Ою-өрнек ойға жетелейді

3474
Adyrna.kz Telegram

Өркениетті Батыс елдерінің кейбір ғалым-зерттеушілері Шығыс халықтарының өнеріндегі ою-өрнек стилінің қалыптасуы хақында көп уақытқа дейін шаблондық ескі үрдісті ұстанып келді. Фзарре, Е.Херцфельд, А.Попе сияқты ғалымдар бұл стильдің қалыптасуына араб жаугершілігінің басты идеологиялық қаруы – Ислам дінінің Құдайдың және адамның суретін салуға тыйым салуы себепкер болды деп түсіндіреді. Бұл тұжырымның қателігі туралы әңгіме бөлек. Кейінгі кездері аталған тұжырымға қарсы пікірлер жиі қозғалып жүр. Қазақ даласына Ислам діні ІХ-ХІІ ғасырлардан таралғанын ескерсек, тарихи шындық пен археологиялық қазба байлықтары қазақ халқының мәдени-эстетикалық бай мұралары ерте замандардан өсіп-өркендегенін көрсетеді. Мысалы, Алтай тауларындағы Пазырық қорғандарынан табылған өте көне кілем мен материалдардың түрлері, Павлодар облысындағы Досыбай жартасындағы бейнелер, Ұлытау, Мұғалжар тауларынан кездесетін өмірге жақын реалистік суреттер, Алматы маңынан табылған «Алтын адам» да – соның айғағы. Ал қазақтың қол өнері – «алтын кемер белге сән, асыл жиһаз елге сән» деген халық даналығын әрдайым адам баласына паш етіп келе жатқан өнегелі өнер, телегей-теңіз бай қазына.

Қазақстан аумағындағы этногенетикалық үрдіс біздің жыл санауымызға дейінгі 2 мың жылдан басталады дейді ғалымдар. Осы кезеңнен бастап әлеуметтік мәдени топ – қазақ этносы қалыптаса бастаған. ХVІ-ХХ ғасырларда көшпелі қазақтың бірлік санасы, әлеуметтік қоғамдық тұрмысы көп өзгерістерге ұшыраған жоқ. Мысалы, атақты орыс ғалымы, академик В.В.Радлов: «…қазіргі кезде тілдік және әлеуметтік-саяси қатынастарда қазақтардың бөлінбейтін, мықты бір бүтінге тоғысқаны соншалық, біз оларды ерекше халық ретінде атауға құқымыз бар, өйткені оларға ұлттық ынтымақтастық пен өзара берік дәнекерлік сезімі тән, – дей келіп, одан әрі ол осы сөзін дәлелдей түседі: – барлық жерде олардың дәстүрінде, әдет-ғұрыптарында, тұрмысында, мінез-құлықтарында өзінше біртектілік көзге түседі және осы ерекшеліктердің барлығының қазақ халқына ғана қатыстылығын сезінген кезде оларды басқа түркі халықтарынан бөлек екендігін мойындайсың…» Батыста этникалық сипатты мемлекеттік саясат басып отырды, ал Шығыста оны конфессионалды сипат ауыстырды, көшпенділердің құндылық бағдар жүйесінде шаруашылық мәдени ерекшелік басым болғандығын білеміз. Әрине, этностың қалыптасуында көшпелі мәдениеттің әлеуметтік шаруашылық мәдениетімен үндесу, экологиялық үрдістің әсері үлкен болды. Мысалы, ибн-Батута Дешті Қыпшақ көшпелілері жөнінде былай дейді: «Дешті… түркі тілінде «дала» деген мағынаны білдіреді. Дала бұл көк-жасыл, гүлге оранған, ол жерде не ағаш, не тау, не қырат, не төмпешік те жоқ… Далада жүретін бірден-бір көлігі – арба, осы арбамен жүретін жері алты айға дейін созылады…»
Қазақтың көшпелі тұрмысында кездесетін басқа халықта жоқ ерекшеліктерді кейбір ғалымдар өзінің ғылыми-зерттеу еңбегінде «тұрмыста қазақтар өзіне тән көркемдік талғам, түсініктерін» қалыптастырғандығын айта келіп, «қазақтан басқа қай халық асқан сұлу аруларының жүрісін құнан қойға теңейді екен?!» деген таңғалыстарын жасырмайды:
Ақ маңдайы жарқылдап,
Танадай көзі жалтырап,
Алтын кебіс сыртылдап,
Жүйрік аттай ойқастап,
Құнан қойдай бой тастап,
Қалмайын деп ұялып,
Жан-жағына байқастап,
Кер маралдай керіліп,
Сары майдай еріліп,
Тәңірі берген екі аяқ,
Бір басарға ерігіп,
Үйден шықты Қыз Жібек.
Қазақтар өздерінің аңыздары мен ырымдарын керемет тазалықпен сақтай білген. Одан да таңғажайыбы, даланың барлық дерлік әртүрлі шеткі аймақтарында өлең-қиссалары бір қолжазбадан қайталанғандай әріпке әріп сәйкес келеді. Көшпелілердің ауыз әдебиетінің осындай адам сенбейтін дәлдігіне шүбә келтіруге болмайды.
Ғасырлар бойы сахараны шарлаған көшпенді қазақ халқы ұрпағына асыл мұра – жыр мұрасын мирас етті. Жыршы халық, ақын халық есте жоқ ескі замандардан бастап дарыған ақындық даналығын қапысыз жұмсап, өзінің рухын ұмытылмас эпостық дастандарында, сан алуан түрлі жырларында бейнелейді. Мақал-мәтелдердің молдығы, олардың тамаша поэтикалық формасы, шебер түрде берілген терең, тіпті философиялық мән-мағынасы – осындай тамаша үздік шығарма тудырған қазақ халқының өзінің де асқан ақындық дарынының, оның сарқылмас даналығының анық айғағы. Осы тұста Гераклиттің «Жасырын, тылсым рауаждылық анық, ашық, шүбәсіз гармониядан әлдеқайда артық» деген сөзі еске түседі.

