мәскеуде өткен онкүндікте Евгений Бруси­ловскийдікі болып, әлі күнге өз иесіне қайтарылмай келе жатқан жоқ па? Брусиловский ешуақытта «Гәккуді» шығарған адам емес. Менің айтарым осы, өмір бақи осы ұстанымда келе жатырмын, сол пікірімде қаламын.
- Енді өзіңіз туралы сөз қозға­сақ…
- Өмірімнің дерлік шағы Жезқазғанда өтті. Ұстаздарымның шапағаты көп тиді. Бетімнен қақ­қан емес. Өзім де біраз күйші дайындадым.
Кейін әлем артисі, профессор Айман Мұсақожаева Елордаға ша­қырды. Бұл да менің бір жо­лым­ның болғаны. Қазір Астанада ұлттық өнер академиясында дом­быра кафедрасының меңгерушiсi­мін. «Қазақтың шертпе күйлерi», «Шертпе күйдiң төрт мектебi» атты зерттеу еңбектерiм, «Ұстаз­дың педагогикалық репертуары» атты арнаулы орта бiлiм беретiн оқу орындарына арналған әдiс­темелiк нота кiтабым жарыққа шықты. Сүгірмен қатар Қыздар­бек, Сембек, Итаяқ, Бегiмсал, Дәулетбек сынды халық компози­торлары күйлерiнiң орындау­шы­сымын. Сүгірдің, Ықыластың, Жаппастың, Төлегеннің, Генерал­дың біраз күйлерін қайта жаз­дырттым. Бұл туралы зерттеп жүргендер аз. Осы шығармаларды күйші-қобызшы Саян Ақмолда деген інім берген еді. Соларды нотаға түсіріп, сол бойынша шә­кірттерімізді оқытып жатырмыз. Құдайға шүкір, өткен жылы пәтер алдым. Елуге келгеннен кейін өзіме жақын өлке Жезқазғанға барып, бір концерт беремін бе деп ойлап едім. Қазір елдің жағдайы артист көтеретіндей емес, соған бір сәті түспей отыр. Әйтпесе, атақты Кетбұғының еліне барып, бір күй тартып берсем, «Жанғали, сен бөтенсің» деп бір адам айтпас еді.
- Сүгірдің еліне неге бармай­сыз?
- Бармадым емес, бардым-ақ. Үкілі Ыбырайдың «Қалдырған» деген әнінде «Қайдасың Ыбырай демедің» деп айтатыны бар емес пе? Сол айтпақшы, ешкім «қай­дасың Жанғали?» демеді. Бірақ елге өкпелемеймін. Ел басқарып отырған азаматтардың Жанғалиға зәру емес екенін бірден білдім. Қаратау өңірі алыста жүрген мен түгілі, көз алдарында отырған Фай­золла Үрмізовті қадірлеп отырмаған болуы мүмкін. Мына заманда кімге ренжисің? Басшы-қосшылар күйшіні құрметтей ме, шағын бизнесті құрметтей ме? Оларға Үкіметтің талабы сол. Оның үстіне, өзіңнің жағдай ай­тып, кісінің алдына бара алмай­ты­ның тағы бар. «Күйші едім, құр­мет жаса» дей алмайсың. Ал­пыс­қа келгенде іздеп қалар…
- «Ердің жасы — елуге» кел­генде құрмет көретін орныңыз бар емес пе?
- Адам елуге келгенде арттағы өмірді, жастық шақты өзіңше бір талғап, не істедім деп сараптайды екен. Мен осы уақытқа дейін қо­ғамның ерекше бір ілтипатына бөленбеген адаммын. Елуге кел­генде маған «Қыздарбектің күйін тартқан екенсің-ау», болмаса «Сүгiрдiң күйлерiн түпнұсқада шебер орындап, жалғастырдың. Шертпе күй мектебіне сіңірген еңбегің керемет-ау» дегендер бол­ған жоқ. Керісінше «Жанғали кім­нің шікірәсі?» дейтіндер кө­бейіп кетті. Қазіргі заманда өнер­де жолың болуы үшін, әйтеуір бі­реудің еркесі болуың керек. Оған «мынау қай ауылдың баласы еді?» деген әңгімеде қосылады. Сонымен, өмір өтеді екен…
- Алматыда концерт қоймайсыз ба?
- Алматының өз «тусовкасы», өз Жанғалилары бар. Арқада жүрген бізге бәлендей сұраныс жоқ. Сұраныс жоқ жерде қалай күй тартасың? Егер менің орным­да консерватория залындағы кон­цертті шетелден біреу келіп қойсын­шы, бүкіл телеарна асай-мү­сейін алып жетіп келуші еді.
Біз түгілі, біздің алдымыздағы күйшілер қоғамнан керемет қол­дау көріп жүргені шамалы. Менің­ше, қазір Африканың аш-жа­лаңаш­тарына көмектесудің қажеті жоқ. Керісінше, ертең домбыра­шылық үрдісті жалғастыратын жастарға қолдау керек.
Жалпы, өнерпаздар өнерімізді бұлдап отыратын адамдармыз ғой. Кейде мен де өзімді солай бұлдап қалатыным бар. Мені шақырса екен, маған жалынса екен деймін. «Жанғали-ау, міне атың, міне шапаның» деп бағамды берсе екен деп үміттенем. Болмаса, «қолым­нан келетіні осы-ақ қой» деп бір шапан жапса деп дәметіп, ойлап қаламын. Бірақ менің бұлдан­ғаным кімге керек, мен сияқты бұлданатындар толып жатыр.
- Күйшінің мінезі күймен қан­шалықты астасып жатады?
- Мен тартатын күйлердің іш­ін­де көңіл көтеретін бірде-бір күй жоқ. Қайғылы, мұңлы. Мен соны тартып, өмірбақи дәстүрін ұста­нып келе жатсам, менің бойымда қайбір көңілшектік болуы керек. Аздап өкпешілдігіміз бар.
- Машықтануға қанша уақыт бөлесіз?
- Менде арнайы машықтану де­ген жоқ. Қазақ күнде машық­танып күй тартты дейсіз бе? Қазақ домбыраны сағынғанда тартқан. Сол сияқты сағынғанда ғана қо­лы­ма домбыра ұстап тұрамын.


Әңгімелескен Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ, «Айқын».

Пікірлер