Руза Бейсенбайтегі: Мен аштық жариялаймын!

4373
Adyrna.kz Telegram
Бүгін редакциямызға мемлекеттік тілдің, қазақ тілінің шын жанашыры, күрескер Руза Бейсенбайтегі хабарласып, Болат Бакауов мырза әкімдік қылатын Павлодар облысындағы полиция қызметкерлерінің әсіресілтеушілік әрекеттері мен өзінің азаматтық құқығының өрескел бұзылуы туралы айтып берді.

Павлодар облыстық полиция департаментінің ғимаратында отырған Руза Бейсенбайтегі керек болса, аштық жариялайтынын айтты. Біз мәселенің мән-жайын Руза Бейсенбайтегінің өз аузынан егжей-тегжейлі сұрап білдік.

Руза Бейсенбайтегі:

- Мен Астанадағы тіл форумынан пойызбен келдім. Теміржол вокзалының маңында көршілес орналасқан автобекет бар. Сол автобекеттің дауыстық хабарландырулары тек қана орыс тілінде айтылып жатты. Мен әлгі автобекеттің үстінен өздерінің басшыларына да талай рет бейне жазбалар арқылы арыз-шағымдарымды жеткізгенмін.

Сол шағымдардың нәтижесінде облыстық Тілдер басқармасы автобекетке әлгі хабарландыруларды екі тілде, яғни мемлекеттік қазақ тілінде және орыс тілінде таратуды міндеттеген. Алайда ол еш қадағаланған жоқ. Осы жолы да тек орыс тілінде хабарлап тұрды. Мен автобекеттің қасындағы теміржол вокзалының басшысына барып, одан да сұрадым. Ол кісі: "Мен осы жерде 3 айдан бері жұмыс жасап келемін. Хабарламалар тек орыс тілінде жүргізіледі" деп айтты. 

Сосын мен автобекеттің диспечеріне барып жолықтым. Мән-жайды сұрадым. Ол менің ар-намысыма тиіп сөйледі. "Я ее знаю. Она провоцирует. Она везде требует казахский язык" деп күзетшіні шақырды. Күзетші мені вокзалдан шығарып тастады. Мен дереу полиция шақырдым. Полиция келіп, екі тарапты да полиция учаскесіне алып кетпекші болды. Бірақ, олар жұмыс барысын сылтауратып, учаскеге бармады.

Мен учаскегі келдім. Машина тоқтаған жерде, яғни полиция ғимаратының қасында екі есік тұрды. Бірі полиция учаскесінің есігі, екіншісі әкімшілікке қарасты "Жасөспірімдер клубы..." деп аталатын мекеменің есігі. Нақты атауын білмеймін. Сол есікте А4 форматындағы екі хабарландыру ілініп тұрды. Ол тек Ресей Федерациясының тілінде жазылған екен. Содан екеуін де жұлып алып, полицияға келдім. Полицияның есігінің сыртында учаскелік полиция қызметкерлерінің контактілері тек қана орыс тілінде жазылып тұрды.

Мен оны да жұлып алдым. Өйткені, мен 10 жылдан астам уақыт бойы әкімшілікке, полицияға т.б. мекемелерге хат жазып, барлық қызмет түрлерін, соның ішінде жазбаша да, әуелі мемлекеттік тілде, яғни қазақ тілінде, содан кейін ғана көрші мемлекеттің тілінде, яғни орыс тілінде хабарлауын талап етіп келемін. Сол хаттардың көлемі қазір 7 киллограмнан асты.

Бірақ, олар Болат Бакауов бастаған өңірде мемлекеттік тілге табанды қарсылық көрсетіп отыр. Осы организациялардың барлығы Бакауовқа бағынады. Мен осыдан бірнеше жыл бұрын "Қазақ тілінен тарт қолыңды, Бакауов" деп те тұрдым ғой. Бұл бірінші рет болып отырған жоқ. Қазір жұлып алғаннан басқа амалым да қалған жоқ. Мен жұлып аламын, олар сонда барып екі тілде іліп қояды.

Мен бас учаскелік полиция қызметкерін шақырдым. Ешмұхамбетов дейтін кісі. Оған болған жайды түгел айттым.

Әлші Ешмұхамбетов әуелде маған дөңайбат көрсетіп, "неге жұлып алдыңыз? Жұлып алатын құқыңыз жоқ" деді. Сонда олардың заңды белшеден бұзып, тек орысша ғана іліп қоюға құқықтары бар екен де, менің жұлып алуға құқым жоқ екен. "Ендеше сотқа беріңдер. Сонда нағыз масқара боласыңдар" дедім.