Қазақ мәдениеті әлеміндегі дәстүрлі бейне бірлігі жөнінде айтқан кезде қазақтың өзіндік дүниетанымдық көзқарасын айтқанымыз жөн. Бұрынғы ғасырдағы орыс зерттеушілерінің қазақ өміріндегі өзіндік ерекшеліктерге мән беріп, оған таңғалғандығы бекер емес. Олардың айтуынша, қазақ аузынан бір-ақ сөз естуге болады: «ағаш қана бір орында тұрады және өз айналасымен ғана қоректенеді, сондықтан да ол ағаш; еркін құс өзіне қай жерді ұнатса, сол жаққа ұшады». Бұл қазақ психологиясын, оның берік қалыптасқан өзіндік дүниетанымынан хабар береді. Негізінде, бейнелік бірлікте бүкіл дүние осыған бағынады.

Оған мысал үшін адамның өзін, тұрағын және фольклорында сақталған дүниетанымдық түсінігін алып қарайық. Адам денесі қазақ түсінігінде бас, кеуде және аяқ болып бөлінеді. Сондықтан қазақ киімінде бас киім, кеуде киімі және аяқ киімі басты орында тұрады. Ол – көне сақ дәуірінен келе жатқан қағида. Алтын адамның денесінің осы бөлігіндегі киімдеріне аса мән берілген. Оның бас киімінің түзілімдік ерекшелігі мен бейнеленген жан-жануарлар дүниесі жоғарғы дүниені білдіреді. Келесі мысалға өтейік. Қазақтың дәстүрлі тұрағы – көшпелі өмірге әбден бейімделген киіз үй болып табылады. Киіз үй – халқымыздың бүкіл рухани және материалдық дүниесімен байланысты бірден-бір әлемдік дүние. Қазақ өмірінде киіз үйді еш нәрсе ажырата алмайды. Бәрін кезегімен бастап айтатын болсақ, киіз вертикальды үш құрамдас бөлімнен тұрады. Оның сүйегі – кереге, уық, шаңырақ. Жабыны – туырлық, үзік, түндік. Киіз үйдің іші көркемделген уақытта осы дүниелер өзінің бұзылмас ретімен көркемделеді. Бір айта кететін жағдай, көшпелі қазақтың кеңістік жөніндегі дүниетанымын барлаған уақытта көлбеу ажыратуларға да көңіл бөлгеніміз жөн. Олар – төр, есік, босаға; жоғары, төмен, оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс бағдарларымен байланысты дүниелер. Бұл жөнінде бұған дейінгі бірқатар зерттеулерде жақсы айтылғандықтан оған әдейі тоқталғанды жөн көрмей отырмыз. Біздің айтатынымыз, көшпелі өмір салтында бейнелік жүйе біртұтас бірлікке бұлтармастай бағынған. Осы екі мысалды фольклормен қорытатын болсақ, ол – Ер Төстік әлеміндегі аспан, жер және жер асты дүниесі. Ұйымдасқан бірлік осы жерде де көрінеді. Мұның бәрінен шығатын қорытынды – көшпелілердің құндылық түсініктері отырықшы халықтарға сай емес. Сондықтан қазақтың көркем өнеріндегі құндылық түсініктері мен көркем-эстетикалық шешімдерді еуропалық өнерден көре алмаймыз. Сол секілді еуропалық көзқарас және осы стереотиптің негізінде қазақ өнерін бағалау мүмкін емес. Осының өзі көшпелі мәдениет пен көшпелі өмір салтының этникалық сипатын анықтайды.

