Үлгілі мультитуынды

4896
Adyrna.kz Telegram

Кино түсіруден қарағанда анимациялық фильм жасаудың қандай қиын екендігін айтпасақ та жақсы білеміз. 1 секундта 24 суретті сызуды ескерсек, кішігірім 10 минуттық мультфильм жасауда 14400 сурет салынады. Әрі техника қарыштап дамыған заманда қазақтың анимация саласына да жаңашылдық қажет. Мультфильм–бала тәрбиесінің негізгі құралы. Ал қазіргі мултьфильмдер қазақ анимациясының бастауы болған Ә.Қайдаровтың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты мултьфильмінің деңгейіне жете ала ма екен?! Ә.Қайдаровтың қазақ мультипликациясын жандандырған кезеңі–анимацияның «алтын дәуірі». Ә.Қайдаровтың қазақ халық ертегісі желісі бойынша түсірген «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультипликациондық фильмі Ленинград қаласында өткен бүкілодақтық кинофестивальда(1968ж.)  және Нью-Йорк қаласында өткен халықаралық мультипликациондық фильмдер фестивальында(1975ж.) жүлдеге ие болған. Ә.Қайдаров бар ғұмырын анимация саласының дамуына арнады, «Ақсақ Құлан»(1968ж.), «40 өтірік», «Қожа Насыр–құрылысшы»(1971ж.), «Құйыршық»(1969ж.), «Күн сәулесінен пайда болған көжек»(1975ж.) сынды т.б. мультипликациондық туындыларды дүниеге әкелді. Тіпті көршілес мемлекеттердің режиссерлеріне мультфильмдер түсіруге көмектесіп, отандық мультфильмдер түсіруге шәкірттер тәрбиелейді.

Мультфильмдегі қазақ аулының тұрмыс-тіршілігі, Алатаудың әсем табиғаты, өсімдігі мен жан-жануары көркем бейнеленген. Ал балалардың көңілінен шыққан тұсы, әрине, айдаһардың қызметшілерінің кескін-келбеті, маса, қу түлкінің бейнесі. Әр кейіпкердің образы, мінез-құлқы, түр-сипаты бүлдіршіндерге қызық, мультфильм әлі күнге дейін өз көрерменін жоғалтқан емес. Мультфильмнен қазақ тіршілігінің, қазақ мәдениетінің иісі аңқиды, барлығы дерлік ұлттық нақышта безендіріліп жасалған. Кимешек киген ана, бесіктегі сәби, бұрқылдап қайнап жатқан қазан-ошақ, киіз үй–бәрі-бәрі қазақтың өмір-салтымен астасып жатыр. Қазақтың «қошқармүйіз», «гүл», «сынық мүйіз» оюлары айдаһардың сарайының есігінде, төселген кілемдерде өрнектелген. Ауыл сыртындағы бейіт құрылысы мен сипаты қазақтардың ислам дінін ұстайтындарын көрсетеді. Құлақтың құрышын қандыратын күй  денеңді шымырлатып, оқиғаның шарықтау шегімен үйлесіп, көрерменді ынтықтыра түсіп, мультфильмді тартымды етеді, Н.Тілендиевтің «Аққу» күйін қайта-қайта тыңдағың келіп, еліктіре түседі. Қазіргі заманда шетелдік режиссерлер мультфильм түсіруде музыкалық сүйемелдеу арқылы көркемдеуге айрықша мән береді. Айдаһар сырқаттанып жатқанда, домбыра, даңғыра, сырнай секілді ұлттық аспаптарда қызметшілер әуен орындап, тышқандар мың бұрала билеп, айдаһардың көңілін аулап, өнер көрсетеді. Оның барлығы да қазақ музыка өнеріне тән. Мультфильм мәтіні қазақтың жыр айту стильіне ұқсас, 7-8 буынды түрде жазылған өлең жолдарымен баяндалады. Сөзі–мән-мағыналы, ойы–терең, ұйқасты, оралымды баяндау мәтінін бала ғана емес кез-келген жанның ұйып тыңдайтыны анық. Мультильмнің ең ерекше сәті–оқиғаның жеңіспен, бақытты да баянды болып аяқталуы, бәрібір ақыр соңында жақсылықтың жеңіп шығуы. Көптеген мультиктердің бүлдіршіндерге берер насихаты, астарлы ойы жетіспей жатады, шетелдік мультиктердің дені аяусыздықты, қатыгездікті, жаман мінез-құлықты қалыптастырады, осының салдарынан жас балалар дереу ашуланып, аумалы-төкпелі мінез шығаратын болды, мультфильмнен көргенін шын өмірде қайталайды. Ал Әмен Қайдаровтың туындысы мейірімділік пен жақсылықты тәрбиелеумен қатар, жамандықпен күресуді үйретеді.

Жарты ғасыр уақыт өтсе  де, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмі талай бүлдіршінді тәрбиелеп, ұлттық құндылығымызды сусындап келеді. Анимация саласындағы алғашы туынды болғанменен, ұлттық нақышта түсірілген анимацияның сапалы өнімі. Қазіргі жасалынып жатқан мультиктер осы туындыдай тарихымыз бен мәдениетімізден сыр шертетін мультик болса екен деймін. Анимация саласына жоғары мөлшерде қаражат бөлініп, сапалы мультфильмдердің жарыққа шығатын кезі келген жоқ па? Кей мультиктердегі кейіпкерлердің кескін-келбетін, жүрісі мен қимыл-қозғалыстарын көрсеңіз, бала емес өзіңіз зерігіп кетесіз, ұйқыңды келтіріп, жалықтырып жібереді, осыдан соң ондай мультфильмді қалай көрмекшісіз? Не сапасы сын көтермейді... Ә. Қайдаров осы мультитуындыны жасауды құпия ұстап, сол кездегі «Қазақфильм» киностудиясының басшысы К.Смайыловтан көмек алады. Әрине, бұл  шақта Ресейдің бодандығында болдық, анимацияға қарайтын шама болмады, өзімізше мультфильм жасайтындай еркіндік қайда? Ал қазір ше? Не себептен анимация саласының жағдайы тым нашар? Кино индустриясы ақырындап дамып келеді, ендігі анимацияға көңіл бөлетін сәт те жеткен шығар. Қазақ режиссерлері Ә.Қайдаров бастаған жолмен жүріп, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультипликациондық фильмін үлгі тұтып, қазіргі заманға сай сапалы да қызықты туындылар жасаса деймін. «Disney» компаниясы, «Wizart Animation» сынды шетелдік студиялардың деңгейіне, әрине жетуіміз қиын, бірақ өзіміздің төл өнеріміз бен мәдениетімізбен басып озамыз дегенге сенімдімін.

Қазақ анимациясының тарихында Ә.Қайдаровтың есімі алтын әріптермен жазылып, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмі баршамыз үшін үлгілі туынды болып, еш уақытта да өз орнын жоғалтпайды.

Айсұлу Съезхан,

Абай атындағы орта мектеп-гимназиясының

11-сынып оқушысы,

Қаскелең қаласы,

Алматы облысы.

Пікірлер