Тоқаев өзінің күйеу баласын Қазақстанның Болгариядағы елшісі етіп тағайындады

4414
Adyrna.kz Telegram

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің күйеу баласы Теміртай Ізбастинді Қазақстанның Болгариядағы елшісі етіп тағайындады.

"Мемлекет басшысының жарлығымен Теміртай Рымтайұлы Ізбастин Қазақстанның Болгариядағы төтенше және өкілетті елшісі қызметіне тағайындалды" делінген жұма, 1 қарашада жарияланған Ақорда хабарламасында.

Ашық дереккөздеріндегі мәліметке сәйкес, 61 жастағы Теміртай Ізбастин - Қасым-Жомарт Тоқаевтың қарындасы Қарлыға Ізбастинаның күйеуі. Ол 2009 жылы Қазақстанның Болгариядағы дипломатиялық өкілдігінің жетекшісі болып тағайындалған. Дипломатия саласында 1994 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Қазақстандық БАҚ 2013 жылы Тоқаевтың ұлы Тимур және Ізбастиннің ұлы Мұхамед Атырау облысында шикізат игерумен айналысатын "Аби Петролеум Кэпитал" мұнай компаниясының құрылтайшылары екенін жазған.

Жұма, 31 қазанда Қазақстанның өзге елдердегі елшілерінің де ауысқаны белгілі болды. Қазақстанның Қытайдағы жаңа елшісі болып Ғабит Қойшыбаев болып тағайындалды. Ол 2015 жылдан бері осы қызметті атқарған, қазан айында сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары болған Шахрат Нұрышевтің орнын басқан. Қойшыбаев бұған дейін президент әкімшілігінің сыртқы саясат және халықаралық байланыс бөлімі жетекшісінің орынбасары болған.

47 жастағы Қойшыбаев әр жылдары Қазақстанның Қытайдағы елшілігінде түрлі қызмет атқарған. Елде наразылық өршіген тұста Қазақстанның Қытайдағы елшісі ауысып отыр. Қыркүйек айында Қазақстанның бірнеше қаласында "Қытай экспансиясына" қарсы митингілер өтті. Наразылар Қытаймен қарым-қатынасты шектеуді, Қытай зауыттарын жабуды талап етті. Олар бұған қоса, Пекиннің Шыңжаңда аз ұлттарға жасап отырған қысымын айыптап, этникалық қазақтардың "қайта саяси тәрбиелеу лагерьлеріне" қамалуын сынады.

2018 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Шыңжаңда миллионға жуық этникалық ұйғыр мен өзге де түркітілді ұлт өкілдерін Қытайдың солтүстік-батысындағы "саяси тәрбие лагерьлерінде" ұстап отырғаны туралы мәлімдеген. Бастапқыда мұндай ақпаратты терістеген Пекин кейін оны "экстремизмге қарсы шара" деп түсіндірген және саяси лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын" орталықтар деп атаған. Ал қамауда болған тұтқындар бұл орындардың түрмеге ұқсайтынын, онда азаптау мен қысым барын айтады.

Ақорданың хабарлауынша, Қазақстанның Латвиядағы елшісі болып Тимур Пірімбетов тағайындалған. Ол Виктор Темірбаевтың орнын басқан.

"Азаттық" радиосы

Пікірлер