Өмір салтының өзі өзіндік этникалық топтың қалыптасуына жағдай жасайды екен. Ғұн, үйсін және басқа да көшпелі күллі түркі халқының бастауында тұрған оғыздардың ең көне деп есептелетін мифтік аңыздардың бірінде Оғыз-Қаған «Отырықшы болмаңдар, ешқандай мұқтаждық көрмей, жаз жайлауда, қыс қыстауда өзен жағалап көшіп жүріңдер», – делінеді екен. В.П.Юдин Оғыз-Қағанға телінетін көшпелілердің дүниетанымы жинақталған осы идеяның маңыздылығын айта келіп, «қоғамдық өмірдің нормалары мен принциптерін құрайтын заңдылық көптеген ғасырлар бойына Еуразияның бүкіл түркілеріне идеологиялық канонға айналды» дейді.

Жалпы алғанда, этнос мәдениетінің қаншалықты жоғары екендігі сол қоғамдағы мәдени құндылықтардың жоғарылығымен анықталады. Соған орай айтатын болсақ, сол мәдениетті жасап шығару, дамыту, сақтау сол қоғамның әлеуметтік-мәдени ұйымына байланысты. Ол қажеттіліктерден туындайды. Бір гармонияға біріккен бірліктегі қоғамдық ұйым оны бірден-бір сақтаушы болып табылады.
Енді дәстүрлі өнердің көркем-эстетикалық мүмкіндіктеріне бойлайық. Біртұтас қоғамдық өмір салты өнердің синкретті сипатын аша түсті. Музыкалық әуен, ақындық шығармашылық, сәулеттік және қолөнер шығармашылығы – бәрі бір-бірімен өте тығыз байланыста болды. Ол, әсіресе, халықтық мерекелерде одан әрі ашыла түсті. Басқаларға сөз бере отырып, мысал келтірейік: «Өрнек затпен, оның формасымен, пластикасымен және әсемдігімен тығыз, біртұтас байланыста шешіледі. Бұл, әсіресе, халықтың киген киімінен жақсы көрінеді. Бай, сән-салтанатты барқыт шапандар мен әйелдердің сыртқы киімдердегі алтын жіппен тігіліп, көмкерілген бедерлі өрнектер үлкен талғаммен таңдап алынған дәстүрлі материалдың өзі мен күміс әшекейлі қапсырма арасындағы дәнекер буын болып табылады. Ел билеген бұрынғы танымал ақсүйектердің заттарында күміс және алтын жіптермен өрнектелген бұйымдар басым. Мәденнің ауыр жарқылы барқыт, атлас, басқа да сәнді материалдар үстінде үйлесімді көрінеді. Қазақ өміріне және өнеріне тән осы бір ерекшеліктер жөнінде ХХ ғасырдың басынан бері қазақ жазушылары аз жазған жоқ. Орыс зерттеушілерінің Мәскеуден шыққан еңбектерінде осы бір асқан үйлесімді бірлікті терең талдап отырған жоқ па? Мұның өзі Қазақ мәдениет әліміндегі дәстүрлі бейне бірлігін, яғни табиғи гармонияны көрсетеді. Біздің зерттеуімізде көркем дүниетанымдық түсініктің негізінде қалыптасқан үлгінің құрылымы мен оны құраушы бөлімдерінің өзара қарым-қатынасы және оның атқарар қызметі сөз болады. Дәстүрлі бейне бірлігін қамтамасыз ететін дүниетанымдық үлгі – бір-бірімен тұрақты ықпалдасатын, құрылымы өзара байланысты ішкі элементтерден тұратын күрделі тұтастық ретіндегі жүйе. Оны болмыс динамикасынан бөліп алып, синхрондық аспект тұрғысынан қарастырған уақытта әлем үлгісінің осы қасиеттері айқын көрінеді. Бұл дәстүрлі бейне үлгісін талдау барысындағы бірінші көрінісі болса, оның екінші көрінісі – тарихи динамикадағы сыртқы ортамен өзара қарым-қатынасында байқалатын көріну сипаты, яғни басқа да әлем үлгілерімен байланысы және әлеуметтік жүйе мен қоршаған ортаның ішкі жүйесі ретіндегі көрініс. Бұл – диахрондық аспект. Қазақ этносының өзіне ғана тән дәстүрлі бейнесі адам болмысының әртүрлі көріну формаларын өз бойында синтездейтін таңбалық концептуалдық жүйелері космогониялық және генеологиялық кешендер арқылы қарастырылады. Біріншісі – заттық және дүниетанымдық тәсілдерге (сәулет өнері, қол өнері, ою-өрнек секілді дәстүрлі бейне жүйесі мен тілі, дүниетанымы, философиялық жүйесі) бағынса, екіншісі генеологиялық кешендер біз айтып өткен вертикальді жүйе бойынша әлеуметтік иерархиялық принциптерге бағынады.

Айбар СЕЙТИМОВ,
М.Өтемісов атындағы
Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Көркем қолданбалы
өнер және кәсіби білім кафедрасының меңгерушісі, философия
ғылымдарының кандидаты,

«Ана тілі».

 

Пікірлер