Полиция әлгі хабарламаны "маған беріңіз. Біз қазақшаға аударайық" деді. Мен алдымен фотоға түсіріп алып, сосын ғана беретінімді айтып, қағаздарды сөмкемнен шығара бергенімде, полиция Ешмұхамбетов қағазды алайын деп жұлқылай бастады. Мен қайтадан сөмкеме салып алдым. Сонда ол маған: "не сіз бересіз, не осы кабинеттен шықпайсыз" деді. Өкінішке орай, ол сөздердің видеосы менде жоқ. Мен вокзалға келгенде менің телефонысмның қуаты таусылып қалды. Кейін оны қуаттауға қойдым.

Ұзын-сөздің қысқасы былай, мені кабинеттен шығармайтын болса, деп шошып, телефоныма қарай бардым. Полиция сол кезде менің сөмкеннен әлгі қағаздарды алып үлгерді де, басқа кабинетке алып кетті. Мен телефонымның видеосын дереу қосып, артынан жүгірдім. Қағаздарды қайтаруды талап еттім. Ол видео бар. Сақталған.

Айтпақшы, полиция басшылары КСК-ны шақырды. Менің үстімнен арыз жазасыз ба деп сұрады. Сосын менің көзімше, "вы по казахский понимаете" деді. Ол "нет, не понимаю" деп жауап берді.  Менің ойымша мұны әдейі ұйымдастырып отыр. Мені тұқыртып алмақшы болған әрекет деп есептеймін. Егер сол жерде қазақша да ақпарат жазылған болса, мен оны жұлып алмас едім. 

Мен қазір оларға аштық жариялайтынымды айттым. Анау полиция қызметкері менің сөмкемнен алған қағаздарымды қайтарсын дедім. Мен оны қылмыс деп есептеймін. Ал менің жұлып алғаным - көрнекі ақпарат. Ол міндетті түрде мемлекеттік тілде болуы керек. 

Содан ол жерге басшыларын да шақырғанбыз. Олар да келді. Бірақ, полицияға жақтасып отыр. "Ол қылмыскер емес. Ол сөмкеңізден ештеңе алған жоқ" деді. Қалалық полиция басқармасының бастығы солай деп тұр. 

Меніңше, бұл қылмысты жасыру. Ол да қылмыс. Мен аштық жариялаймын деп шештім. Маған қағаздарды бермейінше, полиция қылмысын мойындамайынша, яғни менің сөмкемнен қағаздарды заңсыз алғанын мойындамағанша, мен бұл жерден кетпеймін деп шештім.  Мен өтірік айтатын адам емеспін. Қылмысын мойындасын, Қағазымды қайтарсын. Менен кешірім сұрамай-ақ, қойсын.

Айта кетейік, белгілі тіл жанашыры Руза Бейсенбайтегі Астанада өткен Тіл форумына қатысып қайтқан еді. Жоғарыдағы жайт сол жолда орын алыпты.

Болат Бакауов мырза басқаратын Павлодар облысындағы тіл проблемасы бұған дейін де талай рет айтылды, жазылды. Тіпті, дәл осы Руза Бейсенбайтегі облыс басшысын мемлекеттік тілге қамқорлық көрсетпегені үшін сотқа беретінін де айтқан. Ол кезде "ләм-мим" деген жан болмады. Енді міне, айналып тағы тіл проблемасы сөз болуда.

Жоғарыдағы жайтқа қатысты Руза Бейсенбайтегі бізге осыны айтты. Батыр қыздың жанайқайына облыс басшысы Бакауов пен полиция басшылары не дер екен? Олар басқарған аймақта қарапайым хабарландыру неге мемлекеттік тілде жазылмайды?

Біз мұны мемлекетті құрушы ұлттың тілін, мемлекеттік тілді мойындамау деп түсіндік. Осыған Болат мырза Бакауов немесе Бакауовқа бағынышты жауапты мекеме басшылары жауап беруі тиіс!

Қосымша: Abai.kz ақпараттық порталы еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір алмастыруға әркім құқылы. Алдағы уақытта мақалада есім-сойлары аталған жекелеген азаматтар редакциямызға жауап беруге ниетті болса, олардың да пікірін беруге әзірміз. 

Abai.kz

Пікірлер